Білім

Еңбек өтілі – 123 жыл

Тарбағатай тауының күнгейіне орналасқан Таскескен ауылы – ежелден  ырысы мен  құты ортаймаған берекелі елді мекен. Бұл жерде еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтар аз емес. Солардың қатарына кәсіби білім беруде өзіндік рекорд орнатқан Чарахметовтерді да жатқызуға болады.

Бұл салаға түрен салған әулеттің басы Марат Сейілжанұлы сонау  1963 жылдан бастап бүгінде «Үржар колледжі» атанған оқу орнында алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген.  Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, кәсіподақ ұйымын басқарған жігіттің беделі тым жоғары болды. Сол тұста училище аталған оқу орнының алғашқы әскери дайындық пәні бойынша материалдық базасын толығымен жабдықтаған адам. Ол кісінің студенттері кезінде әскери-спорттық ойындардың облыстық және республикалық деңгейінде жеңімпаз атанып, училищенің туын аспандатқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Марат Сейілжанұлы бұл жерде табан аудармай 29 жыл жемісті еңбек етіп, 1992 жылы зейнеткерлік демалысқа осы жерден шықты.

– Бүгінде көзі тірі анамыз, тегі неміс, қазақ келіні Чарахметова (Гааг) Фрида Алексеевна 1961 жылдан бастап, зейнеткерлік жасына дейін аталған мекемеде қызмет атқарып,  1994 жылы осы мекемеден құрметпен зейнетке шықты, – дейді бүгінде осы «Үржар-колледжі» оқу орнының директоры Қанағат Чарахметов.  – Ол кісі – тоғыз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері. Еңбегінің зейнетін көріп отырған адам. Анамыздың еңбек өтілі  – 33 жыл.

Сондай-ақ аталмыш әулеттің тұңғышы Ақан Маратұлы аталған мекемеде өндіріс шебері болып үш жыл қызмет атқарды, Рас, кейін өмір ағысына сай мемлекеттік қызметке ауысып кеткен еді. Сол сияқты, Арысұлан Маратұлы да осы оқу орнында алғашқы әскери дайындық пәнінен он жыл дәріс оқыды. Осы әулеттің тағы бір ұланы Нұрлан Сейілжанов та 1977-1979 жылдар аралығында екі жыл қызмет атқарды.

Ал Қанағат Маратұлының жұбайы Чарахметова Гүлнара аталған мекемедегі еңбек жолын 2003 жылы қойма меңгерушісі қызметінен бастап,  кейінгі жылдары материалдық бухгалтер, бас бухгалтер қызметіне дейін көтерілді. Ол кісі бүгінгі күні хатшы қызметін атқаруда.  Бүгінгі күнге дейінгі мекемедегі еңбек өтілі 17 жылға толыпты.

Міне, Марат Чарахметовтің сонау 1963 жылы бастаған эстафетасын бүгінгі ұрпақтары қылау түсірмей жалғастырып келеді. Бала тәрбиесінің ең абзалы – жас ұрпақты еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана адал да үздік азамат болып қалыптаса алады. Осылайша, әкеден балаға сабақтасқан отбасылық еңбек жолы одан ары жалғасып келеді. Отбасылық әулеттің «Үржар колледжі» КММ-де жалпы еңбек өтілі – 123 жыл.

Бүгінде осындай үлкен мекемені Марат Чарахметовтің кенже ұлы Қанағат Чарахметов басқарып келеді. Бір кездері №127 Аягөз ауылшаруашылық-механикалық училищесі, №127 кәсіптік-техникалық училище, №20 орта кәсіптік-техникалық училище болып әлденеше өзгерген оқу орнын  Қанағат Маратұлы лайықты басқарып келеді. Бір кездері училищенің іргесін әкесі Марат саман кірпішпен көтерсе, ұлы Қанағат Чарахметов жасаған соңғы үлгідегі оқу корпустары бүгінгі заман талабына сай болғанын Тарбағатайдың күнгейіндегі ел мен жұрт көріп отыр. Колледж дайындаған ауылшаруашылық мамандары еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етуде. Бүгінде аталмыш оқу ордасының өскелең ұрпаққа берер білімі сапалы, өзіндік бет бейнесі қалыптасқан, қайта жаңғырған. Жасыл желекке оранған ауыл келбетіне сән беріп тұрған оқу корпустары заман талабына сай жабдықталған. Шынында да, оқу корпустары мен жатақхананың іші мен сырты көз тартарлықтай. Колледж қалашығы орналасқан ауланың іші әсем безендіріліп, абаттандырылған. Қызылды-жасылды гүлдер жасыл желекке оранған қалашыққа ерекше сән беріп тұр.  

Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button