Дуэль және би кеші
![Дуэль және би кеші Дуэль және би кеші](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1526529628_img_8246-kz.jpg)
Хореография мэтрі, жерлесіміз Болат Аюханов жетекшілік ететін мемлекеттік академиялық би театры «Евгений Онегин» премьерасымен еліміздің жер-жерін аралап келеді. Өткен аптаның соңында Өскеменге ат шалдырды.
Сонымен «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде балет кеші басталды. Буын тілін қарапайым тілмен айтар болсақ, оқиға былайша өрбіп жатыр.
…Евгений Онегиннің көңілі басқаға ауды. Тіпті басқаға да емес-ау, дәл сол жылай-жылай көзінің жасы көл болып, артында қалған ғашығы Татьянаның әпкесіне ауды. Татьянаның әпкесі Ольга есімді бикеш болатын. Оған Евгениймен қатар Владимир ныспылы жігіттің де көзі түсіп жүрген. Күндердің бір күнінде екі жігіт жекпе-жекке шықты. Дуэль! Евгений қарсыласын «қақ маңдайдың тұсы» деп атып салды сонда.
Бұдан кейін Евгений иінін езген ауыр салмақтан арылмақ ниетпен көп жерлерге саяхатқа шықты. Көңілдегі мұңы серпіліп елге қайта оралды. Қайта оралған сапарында қайтадан баяғы Татьянаны бір би кешінде көріп қалды. Бірақ бикештің бұл кезде күйеуі бар болатын. Десе де, басын бәйгеге тіккен Евгений бұл жолы да жеңіске жетті. Қарсыласын «өлер жерің осы» деп жайратып салды.
– Өздеріңіз байқағандай, режиссер Болат Аюханов қойылымның соңын ертегідей жақсылықпен, екі ғашықтың қосылып, бақытты ғұмыр кешуімен аяқтап отыр, – дейді театрдың бас балетмейстері Гүльфида Гафурова. – Өкініштісі, бүгін жетекшіміздің өзі келе алмады. Десе де қойылымды жақсы алып шықтық деп ойлаймын. Анық бағасын патша көңілді көрерменге қалдырдық.
![Дуэль және би кеші Дуэль және би кеші](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1526529616_img_8227-kz.jpg)
Кешке келушілердің қатарында бүлдіршіндей қыздар көп екен. Сол кішкентай бір қыздың анасы, патша көңілді көрермен Бақытгүл айтады:
– Менің қызым Дильназ алты жаста. Екі жылдан бері биге қатысады. Қазір «Ваllerini» деген мектепке барып жүр. Сонда жүріп талай байқаудан жүлде алды. Таяуда ғана «Ренесианс» деген халықаралық би жарысынан бірінші орын иеленді. Бүгін оны аға-әпкелерінің өнерін көрсін деп ертіп әкелдім. Бізге қатты ұнады. Жоғары деңгейдегі қойылым болды. Өзім де балеринамын, сондықтан балетті бағалай алатыныма сенімдімін.
Міне, қойылым бағасы осындай.
Қызықты кеш мұнымен тәмамдалып қалған жоқ. Екінші бөлімі концертке ұласты. Онда «Ер Тұран» мен әзілге құрылған «Хатшы қыз» биіне көрермен ықыласы ерекше ауды.
Тасқын Болатұлы