Білім

Әдістемелік құрал олқылығымыздың орнын толтырды

Қолымызға тағы бір жаңа кітап тиді. «Қазақстан тарихы» атты мұғалімдер мен талапкерлерге арналған әдістемелік құрал.

Әдістемелік құрал олқылығымыздың орнын толтырдыБәрекелді, дедік қуанып. Бүгiнде жалпы бiлiм беру жүйесiнде көп сынға ұшырап, олқы соғып тұрған бір мәселе бар болса, ол – мектептегі оқулық мәселесi. Әсіресе, Тәуелсіздік алғалы отандық ғалымдарға төл тарихымызды жүйелеп, оқулық жазудың оңайға түспегені анық. Әдістемелік құралдардың да тапшылығы алдан шыққаны сөзсіз.

Міне, қолымыздағы бұл әдістемелік құрал сол олқылықтардың орнын толтырып отыр. Әдістемелік құралдың мектепте тарих сабағын оқытуды жаңа технологиялық талаптарға сай жүргізуге сеп болатынына сенуге болады. Әдістемеде қазақ даласында адам баласы пайда болғаннан бастап, ежелгі мемлекеттердің қалыптасу тарихы және түркілік дәуір, сондай-ақ, ұлттық мемлекеттің қалыптасуы мен даму кезеңдері кестелер мен сызбалар арқылы әр қырынан қамтылыпты. Автор тарих пәнінің негізгі түсініктері мен категорияларын, негізгі даталарды, тарихи оқиғаның желісін оқушы ұғымына сай етіп кесте түрінде өте ұтымды, әрі түсінікті етіп бере білген.

Бір ескерерлігі, оқулық авторы Бауыржан Ешмағамбетов ең алдымен ұстаз. Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы қазақ орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Жалпы, қазіргі оқушыны кешегімен салыстыруға әсте болмайды. Ал Бауыржан кітаптағыны жаттап алып оқушыға айтып берумен шектелетін мұғалімдердің санатынан емес. Бұл оқулық Бауыржанның ұстаз ретінде тынымсыз ізденген еңбегінің, төгілген ащы терінің тәтті жемісі. Ізденімпаз ұстазға аталған кітапты жазу үшін небір ғалымдардың, атап айтқанда, неміс тарихшылары Г.Гимпель, Х.Мейенбург, К.Кейнцтің, украин математигі В.Шаталовтың еңбектерімен танысуға тура келіпті. Қалай десек те Бауыржанның тәуелсіз еліміздің төл тарихын ұрпаққа оқыту жолында үлкен еңбек сіңіргені шындық.

– Мен К.Бозтаев атындағы қазақ орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып істегеніме биыл он төртінші жылға кетіп барады. Өзімнің педагогикалық жолымды бастағанда, сабақ барысында көптеген қиындықты бастан өткіздім. Қажетті оқулықтардың жетіспеуі, сабаққа қолданатын көрнекіліктердің жоқтығы қолды байлады. Сабақты көрнекіліксіз өткізу оқушыларды тез жалықтыратыны бәріне мәлім. Сол себептен өзімнің педагогикалық шеберлігімді шыңдау барысында және де сабақтарымды өткізу үшін жан-жақты ізденіп, алдыма мақсат қойдым, – дейді Бауыржанның өзі кітаптың жазылу тарихы туралы.

Осылайша кестелер мен графикалық сызбалардың тиімділігін ұққан Бауыржан 2002 жылы оқулық жазуды қолға алады. Көмекші құрал Қазақстан тарихы пәнінің толық бағдарламасы бойынша дайындалыпты.

Қашан да кітап шығарудың өзіндік қиындықтары бар екендігі де белгілі. Кітап шығару үшін қалтаң қалың болу керек. Осы орайда Бауыржан Ешмағамбетовтің бұл еңбегінің жарық көруіне белгілі қаламгер, журналист Бекен Нұрахметов демеушілік етіпті. Талантты жандарға қол ұшын беріп жүрген осындай адамдарға алғыстан басқа не айтасың! Бұл дүниенің ұрпақтың қажетіне жарайтынына да сенім мол!

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button