Дәстүрлі жоқтау жанрын жаңғыртуға болмай ма?

Қазақта жалғаннан жал-құйрықсыз кеткен кісіге қарата айтатын «жоқтаушысы жоқ» деген ауыр сөз бар. Табалап немесе мүсіркеп айтады жерден де ауыр бұл сөзді. Біздің дәуірде бұл тіркестің мәнісі солғындаған. Тіпті, айтылмайды да. Айтылмағаны жақсы ғой, әрине. Бірақ ұлттық салт-сананың қалғып отырған халінен селт еткізу үшін, кейде сондай сөздер керек сыңайлы.
Шыр етіп дүниеге келген шілдехана тойынан бастау алған өлең-ғұмыр ақырғы демі үзілген қаралы күнге дейін жалғасады қазақта. Тіпті, жыл уағына дейін жоқтау айтылатын еді сонау бір жылдарға дейін. Қазір ше? Қазір басқа өңірлерді білмеймін, біздің өңірде қаралы жиындардың бағыты мүлде басқа арнаға түскен. Сумаң еткен суық хабар құлаққа жеткен соң, туыс-туған, тамыр-таныс, жора-жолдастары жиылып барып қайғыға ортақтасады. Жаназа алдында әлгі адамның жақсылығы туралы «жарыссөз» басталады. Құдды бір мерейтой дастарханында отырғандай күй кешесің. Осы жағдайды өршіте келе, қазір сол қаралы жиындарда араб тіліндегі әндерді қосуға дейін жеттік.
Кезінде арысы құласа, қалай қайғы жұтып еді біздің ел? Онда да қара жер қойнына тапсырғалы тұрған қандасына деген қимас сезімін білдірген. Қаралы хабарды естіген ерлер жағы әлгі үйге «ой бауырымдап» жетсе, әйелдер жағы қабырғаңды қайыстырып, жүрегіңді езердей зарлы жоқтау айтқан.
Мақала тақырыбына орай қазақтың осы дәстүрі қасиетті ислам дініне қаншалықты саяды деген сауалды облыстық Халифа Алтай мешітінің имамдарына жолдаған едік. Аталмыш мешіттің наиб имамы Дәулет Қабидолдин былай жауап беріпті:
– Жоқтауға қатысты Пайғамбарымыздың: «Біреу қайтыс болғанда, бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес» деген хадисі бар. Осы хадисті негізге ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Пәтуалар жинағында»: «Әбу Ханифа мазхабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады» деген пәтуа берілген.
Бұл жерде «өкіріп жылау», «бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып» жылау тағдырға көндікпеу, Жаратқанның жазмышына қарсы болу, наразылық таныту ниетінен туындайды.
Ал қазақтың дәстүрлі жоқтауына назар салсақ, оның мұндай назалану көңіл күйінен ада екенін байқаймыз. Әрине, ет жақын адамның қазасына күйінбеу мүмкін емес, «Сөйлемей пенде шыдамас, Қайғы отына ашынған» деп Абай айтпақшы, жоқтауда күйікті, шерлі сөздердің айтылмауы да мүмкін емес. Қазақтың жоқтау, көңіл айтудан тұратын дәстүрлі мұң-шер өлеңдері сол қайғыны жеңілдету мақсатында айтылған, – деп түсіндірді.
Жалпы қазақтың бұл дәстүрі өткен жылы ғана көрерменге жол тартқан «Құнанбай» көркем фильмінде нақты көрсетілген. Аға сұлтанның әкесі Өскенбай қайтыс болғанда, келіндері мен Зере әже жыл уағына дейін қара жамылып, жоқтау айтады. Осы тәрбиемен өскен қазақтың ғұламасы Абай да «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген жолдарды осы жоқтауға қатысты жазып отырғаны бесенеден белгілі.
Дәулет имам бұл дәстүр пайғамбар дәуірінде де бар екенін айтады. «Сәфия бинти Әбдулмүттәліп (р.а.) Пайғамбарымыз қайтыс болғанда мынадай жоқтау айтқан: «Аза тұтып, күйзелгенімді-ай! Қайғыдан қан жұтып, ұйқым қашты. Ажал оғы саған тимей, мені тапса етті. Жиған-терген мал-мүлкінен айырылған пақырдың күйін кештім, жалған-ай! Жан-дүнием алай-дүлей боп бұ дүниеден баз кешкендеймін, әттең-ай! Ей, Алланың расулы! Сен біздің үмітіміз және қамқоршымыз едің. Өміріңде бір зекігеніңді естіген жоқпыз»…

Бұл дәстүр шет елдегі қандастардың ортасында әлгі күнге желісін үзбей келеді. Қаралы әулеттің қыз-келіндері, абысын-ажындары беттерін орамалмен басып отырып көңіл айта келген ағайынмен көріседі. Жоқтауға өткен кісінің өмір жолы, жоқтаушы адамның марқұмға деген қимастық сезімі, құрметі арқау болады. Қазақы қара өлеңнің желісінде айтылатын бұл жыр кейде көңіл айта келген кісілерге мұң шағуға да ұласады.
Өткен ғасырда Қытайдың Алтай өңірінде Башай деген ақын өткен. Төкпе ақынның туындыларын сол жақтағы өлеңге әуес жастардың біразы жатқа айтады. Сол ақынның анасы Жексенбай деген кісінің құшынаш кемпіріне емделеді. Ем-домына ақысын да аямаса керек. Бірақ әлгі емшіден қайыр болмай, аяулы ана ақырғы сапарға аттанады. Әлгі апа бата жасап келгенде, Башай шымылдықтың ішінде жоқтау айтып отырған жеңгелерінің қасына отыра қалып:
«Кигенің сеңсең, елтірі,
Апам өлді, сен – тірі.
Жегенің шықсын желкеңнен,
Жексенбайдың кемпірі…» деп шұбырта жөнеліпті. Бұл әзіл емес, анаға деген асқақ махаббаттан туған ащы жыр болса керек. Осыған қарап-ақ, жоқтаудың мән-маңызын түсінуге болар.
Тарихқа үңілсек, қисса-дастанға бергісіз талай жоқтаулар бар. Тіпті, көңіл айту, естірту, жоқтау сынды қазақ салтына байланысты би-шешендерден қалған том-том нақыл сөздер жетерлік. Күні кеше Абай Ақылбайын жоқтағанға дейін өлмей келген бұл жанр қазақ топырағында. Айтпақшы, бұл қазаққа ғана емес, қырғыз туысқандарымызда да бар салт. Бұл қазақтың әйгілі ақыны Кенен Әзірбаев қос ұлынан айырылып жатқанда айтқан қырғыз ақын Оспанқұлдың жоқтауынан бізге мәлім.
Иә, «шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» дейді қазақ. Көңіл айта барған ағайынға бедірейіп отырмай, шер-қайғысын жоқтаумен шығарса игі еді бүгінгі ұрпақ. Біреудің қайғылы басына ақыл айтайық деген ойымыз жоқ. Бірақ өлген адаммен бірге салт-дәстүрді өлтірмей, біреуін тірілтіп қалсақ болмай ма?! Қазақтың қанында бар дүние ғой, мүмкін рухани жаңғырып жатқан бүгінгі таңда сол қандағы қасиет тірілетін шығар деген ниетпен ой тастап отырмыз. Әр қазақтың артында жоқтаушысы болса, өмірдегі ізі өшпес еді.
Мұратхан Кенжеханұлы