Еңбек ері Бағдат Шаяхметовке ескерткіш орнатылды
Кеше, Металлургтер күні қарсаңында Өскемендегі Жаңа Согра кентінде еліміздің титан-магний өнеркәсібінің өркендеуіне ерекше үлес қосып, Қазақстанның Еңбек Ері атанған «Өскемен титан-магний комбинатының» бұрынғы президенті Бағдат Шаяхметовке ескерткіш орнатылды.
Ескерткіштің ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, Сенат депутаты Сергей Плотников, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков, комбинаттың директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер, тағы да басқа лауазымды тұлғалар қатысты.
1990-2013 жылдар аралығында Өскемен титан-магний комбинатын басқарып, титан өнеркәсібін тоқырау кезеңінен алып шығып қана қоймай, төрткүл дүниеге танытып, әйгілі ете білген арда ұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне комбинат ұжымы, Жаңа Согра кентінің дүйім жұрты тайлы-таяғы қалмай жиылды. – Өлара уақыттағы қиын-қыстау кезеңде комбинаттың жұмысын тоқтатпай, табанды түрде еңбектене отырып, осындай дәрежеге жеткізген Бағдат Мұхаметұлының есімі ел тарихында, металлургия тарихында үлкен әріппен жазылып тұр. Келер жылы комбинатқа 50 жыл толады. Ол кісі бұл күнді көре алмай кетті. Бірақ бүгін, міне, әйгілі металлургке арналып еңселі ескерткіш қойылды. Ескерткіштің қойылуы, оның Металлургтер күні қарсаңында ашылып отыруы – комбинат ұжымының, елінің оған деген асқан сүйіспеншілігі мен үлкен құрметінің белгісі, – деді Бағдат Шаяхметовке арналған ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев.
1946 жылы Күршім ауданының Камышенка ауылында туып, Қазақ политехника институтын бітіріп, Өскеменге, «ӨТМК»-ге инженер болып оралған Бағдат Шаяхметов Қазақстан металлургиясының мықты кадры атана отырып, комбинаттың білікті басшысы болды. Оның елге, ел экономикасына сіңірген еңбегін Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев:
– Елбасының еліміздің егемендігіне, болашағымыздың баянды болуына еңбек ететін жүректі де алғыр азаматтар қажет деп айтқанындай, Бағдат Шаяхметов осы қасиеттерді бойына сіңіре білген басшы болды, – деген лебізімен түйіндесе, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков Бағдат Шаяхметов басқарып, даңғыл жолға салып кеткен комбинаттың титан өнімдері әлемдік нарықтың 14 пайызын, әуе-ғарыш өнеркәсібінің 17 пайызын алып отырғанын айрықша атап айтты.
«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелер:
– Оның ізденімпаздығы мен қажырлы еңбегіне тәуліктің 24 сағаты да аздық етті. Батысқа барып, комбинаттың әлемдік нарықтағы серіктестерін өздерімен жұмыс істеуге және оның нәтижелі болатынына сендіріп, сол сенімді ақтады. 1992 жылы алғаш рет «ӨТМК» титан өнімдері әуе-ғарыш өнеркәсібіне жол тартып, Еуропа мен АҚШ, Жапонияны мойындатып, бүкіләлемдік нарыққа шықты. Атақты металлургке қойылған бұл еңселі ескерткіш өзіміздің комбинаттың №14 цехында өндірілген титаннан жасалды, – деді тебіреніп тұрып.
Жаңа Согра кентіндегі «ӨТМК» АҚ Мәдениет үйінің алдына Бағдат Шаяхметовке қойылған ескерткіштің тұғырымен алғандағы жалпы биіктігі 3,43 метрді құрайды. Ескерткішті жартылай айналтып, көлденеңдете көкке самғата қойылған стелла қанатты металл – титанды бейнелейді. Ескерткіш республикалық маңыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.