Газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, Астанада мәресіне жеткен жеңіл атлетикадан X Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары тамаша өнер көрсетіп, ел қоржынына 12 медаль салған болатын. Жанкүйерлердің сенімін ақтағандардың арасында шығысқазақстандық жеңіл атлеттер де аз емес еді. Жақында сол спортшыларымыздың бір тобы Өскеменге оралып, жанкүйерлерінің қошеметіне ие болды.
Бұл күні облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары, жалпы спортсүйер қауым құрлықтық чемпионаттың жүлдегерлері атанған Элина Михина мен Елизавета Матвееваны ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Еске салайық, бұл екі жерлесіміздің бірі Азия чемпионатының алтын медаліне ие болса, екіншісі қола жүлдеге қол жеткізген-ді.
Нақтырақ айтсақ, осыған дейін бірнеше құрлықтық доданың чемпионы атанған Элина Михина тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді. 28 жастағы риддерлік желаяқ өзінің оң жамбасына келетін 400 метрлік қашықтықты бәрінен жылдам жүгіріп өтіп, қоржынын Азия чемпионатының тағы бір алтын жүлдесімен толықтырды. Дегенмен, бұл жүлденің Элина үшін орны бөлек екен. Оны жанкүйерлермен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу кезінде спортшының өзі де айтты.
– Осы жолғы Азия чемпионатынан ерекше әсер алдым. Мұндай нәтиже көрсете алғаныма өте қуаныштымын. Астанадағы керемет спорт кешеніне жиналып, бізге барынша қолдау көрсеткен барша отандастарыма, сондай-ақ бүгінгі кездесуге уақыт тауып келіп, бізге ерекше құрмет көрсеткен жерлестеріме алғыстан басқа айтарым жоқ. Енді аздап демаламыз да, қайта жаттығуларға кірісеміз. Алда күтіп тұрған байрақты бәсеке көп, – деді Азия чемпионы Элина Михина.
Айта кетер жайт, 400 метрге жүгіру ісінің хас шебері саналатын Михина елордадағы жарыста аталмыш қашықтықты 54,07 секундта еңсеріп, кезекті рет Сары құрлық мықтысы атанды.
Бұл күні өскемендік жанкүйер қауымның айрықша қошеметіне ие болған тағы бір жерлесіміз – Елизавета Матвеева Астана төріндегі додада қола жүлдеге қол жеткізген. Осы ретте, Елизавета биіктікке секіру сайысына қатысқанын айтқан жөн. Бір қызығы, бұл жарыста жүлденің барлығын қазақстандық спортшылар иеленген-ді. Олардың үшеуі де шығысқазақстандық «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының өкілі болды. Дәлірек айтсақ, чемпионаттың алтын медалін Белградта өткен соңғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Надежда Дубовицкая жеңіп алса, екінші орыннан Кристина Овчинникова көрінді. Жоғарыда айтқанымыздай, үздік үштікті Елизавета Матвеева түйіндеді.
– Осындай ауқымды спорттық іс-шараға қатысудың өзі бір бақыт қой. Ал жүлдеге іліну – бала күнгі арманыңа қол жеткізгенмен бірдей. Жалпы, биылғы бәсеке өте тартысты өрбіді. Қарсыластарымыздың қай-қайсысын алсаң да осал емес болатын. Мен тіпті үшінші орынға да іліге алмай қалуым мүмкін еді. Сондықтан маған қола жүлденің бұйырғанына бек ризамын. Енді сәл тынығып, жаттығуларды күшейтетін боламыз. Алда Ольга Рыпакованың жүлделері үшін өтетін байрақты бәсеке күтіп тұр, – деді Елизавета Матвеева.
Биылғы Азия біріншілігінде үздік үштіктен орын алу үшін Елизаветаға 1 метр 84 сантиметрге тең биіктікті еңсеру жеткілікті болыпты. Осы орайда, чемпионаттың алтын және күміс жүлдесін жеңіп алған Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникованың көрсеткіштері бірдей (1 метр 89 сантиметр) болғанын айтқан абзал.
Сөздің орайы келгенде, «Altay Athletics» клубы туралы да аз-кем сөз саптағанымыз орынды болар. Негізі, биылғы құрлықтық біріншілікте еліміздегі жалғыз кәсіби жеңіл атлетика клубы саналатын «Altay Athletics-тің» 13 спортшысы өнер көрсетіпті. Олардың арасында түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген тәжірибелі саңлақтармен бірге жастар да бар еді. Сондықтан атлеттеріміздің біразы үшін өткен Азия біріншілігі тәжірибе жинақтап, шеберлік шыңдайтын алаңға айналды. Қалғандары әдеттегідей жүлделер үшін таласты. Атап айтсақ, жоғарыда аты аталған Элина Михина, Надежда Дубовицкая, Кристина Овчинникова мен Елизавета Матвеевадан бөлек, елордадағы додада осыдан біраз бұрын Қазақстан азаматтығын алған тегі кениялық Каролин Кипкируи (қыздар арасындағы үш мың метрге жүгіру сайысы, алтын медаль, көрсеткіші – 9 минут 01,98 секунд) мен Шедрак Коеч (ерлер арасындағы үш мың метрге жүгіру бәсекесі, қола медаль, нәтижесі – 7 минут 59,84 секунд), сондай-ақ Ольга Сафронова (60 метрге жүгіру, күміс жүлде, көрсеткіші – 7,32 секунд) көзге түсті.
Ал чемпионаттың соңғы күнінде тағы бір жерлесіміз – Давид Ефремовтің қанжығасы майланды. Давид кедергілері бар 60 метрлік қашықтыққа жүгіруде топ жарып, ұлттық құраманың қоржынына алтыншы әрі соңғы алтынды салды.
Жалпы, үш күнге созылған биылғы Азия біріншілігіне 31 елден келген 400-ге жуық спортшы қатысып, жеңіл атлетиканың 26 түрінен өзара мықтыны анықтағанын айту керек. Осындай үздіктердің үздігі қатысқан дүбірлі додада Қазақстан құрамасының спортшылары алты алтын, үш күміс және үш қола медальға ие болып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бұл жолы отандастарымыздың алдын жапондықтар ғана орап кетті. Күншығыс елі спортшыларының қоржынында 15 медаль бар. Ал үздік үштікті Катар құрамасы қорытындылады. Олардың еншісіндегі жүлделердің саны – сегіз.
Осылайша, қазақстандық жеңіл атлеттер тағы да үздіктер қатарынан көрініп, қалың жанкүйерінің сенімін ақтады. Спортшыларымыздың жетістіктерін қарапайым спортсүйер қауыммен бірге Шығыс Қазақстан облысының әкімі, республикалық жеңіл атлетика федерациясының басшысы Даниал Ахметов те жоғары бағалады.
– Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде мен барлық спортшылар мен жаттықтырушылар құрамына, төрешілерге және жанкүйерлерге зор алғысымды білдіремін. Біздің спортшылар баршамызға кезекті мәрте кәсіби шеберліктерін паш етіп, жеңіске әбден лайық екенін дәлелдей білді, – деді жеңіл атлетика федерациясының басшысы өзінің құттықтау сөзінде.