Мәдениет

Еңбек өтілі төрт ғасырға жуық әулет

Еңбек өтілі төрт ғасырға жуық әулет


Катонқарағай өңірінде еңбек өтілі 376 жылды құрайтын педагогтар әулеті бар. Төрт ғасырға жуық ғұмырды ұрпақтар тәрбиесіне арнаған Уәлхановтар әулетін төр Алтайда білмейтін жандар кемде-кем, себебі, бұл жанұяны жергілікті жұрт «ұстаздар әулеті» деп атап кеткен.

Елге егейлерді сыйлаған ұстаз

Нұралы Уәлханов – саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған парасатты жан. Жетінші сыныпты бітіре салып, Жаңатілек ауылына бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Келесі жылы Тұғыл ауылындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң, 1941 жылы Топқайың ауылына ауысып, бүкіл ғұмырын осы ауылда өткізді. 1986 жылы зейнетке шыққанға дейін 45 жыл ұстаздық жолда еңбек етіп, Оқу министрлігінің «Үздік мұғалім» төсбелгісімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Нұралы мұғалімнің алдын көрген оқушылардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақов, Білім және ғылым министрлігінде департамент директоры, Орал және Жамбыл университеттерінің ректоры болған Базар Дамитов, ақын Әлібек Қаңтарбаев, Топқайың орта мектебінде 25 жыл директор болған Бердібек Захайыров, полковник шенінде демалысқа шыққан Қажыбек Исабаев, Мереке Сәкенов, аудандық аурухананың бас дәрігері Арқабек Кәдірбаевтар бар.

– Ол кісі бізді оқытқан жоқ. Үйретті. Мұғалім – оқытады. Ұстаз – үйретеді. Қазақтың: «Мысықтан дәріс алып, жолбарыстың шәкіртімін деме», – дейтіні бар. Ал жолбарыстан дәріс алғандарымыз не дер едік… Мен қазірде балалық армандарымның кейбіреулеріне қол жеткізген болсам, іс-әрекеттерімнен кісілік пен кішіліктің, имандылық пен ізгіліктің түйнемдей түйірлері бой көрсетсе, ол – алғашқы ұстазым Нұралы ағамыздың еңбегі. Мен де, тіпті, қазақ әдебиетінің классигі Қалихан Ысқақ көкеміздің өзі «Мен Нұралы мұғалімнен оқығанмын», – деп мақтанып отыратын. Топқайыңның жоқ дегенде екі ұрпағы сол кісінің алдынан өтті, – деп еске алады бастауыш сыныптағы ұстазын Әлібек Қаңтарбаев.

Еңбек өтілі төрт ғасырға жуық әулет

Тоғызы да бір төбеге ту тікті

Қарт ұстаздың жұбайы Дәми Әміреқызы – он баланы дүниеге әкелген батыр ана. Кеңес дәуірінде сатушы болып еңбек етіпті. Өмірге келген он баланың біреуі шетінеп, қалған тоғызы жоғары дәрежелі білім алып, елге елеулі еңбек етіп жүр. Көбі әке жолын қуып, ұрпақ тәрбиесімен айналысуда.
Айталық, үлкен ұлы Толыбай Нұралыұлы Өскемен педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген, мамандығы физик. Туған ауылы Топқайыңда, Белқарағайда физика мен математика пәндерінен сабақ берген. Бастауыш партия ұйымының хатшысы, ауданда беделді интиллегенция өкілінің бірі болған. Коробиха орта мектебінің директоры бола жүріп, жаңа мектеп салдырды. Қалаға көшіп келген соң, Оралхан Бөкей атындағы №44 мектепте, «Ой сана» мектебінде физикадан әлі күнге дейін сабақ береді. Жоғары санатты мұғалім. Жалпы еңбек өтілі – 50 жыл. Жұбайы Нұрғызайын тарихшы. Ғұмыр бойы мектепте мамандығы бойынша сабақ берді. Толыбай ағаның балалары әке жолын қуып барлығы ұстаздық мамандықты таңдапты.
Нұрбай Нұралыұлы Өскемен педагогикалық институтының физика және жалпы техника факультетіне оқуға түсіп, Белқарағай орта мектебінде мұғалім, көп жылдар директор болып қызмет атқарды. 1992 жылы Белқарағай ауылдық округінің әкімі болып сайланып, 2007 жылға дейін қажырлы еңбек етті. Жоғары санаттағы ұстаз. Жұбайы Бақытжан Батырханқызы Өскемен педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша бітіріп, Белқарағай орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болды. Жоғары санаттағы ұстаз. Еңбек өтілі – 42 жыл.

Маржангүл Нұралықызы Өскемен педагогикалық институтын химик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Ұлан ауданының Огневка ауылында, Өскемен қаласының мектептерінде 41 жыл үзбей жұмыс істеп, биыл зейнетке шықты. Жолдасы Нұрмолда Нұрғалиев осы институттың химия факультетін бітірген.
Алмагүл Нұралықызы да Өскемен педагогикалық институтының түлегі. Топқайың ауылында, Абай атындағы Ақжар орта мектебінде 40 жыл математика пәнінен сабақ беріп, биыл еңбек демалысына шықты. Жоғары санатты ұстаз. Айтыскер ақын. «Суырлының сұлу саздары» атты өлеңдер жинағы бар. Білім министрлігінің мақтау грамотасымен марапатталған. Жолдасы Жұмағазы инженер. Төрт бала тәрбиелеп өсірді.

Рақия Нұралықызы Өскемен педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген. Мамандығы – физик. Топқайың ауылында бес жылдай мұғалім болып қызмет атқарып, 1984-1997 жылдары Катонқарағай аудандық мұрағатының директоры, 1997 жылдан қазіргі күнге дейін облыстық А.Пушкин атындағы кітапханада бас библиограф. Жолдасы Мырзақан Ешекенов көп жылдар Катонқарағай аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған.

Асқар Нұралыұлы жеке кәсіпкер болса да жұбайы Ғалия Уәлханова Жарма ауданының «Новоречинск» ауылындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ беріп жүр.

Замирбек Нұралыұлы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, көп жылдар Катонқарғай ауданындағы Ленин атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып істеді. Жоғары санаттағы мұғалім.

Өнербек Нұралыұлы Ермак денешынықтыру техникумын бтірген. Катонқарағайдың Жаңаүлгі, Парк ауылдарында мұғалім болып қызмет атқарған екен. 2015 жылы өмірден озыпты.

Шаяхмет Нұралыұлы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Соңынан заңгер мамандығын алып, Риддер қаласында ішкі істер басқармасында көп жылдар басшылық жұмыстарда істеді. 1930 жылы туған інісі Құмарғали Кайдаров Белқарағай орта мектебінде 45 жыл математика пәнінен сабақ берді. Балалары Еркін физик, Қайнигүл, Гүлзира математик, Мейіргүл филолог.

Біз бұл жерде тек педагогика саласында істеп жүрген балаларына ғана тоқталдық. Әйтпегенде, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар әулетінің басқа салада да табысты еңбек етіп жүрген ұрпақтары жетерлік. Бүгінде Топқайың орта мектебінде Нұралы мұғалімнің атында бастауыш сынып бар. Сынып балаларының қаражатына жөнделіп, жеке кәсіпкер Асқар Нұралыұлының қолдауымен құрал-жабдықтар сатылып әкелінген.

Мұратхан Кенжеханұлы
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button