Мәдениет

Еңбегі бағаланған Бағдан апай

Еңбегі бағаланған Бағдан апай


А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Бағдан Момынова қазақ тілінің дамуына үлесін қосып келе жатқан жерлесіміз.

Күршім өңіріндегі Алғабас ауылында, көпбалалы отбасында дүниеге келген Бағдан Қатайқызы 1974 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түсті. Еңбек жолын өзі туған ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған жас маман бір жылдан соң Алматыға барып, баспада еңбектенеді. Университетте алған білімін аспирантурада жалғастырып, профессор Хасан Кәрімовтың жетекшілігімен «Қазақ газетіндегі қоғамдық лексика» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Ғалым ұзақ жылдар бойы өзі оқыған университетте ұстаздық етіп, факультет деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі, Диссертациялық ғылыми кеңес төрағасының орынбасары болды. Көп жылдық еңбегі бағаланып, 2005 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық иегері атанды. Екі мәрте Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Қазақ тіл білімінің салалары бойынша 14 білім кандидаты, 1 ғылым докторы, 2 PhD докторы, 40-тан астам магистрант – Бағдан апайдың шәкірттері. Бүгінде олар тіл ғылымының дамуына өз үлестерін қосып, еліміздің әр аймағында қызмет атқаруда.

Профессор Б.Момынованың ғылыми шығармашылығы сан қырлы, алуан тақырыпта. Қазіргі қазақ тіл білімінің лексикология, морфология салалары бойынша тың бағыттардың туындап, дамуына ықпал еткен ғалымның еңбектері ғылыми ортада жоғары бағаланады.

«Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика», «Қазақ газеттерінің лексикалық құрылымы мен жүйесі», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Шәкәрім поэзиясының тілі. Лексика-функционалдық ракурс», «Қазақ тілінің морфологиясы. Есімдер» және тағы басқа монографиялары, оқулықтары, республикада, шетелде жарияланған сан алуан мақалалары – ғалымның ізденімпаздығы мен еңбегінің жемісі.

Бағдан Момынова 2005 жылдан Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының мүшесі ретінде белсенді қызмет атқарып келеді.

Шәкірттері мен әріптестеріне мәдениеті жоғары, адал да қарапайым, кең пейілді жан ретінде танылған Бағдан апайға ата-анасы Қатай Момынұлы мен Бәтен Мұқанқызының берген тәлім-тәрбиесі мол. Үйдің үлкені ретінде бауыр-сіңлілеріне жол көрсетіп, бағыт сілтеп келеді. Жары – белгілі ғалым Ғарифолла Әнеспен ғылым жолында жүріп отбасылық өмірдің бүкіл ауыртпалығын бірлесе көтерген ғалым-ана – бүгінде үш қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған бақытты әже.

60-тың асуына алқынбай жеткен ғалым бүгінгі таңда жаңа латын әліпбиін қолданысқа енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде жинаған тәжірибесі мен білімін осы шараның тиімді түрде іске асырылуына жұмсауда.

Нәркес Зейнолдина,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің магистрі

Осы айдарда

Back to top button