Мәдениет

Достық пен бірлікті паш етті

Достық пен бірлікті паш етті
Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері славян халықтарының мерекесі – «Масленица» мейрамын атап өтті. Оған бірнеше ұлт өкілдері қатысып, достық пен бірлікті паш етті.
Бұл күні қаһарлы қысты шығарып салып, шуақты көктемге қош келдің айтқан өскемендік бүлдіршіндер бір-бірін құттықтап, мәз-мейрам болды. Арнайы костюмдер киіп, славян халқына тән ас мәзірін дайындаған балалар өздері әзірлеген тәтті-дәмділер мен қолөнер туындыларын саудалады. «Үміт» балалар үйі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марина Дәулетбекованың айтуынша, жәрмеңкеден түскен қаражат балалардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалады.
– Бізде көркем-шығармашылық, оқыту-дамыту, спорттық сауықтыру бағытында 19 үйірме жұмыс істейді. Әр бала өз қызығушылығы мен бейімділігіне байланысты жеке шығармашылығын дамытады. Үйірмеде балалар бір-біріне көмектесуді, топпен жұмыс істеуді үйренеді, – дейді Марина Дәулетбекова.
Мерекелік шара барысында шырқалған әсем ән де, ұлттық киімдермен жасанған көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтіре түсті. Шараға қатысушылар дәстүрлі дастарқан мәзірінен дәм татып, концертті тамашалады.
– Жүзден астам ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатқан біздің өңірімізде барлық этнос өкілдерінің ұлттық мерекелері кең ауқымда аталып өтіледі. Әсіресе, облыс орталығы Өскеменде айрықша сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл күймен тойланады. Аталмыш мейрам бүгінде өскемендіктер үшін достықтың, болашаққа деген сенімнің бастауына айналды. Мереке күні жұртымыз береке-бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсетіп, әлемдік қауымдастыққа еліміздегі этносаралық татулықты паш етеді. Еліміздің басты жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының негізіне айналды, – дейді Марина Дәулетбекова.
Шара соңында барлық қатысушы Алғыс хаттармен марапатталды. Одан кейін мерекенің дәстүрі бойынша қарақшыны өртеу рәсімі өтті. Бұл орыс халқының айтуынша, қысты шығарып салып, көктемді қарсы алуды білдіреді.

Ажар МҰРАТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button