Өскемендегі бірлік пен келісімнің символына айналған этноауылда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXX сессиясы өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында нақты міндеттерді белгілеп берген болатын.
– Президент атап көрсеткен тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық – барша қазақстандықтарға ортақ құндылық. Шынымен де, біз тек ортақ күш-жігерімізбен болашақ жетістіктердің сенімді іргетасын қалап, саясатта, экономикада, мәдениет пен қоғамда түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыра аламыз, – деді алқалы жиында сөз алған облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Өңір басшысы жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуда Ассамблея маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ әлемде баламасы жоқ, конституциялық мәртебесі бар бірегей құрылым еліміздегі барша этносты бір шаңырақ астында біріктіріп отырғанын жеткізді көпшілікке.
Бұл жиынға Ассамблея Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қатысқанын айта кетуіміз керек. Өңірдегі Ассамблея мүшелері, Достық үйілерінің басшылары, ақсақалдар мен аналар кеңесінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен белсенділер де дөңгелек үстел басынан табылды.
Бүгінде өңірде сегіз Достық үйі жұмыс істеп тұр. Достық үйлерінің жанынан «Кел, сөйлесейік!» атты ауызекі қазақ тілін үйрететін клубтар ашылып, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту басталған. Биыл аталмыш курспен мемлекеттік қызметкерлер түгел қамтылады деген жоспар бар.
Өңір басшысы мұндай курстардың ауқымын кеңейтіп, білім беру үдерісіне енгізу керектігін атап өтті.
– Достық үйі Ассамблеяның ғана емес, түрлі этнос өкілдерінің, жастардың ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Мемлекеттік қызметкерлердің ана тілін үйренгенін толық қолдаймын. 1 қарашаға дейін курстарды Достық үйлерінің базасында ғана емес, білім беру үрдісіне де енгізуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жыл соңына дейін барлық қалалық және аудандық Достық үйлерін қажетті штатпен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен ішкі саясат басқармасы облыстық Достық үйінің базасында комьюнити орталық ашу мүмкіндігін қарастырады.
Қазір өңірде жүздеген Аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңес мүшелері отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жастарға патриоттық тәрбие беруге, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуға үлес қосып келеді. Бұл сөзімізге алтайлық аналардың бастамалары айғақ болады.
– Алтай аудандық Аналар кеңесінің жетекшілігімен қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін «Дәстүр» мектебі ашылған. Біз ұзақ өмір сүру орталықтарымен, ардагерлермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға да көңіл бөліп, көмектесеміз. Бүгінде 18 ата-ана Аналар кеңесінің көмегімен тұрақты жұмысқа орналасты. Осы орайда Алтай ауданында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық тіркелмегенін айта кеткім келеді, – деді Алтай аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Алтынай Нұрмұхамбетқызы.
Отбасы құндылықтарын нығайту, ана мен баланы қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі отбасы институтын дамытуда, ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарады.
Мемлекет басшысы елімізде Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі сияқты құрылымдарды дамыта түсу қажеттігін атап өткен болатын. Бүгінгі таңда этносаралық келісімді нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және толерантты тұлға қалыптастыру – Аналар кеңесінің басты міндеті. Сондықтан аймақ басшысы аудан-қалалардың әкімдеріне кеңес қызметін қолдауды тапсырды.
Биыл көктемде бірқатар өңір табиғи апаттан зардап шеккені белгілі. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы су тасқыны салдарынан күрделі жағдайға тап болған аймақтарға алғашқылардың бірі болып көмек берді. Өңірлік сессия барысында облыс әкімі сын сағатта жұмыла әрекет еткен еріктілер мен Ассамблея мүшелерін алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ алқалы жиында аймақ басшысы береке-бірлігі жарасқан Ассамблея мүшелеріне шағын автобус кілтін табыс етті.