Білім

Ең басты емтихан жайында не білеміз?

Ең басты емтихан жайында не білеміз?

Биыл елімізде оқушылардың білім мазмұнын меңгеру деңгейін тексеру мақсатында сыртқы тәуелсіз бақылау – Ұлттық бірыңғай тестілеу он екінші рет өткелі отыр. Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі тарапынан ҰБТ бойынша өткен жылдар тәжірибесі сарапталып, жетілдіру жолдары қолға алынуда. Түлектердің ең басты емтиханы жақындаған сайын, олардың өздері де, мұғалімдері мен ата-аналары да «биыл қандай өзгерістер бар екен?» деп қобалжиды. Біз төменде ең жиі толғандыратын сауалдарды топтап, сұрақ-жауап әзірлеуге тырыстық.
– ҰБТ-ға кімдер міндетті түрде қатысуға тиіс?
– Ең алдымен, биыл жоғары білім беретін оқу орындарына түскісі келетіндер, үздік аттестат пен «Алтын белгіден» үміткерлер және жалпы білім пәндерінен өткен олимпиадалар мен оқушылардың республикалық ғылыми жарыстарының осы жылғы жүлдегерлері ҰБТ-ны міндетті түрде тапсырады.
– Кімдер аттестатты ҰБТ-ға қатыспай ала алады?
– Дәстүрлі түрдегі қорытынды аттестациялауды ҰБТ-ға қатысқысы келмеген түлектер, яғни, 2015 жылы жоғары оқу орнына түскісі келмегендер, жалпы білім пәндерінен өткен олимпиадалар мен оқушылардың республикалық ғылыми жарыстарының осы жылғы қатысушылары, халықаралық оқушылармен алмасу жүйесі бойынша шетелде оқитындар, республикалық музыкалық мектеп-интернаттардың түлектері, ҰБТ-ға денсаулығына байланысты қатыспаған түлектер өте алады.
– ҰБТ –ны өткізу технологиясы өзгеріссіз қалды ма?
– ҰБТ бес пән бойынша жүргізіледі: қазақ немесе орыс тілінен (оқу тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектепте қазақ тілінен және қазақша оқытатын мектепте орыс тілінен және бекітілген мамандықтардан таңдап алған мамандығына байланысты өз еркімен бір пәннен. Түлек өз еркімен таңдап алған, ҰБТ тапсыруға тиіс пәндер: география, физика, биология, химия, дүниежүзі тарихы, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті), шет тілі.
– Егер түлек шығармашылық мамандықты таңдаған болса, ол үшін қабылдау ережесінде өзгерістер бар ма?
– Арнайы және шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтарды таңдап алған түлектер үшін таңдап алу пәні –ерікті, одан кейін қосымша шығармашылық емтихандар тапсырады. Сол себепті 50 балдан төмен жинамау міндетті емес. Ең бастысы, ҰБТ-дан «екі» алмау, яғни, барлық бес пән бойынша 4 балдан кем болмау керек. Шығармашылық емтихандар 2-7 шілде аралығында таңдап алған ЖОО-ның қабылдау комиссияларында тапсырылады.
– ҰБТ-да жауабы оқулықтарда жоқ сұрақтар болуы мүмкін бе?
– ҰБТ жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының шеңберінде әзірленген тест тапсырмалары негізінде өткізіледі. Оның мазмұны оқу бағдарламаларынан тысқары шықпайды.
– ҰБТ тапсыру кезінде «көмек» ұсынғандарға қалай қарау керек?
– ҰБТ мазмұны мен оларға дұрыс жауаптардың кодтары туралы мәліметтер мемлекеттік құпия болып табылады. Дұрыс жауаптардың кодын беру туралы кез келген ұсыныс алаяқтық деп қабылдануы керек.
– Тестілеу кезінде қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
– Тестілеу кезінде тәртіп бұзушылықтың алдын алу және тест тапсырушыларды қорғау мақсатында тестілеуге кіргізу барысында темір іздейтін құралдар пайдаланылады. Тестілеу жүріп жатқанда ұялы телефондардың дыбысын өшіретін құрылғылар қолданылады және бейнебақылау жүргізіледі. Емтихан алдында ҰБТ өтетін ғимарат жарылғыш заттардың бар-жоғына тексеріледі (міндетті түрде акт толтырылады).
– ҰБТ қорытындысы бойынша апелляция беру тәртібі қандай?
– Тестілеудің қорытындысы бойынша апелляцияны оның қорытындысы жарияланған күннен кейінгі күні сағат 14-00-ге дейін түлектің өзі береді. Арызданушының жеке куәлігі, ҰБТ-ға өткізетін құжаты болуы керек.
– Білім грантын алу конкурсына қатысушылар үшін не маңызды?
– Білім грантын алу конкурсында қазақ және орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихынан, математикадан және таңдап алған пәннен жинаған балдар есептеледі. Конкурсқа қатысу үшін кем дегенде 50 балл жинау керек («жалпы медицина» мамандығына 55-тен кем емес), ұлттық жоғары оқу орнына түсушілер үшін 70 балдан кем емес, оның ішінде бейінді пәннен 7 балдан төмен емес (әр шығармашылық емтиханнан 10 балдан кем емес), ҰБТ-ның басқа пәндерінен (оның ішінде орыс мектептері үшін қазақ тілі, қазақ мектептері үшін орыс тілі) – 4 балдан кем емес. Білім грантын тағайындау бойынша конкурсқа өтініштер 23-31 шілде аралығында қабылданады.
– ҰБТ тапсыру күнгі тәртіп қандай?
– Тестілеуден өту үшін түлек ҰБТ тапсыратын пунктке өту құжатында көрсетілген күні келеді. Өзімен ҰБТ-ға өтетін құжат, жеке басын куәландыратын куәлік, қара сиясы бар қалам болуы керек. Тестілеу кезінде түлектерге өзара сөйлесуге, орындарынан тұруға, басқа жерге барып отыруға, кез келген заттар және материалдармен алмасуға, аудиторияға калькулятор, фотоаппарат, мобильді байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон, планшетник, т.б.), ноутбуктерді, плейерлерді, шпаргалкаларды және анықтамалық материалдарды (Менделеев кестесі мен тұздардың еру кестесінен басқа) алып кіруге рұқсат етілмейді.
– 2015 жылы ҰБТ-да қандай жаңалықтар бар?
– Түлектер тест тапсыруға жеке басын анықтау мақсатында мектеп-мектеп бойынша кіргізіледі. ҰБТ тапсыру аудиторияларында Білім және ғылым министрлігінің өкілдері кезекшілік етеді.
Емтихан материалдарын жинауда да өзгеріс бар. Бұрын түлектер жауап беттері мен жинақты министрлік өкілдеріне тапсыру үшін кезекке тұратын. Биылдан бастап министрліктің өкілі түлекке өзі келіп, жинақ пен жауаптар беттерін алғанша оқушы орнынан тұрмайды.
Кез келген түлек ҰБТ қорытындысын үйден шықпай-ақ біле алады. Ол үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтына (www.testcenter.kz) кіріп, өту құжатында көрсетілген ИКТ нөмірін және ИИН терсе болғаны. Жалпы танысу үшін ілінген ведомостарда енді түлектің аты-жөні көрсетілмейді.
– ҰБТ технологиясын бұзғандарға қолданылатын санкциялар қандай?
– Егер түлек аудиторияда өзін ұстау тәртібін бұзса немесе рұқсат етілмеген заттарды қолданса, онда министрлік өкілінің шешімімен оқушы тестілеуден қайта тапсыру құқығынсыз аластатылады және оның қорытындылары жойылады. Тестілеуге берілген уақыт аяқталғаннан кейін (3,5 сағат) түлек емтихан материалдарын тапсырудан бас тартса, оның жауаптары тексерілмейді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button