Ең шынайы көрермен – балалар

Облыстық драма театрының әртістері Жаңа жыл қарсаңында танымал драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Жымбала, Мико және Қасқыр» ертегі-қойылымын сахналады. Театрымызда алғаш рет сахналанып отырған қойылым балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларының көңілінен шықты. Қазақша спектакльді Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова кішкентай ұлымен тамашалады.
Спектакль балаларды бірден елітіп әкететін шым-шытырық оқиғаларға құрылған. Жымбаланың шын есімі – Жәнібек. Бірақ оны бәрі бұзақылығы мен жалқаулығына байланысты Жынды бала, яғни қысқартып айтқанда Жымбала атап кеткен. Жымбаланың сабақ десе, аза бойы қаза болады. Кітаптың бетін тіпті ашқысы келмейді. Бауырының бұл қылығы әсіресе әпкесі Ботагөздің жанына қатты батады. Білімнің адамға берер пайдасын қанша айтқанымен, Жымбала құлағына ілмейді. «Мен боксшы боламын» дейді ол. Ал боксшыға білім керегі жоқ деп кім айтты? Мықты боксшы болу үшін де адамға білім керек. Оқу-білімсіз алға қойған мақсатқа жетемін деу бос сөз. Бұзақы бала Мико мен оның сотқар төбеті Буриктің іздегені де төбелес.
– Жалпы, ертегі балаларды білім мен өнерге баулып, татулық пен достыққа үндейді, – дейді қойылымның режиссері Асыл Қозықанов.
Бір атап айтарлығы, бұл жас режиссер Асыл Қозықановтың балаларға арнап қойған алғашқы спектаклі емес. Осыған дейін ол бүлдіршіндерге арналған төрт ертегіні сахналаған екен. Асыл Оралханұлы 2015 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «драма театры режиссері» мамандығы бойынша бітіріп, сол жылы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында еңбек жолын бастаған. Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылында туып-өскен жігіт, міне, туған жерінің өнері мен мәдениетін дамытуға өзінің үлесін қосуда.
– Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әсіресе балаларға арналған қойылымдарды қоюдың өзіндік ерекшеліктері бар. Өйткені бала дегеніңіз – ең шынайы көрермен. Қойылымның ұнаған, ұнамағанын жасырмай, сарт еткізіп бірден бетіңе айтатын да солар. Сондықтан да балаларға арналған әр қойылымға тыңғылықты әзірленеміз. Спектакльдің әрбір деталін көркемдік кеңес мүшелерімен ақылдасамыз, – дейді ол.
Спектакльде жеті жастағы Жымбаланың рөлін Еділ Мекешов сомдайды. Өзінің айтуынша, бұл оның осы театрдағы алғашқы рөлі көрінеді.
– Мен бұл театрға күзде келгенмін. Жымбала – менің алғашқы басты рөлім. Образдың сәтті шығуына, қасымдағы актерлердің барлығы атсалысты деп айта аламын. Десе де, кішкене баланың мінезін, қылығын, еркелігін беруде сәл қиналдым, – дейді ол.

Сондай-ақ спектакльде ит, күшік, қасқыр сынды жануарлардың рөлін сомдаған актерлердің ойыны да кішкентай көрермендердің көңілінен шықты деп айта аламыз. Мысалы, Бурик деген төбеттің образының шынайы шығуына Еркебұлан Какимов бар өнерін салыпты.
Қанша айтқанмен, жануардың рөлін ойнау оңай емес. Жануардың мәнез-құлқын, пластикасын беру актерден ерекше шеберлікті талап етеді, – дейді ол.
Сондай-ақ әлемдегі ең мейірімді қасқыр Мультиктің рөлін ойнаған актер Е.Мұқаметқановтың, Мішім дейтін мысықтың образын сомдаған Н.Айдынованың ойындары да кішкентай көрермендердің көңілінен шықты.
Небәрі бір жарым айдың ішінде әзірленген заманауи сазды ертегінің әлі талай баланың қиялын ұштап, арманға қанаттандыратынына сенімдіміз.
Мейрамтай Иманғали