Білім

Дуальді білім беруге ден қоятын кез жетті

– Жұмысшы кадрларын және орта буын мамандарын даярлау жүйесі облыс көлемінде 97 колледжде жүзеге асырылады. Оларда 200 мамандық бойынша 45 мың жас білім алуда. 10 тірек колледжі бар. Шығыс Қазақстан техникалық және кәсіптік білім беру бойынша еліміз бойынша қанатқақты өңір болып табылады. Солай бола тұра өкінішке қарай, саланың қадамы талапқа сай болып отырған жоқ.

Дуальді білім беруге ден қоятын кез жеттіОблыстық әкімдікте Қазақстандағы (GIZ) халықаралық әріптестік жөніндегі Германия қоғамы өкілдерімен кездесуді ашқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өз сөзін осылай бастады. Кездесуге мемлекеттік органдардың, әртүрлі салалық кәсіпорындардың, дуальді білім беру жүйесін жүзеге асырып жатқан колледждердің және өндірістік білім беру шеңберінде колледждермен байланыс орнатқан әріптес-кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Ал шараға қатысқан неміс делегациясын GIZ өкілеттігінің Қазақстан бойынша басшысы, кәсіптік-техникалық білім беру мәселелері бойынша халықаралық эксперт-кеңесші Райнер Гёртц бастап келіпті.

– Біздің өңір – түсті металлургияның, энергетика мен машина жасаудың, ауыл шаруашылығының ірі орталығы. Мұнда еліміздің барлық титаны, магнийі, танталы мен бериллийі шығарылса, айтарлықтай көлемде қорғасын, мырыш және бағалы да сирек кездесетін металдар өндіріледі. Облысымызда сондай-ақ, ел көлеміндегі жетекші жоғары оқу орындары, ғылым мен жаңа инновациялардың ірі орталықтары, атап айтқанда, ұлттық ядролық орталық, ядролық технологиялар паркі және «Алтай» технопаркі орналасқан. Ел көлемінде кең тараған көптеген идеялар Шығыс Қазақстаннан бастау алатынын да айтқым келеді. Соның айғағындай, біздің облыс электрондық үкіметті енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру бойынша қанатқақты өңір болып табылады. Шығысқазақстандықтар мен Германияның Қазақстандағы халықаралық байланыстар жөніндегі (GIZ) өкілдігінің бастамасының арқасында біздің облыс аумағында өткен «Дамуға арналған минералды ресурстар» атты жоба бастау алған-ды. Біз бүгін осынау жаңа жобаның дуальді білім беру турасындағы негізгі ережелерінің енгізілу барысын нақтылай талқыламақпыз, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сөз кезегін Райнер Гёртц мырзаға берді.

Р.Гёртц өзі басшылық жасайтын өкілдіктің 1990-жылдардан жұмыс істейтінін келтіріп, негізінен экономиканы әртараптандыру, жоғары білікті кадрлар даярлау, қоршаған орта мен климатты қорғау және мемлекеттік басқарудың дамуына көмек көрсету сынды төрт бағытта жұмыс атқаратынын атап өтті.

– Мен Қазақстанда дуальді білім беру жүйесі жүйелі өріс алып келеді деп ойлаймын. Сондықтан біздің бүгінгі диалогымыз ортақ іске өзіндік үлесін қосады деген пікірдемін. Қазақстандықтар дуальді білім беруге Ұлттық экономикалық палатаны тарту арқылы дұрыс таңдау жасап отыр. Елдеріңіздегі кәсіпкерлік қауымдастықтың мүддесін қорғайтын бизнес-қауымдастықтың бұл салада да біршама шаруа тындыруына болады. Сондықтан біздің ойымызша, бұл жобаларыңыз бүкіл мемлекетке өз жемісін беруі үшін оны ұлттық деңгейге көтеру керек. Өйткені, тәжірибені жетілдіріп, барлық жерде жаппай қолданысқа енгізгенде ғана түбегейлі нәтижеге қол жеткізуге болады, – деді Райнер Гёртц.

Бұл мәні зор мәселеде, әсіресе, «Атамекен» ұлттық палатасы барлық кәсіпорындарды біріктіріп отырған бірыңғай орган болмақ. Солайша нақты жүйе мен барлық бағытта, оның ішінде дуальді жүйе бойынша оқытуда тұрақтылық пайда болатын сынды.

Осы тұста аймақ басшысы ел Президенті әр сөзінде жаңа өндіріс орындарын ашуға, жаңа жобалардың жүйелі түрде енгізілуіне баса назар аударатынын тілге тиек ете келіп:

– Кадрларды нарық сұранысына қарай дайындау қажет. Алайда, бізде олай болмай келеді. Мәселен, зауыт иесі оны салмай тұрып, белгілі бір оқу орнымен келісімшарт жасасып, кейін шетелден маман шақыруға мәжбүр болмайтындай, өзіне қажетті мамандар дайындауы тиіс, – деді.

Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Е.Ясинскаяның берген хабарламасына қарағанда, өңірде жоғары санатты инженерлер, құрылысшылар мен механиктер, тағы басқа да мамандық иелері аса қат. Оларды қайта даярлау жөнінде орталықтар ашылуда. Дегенмен, олар әлі де аздық етуде. Өйткені, колледждер мен университеттер нақты қажет мамандық иелерін емес, көптеген мардымсыз мамандық иелерін даярлаудан танбай отыр.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ш.Бұқтұғытовтың сөзіне сенсек, біраз кәсіпорындар қазірде өздеріне қажетті кадрлар резервін қалыптастыру бойынша жұмыс істеуде. Оған «Қазцинк» АҚ-да ашылған орталықтардың кадрлар даярлаудағы аяқ алысы мысал бола алады.

Сонымен қатар, келелі мәселені қаузаған кездесуде 5-ші сыныптан бастап әр оқушыға кәсіптік бағдар беруді енгізу, сол арқылы қарапайым жұмысшы мамандығы өте беделді екендігі туралы ой қалыптастыру керектігі сөз болды. Дәл осы тұста германиялық әріптестердің тәжірибесін, әсіресе, дуальді білім беру қағидаларын енгізу аса қажет.

Алқалы кездесуде дуальді жүйе негізінде оқыту бойынша нақты жасалып жатқан шаруаларды сөз еткен облыстық білім басқармасының бастығы М.Ахметова сала екі бағытта жұмыс атқарып отырғанына тоқталды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button