Мәдениет

«Ең жақсы еркек» Семей сахнасында

«Ең жақсы еркек» Семей сахнасында


Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры Атырау қаласында өткен «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестиваліне «Адасқан бақ құсы» спектаклімен қатысып, актер Бауыржан Тулеков «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымына ие болды. Сонымен қатар театрымыздың актері Сапарбек Әшімбековке «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді.

Театр 84-ші маусымын Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» шығармасымен ашты. Режиссер Сұлтан Сраилов қойған комедия жанрындағы спектакль көпшілік ықыласына бөленіп, өз бағасын алды. Автор пьесада қазіргі қоғамдағы өзекті проблеманы астарлы әзілмен жеткізуге тырысқан. Оқиға Алпан кейіпкердің бойжеткендерге көз салуы, сөз салуы арқылы өрбіп, «Бәйшешек» клубының бір топ қыздары осы мәселені шешу мақсатында іс-әрекетке көшеді.

Алғашқы көріністе режиссер Алпан мен Гүлмайданның бақытты, қуанышты өмірін бейнелейді, кейін «Бәйшешек» клубының қыздары келген сәттен Алпанның құпиясы ашыла бастайды. Басты рөлдегі Азамат Нұрғамыс пен Сұлушаш Төлекова арасындағы актерлік дуэт қойылым деңгейін арттыра түсті. А.Нұрғамыс бірде салмақты депутат, жігіттің сұлтаны болса, бірде әйел жанды еркек болып шыға келеді. Бұл көрініс арқылы актер өзін сан қырынан көрсете білген. Бұған дейін де комедия жанрындағы «Сотанайдың соңғы үйленуі» (Ө.Боранбаев), «Үйлену» (Е.Жуасбек) т.б спектакльдерде ойнап, актерлік шеберлігін шыңдай түскен. Ал Гүлмайдан рөліндегі Сұлушаш Төлекова кейіпкер келбетіне сай ерекшелікті, әр іс-қимылды нанымды ойнап, жоғары деңгейде алып шықты.

Жалпы режиссер актерлермен тығыз жұмыс істей отыра, автордың негізгі идеясын алға тартып, замандас бейнесін бүгінгі қоғамға көрсете білді. Көрерменнің көтеріңкі көңіл күйде болып, үздіксіз қошемет көрсетуі спектакльдің жоғары деңгейде өткендігін аңғартты. Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры сапалы қойылымдарымен әрқашан көрермендерін қуантуда.

Еңлік Саматова
Семей

Осы айдарда

Back to top button