Спорт

Дубовицкая бабында

Шығысқазақстандық жеңіл атлет Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жоқ, әңгіме Ольга Рыпакова жайында емес. Бұл жолы семейлік Надежда Дубовицкаяның қанжығасы майланды.

Биіктікке секірудің хас шебері саналатын Надежда Сербия астанасы Белградта өткен жаһандық додада бір метр 98 сантиметрге тең келетін межені еңсеріп, байрақты бәсекенің қола жүлдесін жеңіп алды.

Бұл 24 жастағы жеңіл атлетіміздің мансабындағы алғашқы жүлде емес екенін айту керек. Бұған дейін Дубовицкая Азия чемпионатының күміс және құрлықтық ойындардың қола медалін жеңіп алған болатын. Сонымен қатар ол былтыр өткен Қазақстан біріншілігінде екі метрлік биіктікті еңсеріп, ел чемпионы атанып қана қоймай, Азия рекордын да жаңартқан еді.

Ал Еуропа жерінде өткен Әлем біріншілігінде жерлесіміз тек алтын жүлдені жеңіп алған украиналық Ярослава Магучих пен күмісті еншілеген Австралия мықтысы Элинор Паттерсонға ғана жол берді.

Осы ретте, Дубовицкаяның медалі – биіктікке секіруден Қазақстанның соңғы он жылда қол жеткізген алғашқы жүлдесі екенін айтқан орынды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button