Мәдениет

Еңбегі мен білімін еліне арнаған Әбен еді

Еңбегі мен білімін еліне арнаған Әбен еді


Кешегі күні үзенгілес, әріптес, тілеулес болған, дәм-тұзымыз араласып, бір ұжымда жауапты қызмет атқарған, жуықта ғана арамыздан өткен Әбен Апосұлы Қрықпаевтың өмір жолынан сыр шертпекпін.

Екеуіміз де балалық шағымызда асық ойнап, ертегі тыңдап, шаңғы, коньки теуіп, балалық базарда өспедік. Екеуіміз де сонау XX ғасырдың басындағы репрессия, одан кейін Ұлы Отан соғысы жылдарының ащы дәмін татып, барлық ауыртпалығына мойымай төтеп беріп, қабырғамыз қатпаған қаршадай кезімізде майданға кеткен азаматтардың орнын басып, қажырлы еңбек еттік.

Күнделікті тапсырманы орындамай, жұмыстан кетпейтінбіз. «Бәрі Отан үшін, Сталин үшін!» – деген ұран рухымызды көтеріп тұратын. Халық пен майдан бір болды. Мықты тылдың арқасында Отанымыз Ұлы Жеңіске жетті. Оған жасөспірімдердің қосқан сүбелі үлесі бір төбе болғанын ешкім жоққа шығара алмас.
Сол Қаражал ауылының колхозшылары Солоновка ауылындағы «Астық дайындау» пунктінің филиалынан жаяу арқалап, «Глядень» дейтін биік асу арқылы көктемгі егісіне қажетті тұқымды өздері жеткізіп алатынын Әбен Апосұлы еске алып отырушы еді, өзі де сол топты басқарыпты.

Білімін көтеруге мән беріп, оқуға ынталы болған Әбен Апосұлын еңбек ерте есейтті, шыңдады. Соғыс біткен соң, халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін Одақ бойынша қызу жұмыстар атқарылған. Осы кезде Әбен жастайынан колхозда басқару жұмыстарына араласып, жинақтаған іс-тәжірибелері ат жалын тартып мінген шақта үлкен кәдеге жарады.

Солардың арасында 1956-1958 жылдары СОКП Орталық Комитетінің шешімі бойынша елде ұсақ колхоздарды ірілендіру науқаны жүріп жатқан кез еді. Үлкен Нарын ауданындағы 42 ұсақ шаруашылықтарды 7 ірі кеңшар мен ұжымшар етіп көтерді. Олардың қатарында Ново-Березовка ауылындағы бірқатар шаруашылық ұжымдар біріктіріліп, іргелі, облыстағы болашағы бар «Ленин» атындағы колхоз өмірге келді.

Осы іріленген колхозда Әбен Апосұлына да жол ашылып, орта буындағы басшы лауазымға тартыла бастады, аудандық партия комитетінің номенклатурасына алынды. Біраздан кейін Қарағанды қаласындағы үш жылдық жоғары партия-кеңес қызметкерлерінің тыңдаушысы оқуына жіберілді.
Оны үздік бітіріп, елге оралғаннан кейін, басында қой фермасының зоотехник – меңгерушісі, аға экономист, бас экономист лауазымына көтерілді.

Көп ұзамай партия комитетінің хатшысы, аудандағы ірі «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшардың директорлығына тағайындалды. Бұл жұмыста да ол біраз жылдар абыройлы қызмет атқарды.

Әбең ел-ішінде, қызметінде сыйлы, беделді азамат болды. Үлгілі де үлкен шаңырақтың отағасы бола білді. Өмірлік жолдасы Тоқтасын Әкітбайқызымен тағдырын қосып, жанұя құрды. Алғашқы жылдан-ақ атбайлар босаға болып, босағасынан зиялы қауым арылмады, еліне танымал құрметті жанұялардың бірі болды. Қосағымен бірге дүниеге бес бала әкеліп, өсіріп, жеткізді. Бәріне жоғары білім алдырды. Ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырды. Осы әулеттің босағасында ғалым, іскер-білікті басшы мамандар өсіп жетті. Бәрі бұл өмірде өздерінің лайықты орындарын еншілеп отыр. Әбең құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін ауылдан қалаға қоныс аударып, өмірлік серігі Тоқтасын екеуі балаларының қызығына кенелді.

Мен оны текті жерден шықты деп, жоғарыда кездейсоқ айтқан жоқпын. Әбен Үлкен Нарын ауданы, Жұлдыз ауылындағы Бура атаның Торал әулетінің түлегі. Олар ауқатты, бай әулет болыпты. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезінде бұл әулетті «байлар тобына» жатқызып тәркілеп, жанұясын Үлкен Нарын ауданының ішкі жағындағы Огнево ауылына жер аударып, Апос марқұмның жанұясы сонда барып қоныстанған екен. Тұрғылықты халықпен жаңа көшіп барған олар арасында тіл білместіктен «шиеленіс, қақтығыстар» жиі болып тұрыпты. Олар көптігін көрсетіп, төбелеске дейін барса, Құдай қуат бергенде Апос ата қарулы, өжет, қорғанбайтын адам болып, олардың «тентектеріне» есесін жібермей, сойылға жығып кететін болған соң, беттері қайтып, тиіскенді қойыпты. Кейін майданға кеткенде артында балалары қалған. Қайтып оралмай, «хабар-ошарсыз жоғалып кетті» деген хабар келген.

Сөйтіп, Әбен Апосұлы үлкен өмір жолынан өтті. Ол өз тағдырына риза болар. Үлкенге аға, кішіге іні болды. Егер әскери тілмен айтсақ, Бошай Кітапбайұлы Үлкен Нарын ауданындағы Новоберезовка ауылының «Ленин» атындағы колхозда бас қолбасшы, стратег болса, Әбен Апосұлы сол ұжымның штаб бастығы, бастығының стратегиялық жоспарын жүзеге асырушысы болды. Әбен Апосұлының маңына барлық мамандар, өндірістік бөлімнің жетекшілері топталып, одан бағдар, ақыл-кеңес, қолдау алып отырды.

Табиғатынан ұстамды, аз сөйлеп, көп іс тындыратын азамат еді. Қажет жағдайда орыс тілінде көсіліп сөйлегенде, нағыз шешендік қабілеттері байқалатын. Ол мектепте жақсы оқыған, орыс тілін жетік меңгерген, 16 жасында ауылдық кеңестің хатшысы болып, бір жыл істегеннен кейін Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Хабаровск қаласында әскери міндеттерімен қатар аудармашы болып штабта қызмет атқарған адам.

Әбен Апосұлы марқұм өзінің пейіліне орай сарытап болып, төсек тартып жатқан жоқ. Жанұясын да шаршатпай, сөйлеп отырып мезгілсіз бақилыққа аттанып кетті. Әрине, әлі де балаларының ортасында, ақыл-кеңесін айтып, қамқорлығын жасап отырса, тамаша еді, бірақ тағдыр оған жеткізбеді.

Оның Отанымыздың, елінің игілігі үшін маңдай терін төгіп, жемісті сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Үкімет оның көп жылғы еңбектерін лайықты бағалап, КСРО Жоғарғы Кеңесі 1945 жылдың 24 маусымындағы Жарлығымен «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы да даңқты еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен, тың жерлерді игергеніне, әр кезеңдердегі Ұлы Жеңістің мерейтойларына арналған, «Лениннің туғанына 100 жыл» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

Ол Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы болуға лайық тұлға еді. Өкінішке қарай, ауданда билік басшылары жиі ауысып, орнына келген жас әкімдер кімнің кім екенін, қандай еңбегі сіңген ардагерлер барын қайдан білсін. Ал көзі тірі, бірге еңбектенген ескі көздер, билік басындағылар ондай адамдарға сол атақты беруге ұсыныс жасамады. Әбен Апосұлы сол атақты алғандардың қайсысынан кем еді, артық болмаса. Бұл мәселе келешекте назарға алынса, құба-құп болар еді, өйткені, оның тәрбиелік мәні үлкен.

Әбен Апосұлы өмірден озған кезде мен ауырып ауруханада жаттым. Ақырғы сапарына шығарып салып, қоштаса алмағаныма, менен бір уыс топырақтың бұйырмағанына қатты өкіндім. Тірі жүрсем, Әбен Апосұлының жарқын бейнесін мәңгі есте сақтаймын.

Фрунзе Жақсылықов,
тыл ардагері,
облыстық ақсақалдар кеңесі төрағасының кеңесшісі

Осы айдарда

Back to top button