Спорт

Джеруто допинг дауына ілікті

Жеңіл атлетикадан Әлем чемпионы, Қазақстан құрамасы мен шығысқазақстандық «Altay Athletics» клубының белді мүшесі Нора Джеруто допинг қолданды деген күдікке ілінді.

Осылайша 27 жастағы желаяқ алда болатын жарыстардан уақытша шеттетіліп отыр. Мұндай шешімді жеңіл атлетикадағы жағымсыз құбылыстармен күресетін тәуелсіз орган – Athletics Integrity Unit (AIU) қабылдаған.

AIU сайтында Нора Джерутоның күдікке ілінгені туралы ақпарат 5 сәуірде жарияланыпты. Тағылып отырған күдіктің егжей-тегжейі туралы мәліметте: «Тыйым салынған затты/тәсілді (ABP) қолдану (2.2 бап)», – деген сипаттама берілген.

Осыған байланысты еліміздің жеңіл атлетика федерациясы төмендегідей мәлімдеме жасаған:

– AIU, World Athletics еншілес ұйымы, спортшы Нора Джерутоны қан сынамалардың айғақтары негізінде допингке қарсы ережені бұзды деп айыптады. Допинг сынамасын зерттеу кезінде спортшының ағзасында тыйым салынған заттар табылмады, алайда гематологиялық профилінде өзгеріс бар екені анықталды.

AIU сарапшыларының пікірінше, мұндай өзгерістер тыйым салынған заттар мен әдістерді қолданудан кейін болуы мүмкін.

Айта кетейік, Нора Джеруто жүкті болғандықтан осы жылдың күзіне дейін жарыстарға қатысуды жоспарламаған. Жалпы, Кения елінің тумасы Қазақстанға 2017 жылы қоныс аударып, 2019-2022 жылдар аралығында халықаралық жарыстарға еліміздің атынан қатысу құқығын рәсімдеумен айналысқан. Оған дейін Джеруто Өскеменде іргесі қаланған «Altay Athletics» клубының атынан сынға түсіп жүрген-ді.

Былтырдан бері Қазақстан атынан ресми жарыстарға қатыса бастаған желаяқ қыз бірқатар байрақты бәсекеде үздіктер қатарынан көріне білді. Соның ішіндегі ең сүбелісі – АҚШ-тың Юджин қаласында өткен Әлем чемпионатында тіркелді. Америка жеріндегі додада 26 жастағы Джеруто үш мың метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында топ жарып, Әлем чемпионы атанған болатын.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button