Мәдениет

Еңбектің титтей жемісі

 Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы, қызығы, жауапкершілігі бар. Біреулер өзі таңдаған мамандыққа саналы түрде келеді, біреулер кездейсоқ, өмірдің қақпақылымен, адамдардың нұсқауымен де келеді. Десе де менің байқауымша, өнер саласына кез келген адам жүрек қалауымен келеді.

Сонау бір жылдары арманның жетегінде театр өнері мамандарын даярлайтын Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы оқу орнына түскен Сайраш Қопабаева жоғары білім алғаннан кейін туған жері Зайсан ауданының мәдениет саласында талай жыл еңбек етті. Кейіннен, облыс орталығындағы театрда қазақ труппасы ашылғанда алғашқылардың бірі болып іргесін қаласты, бүгінде құрылғанына жиырма жылға жуықтаған қазақ труппасының белді актрисасы Сайраш Қопабаева –  талай-талай бейнені сомдап, көрерменін тәнті еткен мінезді актриса. Тәкәппар жанға, аңыраған анаға, сылқым келіншекке айналу, образға ену кәнігі актриса үшін қиындық тудырмаса да, сахнаға шығарда алғаш рет көрермен алдына шыққан жас актрисадай қобалжитыны да рас. Өнер әлемі, сахнада өткен ширек уақыт Сайраш Қопабаеваны шыңдады, өмірдің тезінен өткізді, сан қилы жағдайлардан абыроймен шығуға үйретті. Сахнаның берері де, үйретері де мол екен. Әрбір бейнелі образ мейірімге, қайырымға, жақынның жанын ұғуға, алысты жақындата білуге үйретті. Ширек ғасыр сахнада өткен еңбек жолы еленбей қалмады, мақтау қағазын, Алғыс хаттарын алған сәттері өте көп, әр мереке,  театр күндері азды-көпті еңбегі еленіп басшылық тарапынан жақсы сөз, жылы лебіз естіді. Сол марапаттардың ішінде биыл ие болған «Мәдениет саласының үздігі» атағы болды. Ерекше қуанған сәті де сол. Театр сахнасында көз майын тауысып түндер бойы жаттайтын кейіпкердің диалогтары, мінезді ашу үшін, айтар сөзі мен ойнар ойынын шынайы жеткізу үшін күн-түн демей дайындалатын сәттер мен спектакльден кейін көрерменнің тік тұрып көрсетер құрметінің, дуылдай соғылған алақандардың жиынтығы ретінде кеудесіне тағылған титтей темір белгі актриса үшін ерекше қымбат. Сахнада өткен көп жылдардың, жылдар бойындағы термен келген еңбектің жетістігі, титтей ғана   жемісі! Расында да,  өмірін сахнасыз елестете алмайтын Сайраш апай үшін кеудесіне тағылған титтей белгі – сахнада өткен жарқын жылдарының  естелігі ретінде сақталары сөзсіз.

Гүлжан Қазымова

Өскемен қаласы

Осы айдарда

Back to top button