Қоғам

Еңбегіне ақы алмайтын суретші

Бұқтырма су қоймасының оң жағалауын ала орналасқан Парыгино селосы 1977 жылдан бастап он жылдай  сол кездегі Зырян ауданының әкімшілік орталығы болған көрінеді. Аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан осы бір алақандай ғана ауылдың қалайша аудан орталығы мәртебесіне ие болғандығына бұл күнде қайсыбір парыгинолықтардың өздері де қайран қалады. Қырық жыл бұрын аудан орталығы мәртебесін иеленген ауылдың бүгінгі ахуалын көзбен көріп қайтуға ниет білдірген едік.

Ол кезде село халқының саны 10-15 мыңның төңірегінде болса, бұл күндегі ел қарасы төрт-бес есеге дейін азайған. «Жекешелендіру» деп аталатын (1996-97.ж.) жаппай елді талау науқанына дейін бұл ауылдың екі бірдей орталық қазандығы болып, одан осындағы екі және бес қабатты тұрғын үйлер, мектептер мен Мәдениет үйі кәдімгідей орталықтандырылған жылу алып тұрған екен. Бүгінгі өркениеті қаладағыдай болмаса да, заман ағысынан қалыспай тіршілік етіп жатқан елді мекенде қазірдің өзінде орта білім беретін мектеп, қарттар үйі, 50 кісілік аурухана, балық, ағаш өңдеу цехтары, музыка мектебі, жұмыс істеп тұрған наубайханалары бар. Тұрғындарының басым бөлігі сонау патша заманында Ресейден келген переселендердің ұрпақтары көрінеді.

Сенімді ақтады

Іздеген адамымызды ауылдық Мәдениет үйінен таптық. Мәдениет үйі демекші, біз барғанда сыйымдылығы 500 адамға арналған мәдениет ошағында жөндеу жұмыстары қайнап жатыр екен.

– Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмегелі біраз жылдың жүзі болған – дейді жөндеушілер тобының бригадирі.

– Осы мәселені неше жылдан бері ел болып ауыл әкіміне айтып жүретін едік. Өткен жылы сол кездегі аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов өзі келіп, Мәдениет үйінің шынымен де толық жөндеуді қажет ететіндігін көріп, «қажетті қаражат бөлдіреміз» деп кеткен. Сөзінде тұрып, қазір сол бөлінген қаражатқа толық жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Еден тақтайларынан бастап, төбесін жаңалап жауып, сыртқы қасбетін ауыстырып, әйнек-терезелеріне дейін пластиктен салып жатырмыз.

Осы ауылда туып-өскен, бес жасынан қолына қағаз-қарындаш алып сурет өнеріне талпынған, кейіннен Зыряндағы суретшілер даярлайтын арнайы колледжді тәмамдап туған ауылына суретші-дизайнер маманы боп оралған Николай Никшин де осы Мәдениет үйінің қызметкері екен.

Николаймен әңгіме барысында байқағанымыз, ол Мәдениет үйіндегі «Изо-студияның» жетекшісі ғана емес, ел арасындағы той-думандар мен салтанатты жиындарды қазақ-орыс тілдерінде еш қиындықсыз, еркін жүргізе беретін әмбебап жүргізуші, қажет болса екі тілде ән салатын әнші, осы ауылдың ажарына ажар қосып тұратын түрлі форматтардағы жарнама тақталары мен мерекелік құттықтау мәтіндерінің авторы, бір сөзбен айтқанда Парыгинодағы сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың бірі  боп шықты.

– Осы ауылда Виктор Сачков деген суретші-ұстаз болған. Қазір ол кісі Өскеменде тұрады. Сол кісі осындағы бейнелеу өнеріне талпынған балалардың басын қосып «Изо-студия» ашқан. Мен сол ұстаздан кете-кеткенінше тәрбие алдым. 1997 жылдары ол кісі Өскеменге қоныс аударарында «Осы студияға енді сен ие бол» деп маған тапсырып кеткен еді. Қазір сурет өнерінен тәлім-тәрбие алып жүрген 20 шақты оқушым бар – дейді Николай. – Олардың жастары да, талғам-қабілеттері де әр алуан. Бірі мектеп табалдырығын енді аттап жатса, алдыңғы топтағылары мектеп бітіріп жатқан жайлары бар. Арасында көрші-қолаңның балалары да бар. Енді біреулері кешегі бірге оқыған кластастарымның, туыстарымның ұл-қыздары.

– Сонда бұл ауылдың балалары шеттерінен суретші болғаны ғой?

– Олай деп айтуға келе қоймас. Сосын, студиямызда тәлім алып жатқан балалардың «Барлығы да суретке икемді» десем өтірік болар. Алғашқыда қарындашты қалай ұстауды да білмейтіндері болады. Бірақ ата-анасын ертіп, талаптанып келіп тұрса, оны қайтіп қуып жібересің? Бір жағынан осында бір-бірімен танысып, достасып жатады. Екіншіден өзге балаларға қарап, өздерін-өздері қамшылап дегендей… Әйтеуір «Бос уақыттарында көшеде қаңғып жүргенше, осында болғандары да дұрыс па» деп ойлаймын.

– Сурет өнері өзінше бір әлем ғой. Онда баланың қиялы, арман-мақсаттары көрініс табады, – дейді суретші.

– Маған, жеті-сегіз жасар бүлдіршіндердің, әсіресе, қыстың күндері сөмкелерін арқалап ап, екі беті қызарып, сүрініп-қабынып сабаққа келген сәттері, олардың өнерге, сол өнердің қыр-сырын білуге деген талпыныстары, бітіп бермейтін саналуан сауалдар ерекше ыстық. Олардың арасында бұрынғы әйелімнен туған жеті жасар қызым да бар.

– Сонда сіз….?

– Иә, алғашқы әйеліммен дәм-тұзымыз жараспады. Ол да осы ауылда тұрады. Қазір Ирина екеуіміздің бас қосқанымызға төрт жылдай болып қалды. Бұйыртса таяу уақытта кішкентайлы болмақпыз. Ирина да өнер адамы, елде өтіп тұратын мерекелік концерттерде, аудандық жәрмеңкелерде қосылып ән саламыз, мерекелік салтанатты кештерді де екі тілде жүргізіп береміз.

– Қызыңыздың сурет өнеріне деген қабілеті қалай, әкесінің таланты бар ма бойында?

– Аленаның аяқ алысы жаман емес, әзірге өз қатарының алды деуге болады. Сурет салудағы ұшқыр қиялы, түрлі-түрлі тосын идеялары, білген үстіне біле түссем деген талпынысы ұнайды. Әлі бала ғой, енді бір үш-төрт жылда талантының қаншалықты ашылатындығы да айқындалып қалар.

– Өзіңнің жеке шығармашылығың жайында не айтасың?

– Мен көбінесе жеке портреттер мен табиғат көріністерін салғанды, жалпы еркін тақырыпқа қалам тербегенді ұнатамын.

– Сонда адамдардың портретін алдыңа отырғызып қойып саласың ба?

– Жоға, ондай мүмкіндік үнемі бола бермейді ғой. Мен көбінесе картиналарымды адамдардың фотосынан көшіріп саламын. Сәтті шыққан портреттерімнің арасында осы елдегі соғыс және еңбек ардагерлерімен қатар, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының да портреті бар.

– Бейнелеу өнеріндегі ең сәтті, ең қомақты жұмысым деп атайтын қандай еңбектерің бар?

– Жекелеген туындыларымды санамаламай-ақ қояйын. Біз 2013 жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдық құрметіне аранап осы ауылдан соғысқа қатысқан 42 майдангердің портретінен үлкен стенд жасауды қолға алғанбыз. Барлығының фотосуреттерін туыстарынан, бала-шағаларынан сұрастырып, архивтен іздеп тауып дегендей, жеке-жеке портрет етіп салып шықтым. Қазір сол еңбегімнің ауылдастарымның да, ауылға қыдыра келген жандардың да көңілінен шығатындығына іштей марқайып жүремін.

– Майдангерлердің өздері көре алды ма, ол еңбегіңді?

– Жоқ, өкінішке қарай ол туындымды сол майдангерлердің өздері көре алмай кетті. Бірақ балалары мен немере-шөберелері осында, солар әкелерінің, аталарының ерліктерін мақтан етіп жүреді. Стендтің қасына келіп естелікке суретке түсіп жатады. Мен үшін осының өзі үлкен жетістік, зор қуаныш.

– Жекелеген адамдардан портреттерін салғызуға тапсырыстар бола ма?

– Ел болғасын түрлі мерейтойлар, шаңырақ көтеру, шілдехана секілді қызық-қуаныштар көп қой, ел ішінде. Солардың барлығы болмаса да, ішін ара тапсырыс беретіндері, дайын картинкаларымды сұрайтындары болып тұрады.

– Еңбегіңді қалай бағалайсың?

– Өз басым, «Мына портретім немесе картинкам осынша тұрады» деп нақты бір баға белгілеп көрмеппін. Әркім өзінше бағамдап, шама-шарықтарына қарап еңбегімді бағалап жатады.

– Николай, бүкпесіз әңгімеңе рақмет! Шәкірттерің биік шыңдарды бағындырсын. Дүниеге келейін деп жатқан сәбиің өзіңнен де асып түсіп, бейнелеу өнерінің қас шебері болуына тілектеспіз.

Ирина екеуің бақытты болыңдар!

– Рақмет, «Дидар» газетінің ұжымына табыс тілейміз.

Серік Құсанбаев

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button