Білім

Еңбек маусымын қорытындылады

Еңбек маусымын қорытындылады
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да облыстық «Жасыл ел» жасағының ХІV еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Онда өңірімізді абаттандыруға және көркейтуге атсалысып жүрген белсенді жастар марапатталып, сый-құрметке бөленді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков «Жасыл ел» еңбек жасағының жыл бойы атқарған жұмыстарына оң баға беріп, ағымдағы жылы өңірдегі үш қала мен тоғыз ауданда 1475 жастың жұмыспен қамтылғанын атап өтті. «Жасыл ел» облыстық штабының жетекшісі Қуаныш Қасенов аталмыш жасақ сарбаздарының биыл өңірдегі 600 мың гектар жерді өңдеп, бес мың түп ағаш көшетін отырғызғанын атап өтті. Қуаныш Қасеновтің айтуынша, бұл жасақтың құрамында еңбек ететін жастарға мемлекет тарапынан 35 мың теңге үстемақы төленеді. Ал қалған қаражатты жұмыс беруші мекеме береді екен.
– «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары Абай ауданындағы Қоңыр Әулие, Оспан көл сынды киелі орындарға барып, апта сайын сенбілік жасады. Ал зайсандық жастар «Асар» акциясын ұйымдастырып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін салуға көмек көрсетті, – дейді Қуаныш Қасенов.
Жиын барысында сөз алған облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкері, капитан Салтанат Ожиканова пробациялық есепте тұрған жастардың да осы жасақтың құрамында еңбек еткенін атап өтті.
– Облыстық ішкі саясат басқармасының жастар ресурстық орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Арайлым Есімбековамен бірге жасөсіпірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асырудамыз. Сондай-ақ біз жыл сайын жаза басып, қылмыс жасаған жастардың мінез-құлқын өзгертіп, еңбекке баулу үшін «Жасыл ел» жасағына жұмысқа орналастырамыз, – дейді Салтанат Ожиканова.
Басқосуда «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды өңіріміздің өркендеуіне үлес қосуға шақырды.
Сондай-ақ бұл күні облыстағы «Жасыл ел» жасақтарында жаз бойы еңбек еткен жастар С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың аллеясына отыз түп ағаш көшетін отырғызды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Әрбір қазақстандық бір талдан отырғызса, жасыл желектің саны бірден 18 миллион данаға артады» деген болатын. Сол себептен біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осындай шараларды жүзеге асырудамыз. Бірақ қандай шаруаны болсын шын жүрекпен атқару керектігін баса айтқым келеді. Сонда ғана оның нәтижесі ойдағыдай болып, ел игілігіне жарайды, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Салтанатты іс-шара барысында «Үздік жасақ командирі» аталымы бойынша Асқар Ринатұлы марапатталса, «Үздік жетекші» аталымын Сырым Жұмағали иеленді. Ал «Үздік жұмыс беруші» номинациясын Семейдегі «Мост» көгалдандыру және көркейту мекемесі жеңіп алды. Сондай-ақ «Үздік жасақ» номинациясына курчатовтықтар ие болса, «Үздік онлайн штаб» аталымы бойынша Катонқарағай ауданының «Жасыл ел» штабы марапатталды. Ал «Үздік сарбаз» номинациясына Әділжан Ғалымов, Айым Өзбекова, Данияр Батинов лайық деп танылды.
– Үлкен Владимировка орта мектебінде оқимын. Келесі жылы 11 сыныпты бітіремін. «Жас Ұлан» балалар ұйымының мүшесімін. Бос уақытымда волейбол, баскетбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен айналысамын. Болашақта жоғары оқу орнына түсіп, білікті маман атанып, өңірімізді өркендетуге үлес қосқым келеді, – дейді Айым Өзбекова.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Концертте Шалқар Мұқамғалиев, Айдос Мұхаметқалиев, Антон мен Ирина Барабаш, «Аяла» вокалдық тобы, «Экстази» шоу балет тобы, «Іңкәр» тобы ән мен биден шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button