Спорт

Дүбірлі доданың екі дүркін чемпиондары

Алтай ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футзалшы қыздары Қырғызстанда өткен XXI халықаралық Ыстықкөл спорттық ойындарында тамаша өнер көрсетіп, чемпиондық атақты жеңіп алды. Айта кетейік, 2001 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан дүбірлі доданың биылғысына екі жарым мыңнан астам спортшы қатысқан-ды.

Осы ретте, Қырғызстан, Қазақстан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей мен Швеция сияқты елдерден келген атлеттер армрестлинг, волейбол, стритбол, гір спорты, дартс, жеңіл атлетика, шағын футбол, мас-рестлинг, үстел теннисі, суда жүзу, арқан тарту сияқты спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтағанын айту керек.

Әсіресе командалық спорт түрлеріндегі бәсеке қызу болды. Сондай жарыстардың бірі шағын футбол турнирі еді. Ерлер мен қыздар командаларын қоса есептегенде, барлығы 90-нан астам команда қатысқан бұл сайыс, шынымен де, бүкіл спорттық ойындардың көркін қыздырды. Бір қуантарлығы, осыншама елдің аяқ допшылары бақ сынаған байрақты бәсекеде Алтай қаласының қыздары сәтті өнер көрсетіп, айрықша нәтижеге қол жеткізді. Атап айтсақ, жас футзалшыларымыз жарыстың финалына дейін іркілмей жетіп, шешуші матчта алаң иелері – қырғызстандық команданы 3:2 есебімен тізе бүктірді де, чемпион атанды. Осылайша, бапкер Асхат Молдабаевтың шәкірттері тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді. Тағы бәр мәрте дейтініміз, алтайлық қыздар командасы 2018 жылы өткен жарыста да топ жарған болатын.

– Бірінші кезекте, бізге жанкүйер болған жерлестерімізге алғыс айтқымыз келеді. Рас, Қырғызстандағы жарыс өте ауқымды болды. Қарсыластарымыз да мықты еді. Дегенмен, биылғы бәсекеге бірнеше ай бойы тынбай дайындалдық. Нәтижесін өздеріңіз де білесіздер. Шәкірттерім айтқанымды бұлжытпай орындап, жасыл алаңда бар шеберліктерін паш етті. Сол үшін оларға да зор алғыс білдіремін, – дейді команданың бас бапкері Асхат Молдабаев.

Тағы бір айта кетер жайт, бұл жолғы жарыстың қорытындысы бойынша турнирдің «Үздік ойыншысы» атағына да біздің жерлесіміз лайық деп танылды. Ол Ксения Чехова болатын.

Бір қызығы, Ксенияның шағын футболды өзіне серік еткеніне бір жылдай ғана уақыт болыпты. Ол бұған дейін мүлде өзге спорт түрі – көркем гимнастикамен шұғылданып келген екен. Оның тіптен көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне үміткер деген атағы да бар көрінеді.

– Гимнастикамен кішкентай кезімнен бері шұғылдандым, жетістіктерім де жаман емес еді. Алайда өзімді басқа бір спорт түрінде сынап, өзгеше қырымнан танылғым келетін. Сол себепті шағын футболға ден қоя бастадым. Таңдауымды әке-шешем де қолдады. Негізі, талмай еңбектенсең, алынбайтын қамал жоқ дейді ғой. Спортта да солай. Мен осы бір кішкентай ғана жетістігіммен бұл сөздің жаны бар екенін дәлелдей алдым деп ойлаймын, – дейді биылғы жарыстың үздік ойыншысы.

Жас чемпиондарымыз елге оралған бойда жерлестерінің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Спортшыларды алғашқылардың бірі болып құттықтаған Алтай ауданының басшылығы оларға алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button