Мәдениет

«Донор» фильмі жарық көрді

Берікхан Тайжігіт

Жерлесіміз, аягөздік Дастан Қалдыбаевтың толық метражды «Донор» мелодрамалық көркем фильмі 17 қарашадан еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады. Осыған дейін «Күшік құда квартиранты» комедиясымен, тағы басқа туындыларымен  жұрттың ыстық ықыласына бөленген шығармашылық топтың бұл жолғы өнер туындысы қандай болды? 

Фильм бүгінгі қоғамда болып жататын қарама-қайшылық пен әлеуметтік теңсіздікті экраннан қаз қалпында көрсеткен. Жалғызбасты Жарқынның (актер Қуандық Шәкіржанов) жалғыз қызын асырау барысындағы басына түскен қиыншылықтар арқылы бүгінгі замана тауқыметін айшықтай білуі режиссер Дархан Саркенов пен сценарий авторы, бас продюсер Дастан Қалдыбаевтың оң шешімі болған. Рас, көркем фильм болғандықтан, қырып, жонып, мұртын басып, қажетті эпизодтарды қосыпты. Бір қарағанда, мінезі қатал, қалада өскен бизнесвумен Раушан Маратқызы (Баян Алагөзова) мен өн бойына кәуап түтінінің иісі сіңген, тек жалғызын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» аялап өсіріп жатқан Жарқынның былайғы өмірде кездесе қоюы екіталай. Алайда ар-намыс пен тағдыр алдындағы шарасыздық осынау екі әлеуметтік топтың өкілдерін ағза алмастыру (трансплантация) клиникасында табыстырады. Орта мектепті аяқтап жатқан қызына (Ақниет Беласар) қажетті қаражатты тауып бере алмай пұшайман болған жігіт амалсыз бір бүйрегін сатуға бел буады. Оқиға желісі де осы жерден ширығып сала береді…

Баршаңызды «Донор» көркем фильмін көруге шақырамыз. Жерлесіміз Дастан Дүйсенұлына шығармашылық табыс тілейміз!

Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button