Экономика

Еңбек өнімділігін арттыра түсуіміз қажет

Еңбек өнімділігін арттыра түсуіміз қажетСарапшылар пікірі

Тоқтар Болғауов, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Соңғы төрт жылда дамыған елдер нарығына 4 триллион доллар келді. Осыған орай бұл нарықтар жоғары даму қарқынына ие болды. АҚШ-тың қазіргі сыртқы қарызы 1,3 триллион доллардан асып жығылады. Сол себепті АҚШ конгресі ақпан айында мемлекеттік қарыз лимитін бір жылға шегере тұру туралы шешім қабылдады. Бұл өз кезегінде әлем нарығына әсерін тигізді.
Бізге, ең алдымен, Қазақстанның қарапайым азаматтарын ойлау керек. Қазіргі басты мәселелердің бірі – азық-түлік бағасын қалыпты жағдайда ұстау. Кәсіпкерлер бағаны үсті-үстіне қоса беруге дайын отыр. Сондықтан баға мәселесі қатаң қадағалануы қажет.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Чехияда да дәл осындай экономикалық жағдай болған еді. Сол кезде жүк көлігінің жүргізушісінен журналистер бұл жағдайдан қалай шығу керектігін сұрағанда жүргізуші: «Енді екі есе ақша табу керек, ол үшін екі есе артық еңбек ету керек» деп жауап берген. Ал біз қалыптасқан жағдайға кінәлілерді іздейміз. Ең бастысы, еңбек өнімділігін төмендетпеуіміз қажет. Әрине, еліміздегі әл-ауқаты төмен топтарға көмек қажет-ақ, оларға белгілі бір деңгейде қамқорлық көрсету керек. Бұл жерде мемлекет тарапынан көрсетілетін қосымша жәрдем қажет.

Ромин МАДИНОВ, Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы:

– Теңге бағамы өзгеруінің оң рөл ойнайтынына менің сенімім мол, өйткені, біз ұн экспорттауда әлемде бірінші орын аламыз және жан басына шаққанда бидай экспорттауда да дәл осындай бірінші орында тұрмыз. Ал бидай валюталық тауар болып табылатындықтан, біздің одан ұтысқа шығатынымыз түсінікті. Яғни, валюта көбірек келеді, былайша айтқанда, валюта теңге тұрғысынан алғанда көбірек болады.

Ғалия ӘКІМБЕКОВА, «АӨК Экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту АЗҒЗИ» ЖШС, АӨК кооперация және интеграция бөлімінің меңгерушісі:

– Бұл мәселенің оң да, сол да жақтары бар. Ол әсіресе, Кеден одағы мен БЭК жағдайында елдің экспорттық шикізат экономикасына оң әсер етеді. Біздің жағдайда ол ұн мен астық өндірушілер. Олар үшін тиімді болмақ. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін бағаның өсу есебінен импорттық өнімді алмастыруға қосымша мүмкіндік туады. Ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Өңдеу кәсіпорындары үшін күрделірек болмақ. Олар бүгінде бәрін сырттан тасымалдауда. Сондықтан олардың технологиялық жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу қажет болады. Ал ұн мен астық экспорттаушылар үшін бұл жағдай өте тиімді болмақ.

Дариғаш ШАЙМЕРДЕНОВА, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ҚазҒЗИ» директоры:

– Теңге бағамының өзгеруі барлық өнімдердегі қазақстандық мазмұнның артуына жағдай жасауы тиіс. Долларға танылған импорттық өнімнің бағасы өсетін болады. Ал бізге өзіміздің отандық сатып алу тиімді болмақ. Егер қазақстандық пен импорттық шикізат арасында таңдау туындар болса, қазақстандық шикізатты сатып алу тиімдірек. Мен теңге бағамы өзгеруінің пайдалы жағы да осында деп білемін.

Нұрлан САҒЫНАЛИН, «Актеп» ЖШС бордақылау алаңының қожайыны:

– Бордақылау алаңының қожайыны ретінде теңге бағамының өзгеруін оң бағалаймын. Рубль бағамының құлдырауы салдарынан біздің тауар баға тұрғысында бәсекеге қабілетсіз болып қалды. Рубльдің арзандауына байланысты ресейлік жеке кәсіпкерлер еттерін бізге әкеле бастады. Енді біздегі жағдай неғұрлым тиімдірек. Орын алған өзгеріске байланысты біз кедейшілікке ұрынудан құтылатын боламыз. Ішкі рынокта да, экспортқа шығаруда да баға тиімді болмақ. «ҚазАгро» АҚ несиелерді теңгемен береді, салықтарды, еңбекақыны теңгемен төлейміз. Сондықтан біз үшін несиелер қымбаттаған жоқ.

Осы айдарда

Back to top button