Домбалановтың балалары бауырмал болып өседі

«Ерке сылқым» күйін сылқылдата шерткен өзге ұлттың балаларын көргенде денеміз шымырлап, жүрегіміз тебіреніп кеткені рас. Талайдан бері арқаны құрыстырып, кеудені кернеген сағынышты осылайша күймен жеткізген балалардың жанарынан бір мұңды байқадық. Сол сәтте: «Баласын жаутаңдатып тастап кеткен әкенің жүрегі мұз ба екен, әлде, анасының бауыры тас па екен?!» деген ойға қалдық. Расыменде, қандай ата-ана бауыр еті баласын тастап кетуге батылы жетті екен. Мынау бес күндік жалғанда барлық сәби үшін отбасында тәрбиеленгеннен асқан бақыт жоқ шығар, сірә…
Науалы ауылындағы балалар үйіне барғанымызда бізді аталмыш мекеменің директоры Тұрсын Домбаланов қарсы алды. Отыз жылдан астам уақыт бойы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға пана болып, олардың бойына қазақы тәлім-тәрбиені сіңіруге бар күш-жігерін салып келе жатқан бұл азаматтың еңбекқорлығына таңқалмасқа шара жоқ?! Олай дейтініміз, бұл мекеменің басшысынан бастап балаларына дейін бәрі бағбан екен. Балалар үйінің есік алдына кірген кезде тап-тұйнақтай таза аула мен жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ағаш мүсіндерді көріп, ертегілер әлеміне тап болғандай әсерде қаласыз. Ал айналасында алма, алмұрт, алқоры, өрік, шабдалы, шие, жүзімнің түр-түрі өсетін жеміс ағаштары бар. Тіпті, аталмыш мекеменің ауласында бір діңнен нәр алып тұрған жеміс ағаштарын көріп таңғалдық. Алма мен алмұрт бір тамырда бірге өсіп тұр. «Бағбандық деп осыны айт. Бау-бақшаның тілін табу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық» дедік таңданысымызды жасыра алмай.
Жолбасшымыз – аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Елдос Бейсенов балалар үйіне бет алғанымызда Тұрсын Домбалановтың өте еңбекқор жан екенін айтқан болатын. Десе дегендей, осыдан отыз үш жыл бұрын бұл мекеменің ғимаратынан басқа түгі болмаған екен. Қазір мұнда Тұрсын Домбалановтың басшылығымен отбасылық үлгідегі үй, клуб, монша, жазғы лагерь, саяжай сияқты нысандар салынған. Бұдан бөлек, балаларды тасымалдайтын бірнеше көлік бар. Мекеме басшысының айтуынша, олар мұның барлығына мемлекет қамқорлығы мен балалардың еңбекқорлығының арқасында қол жеткізген.
– Біздің балалар ауладағы жылыжай мен бау-бақшада өсірілетін көкөністерге өздері күтім жасайды. Ал күзден бастап, наурызға дейін сол өнімдерді тұтынады. Негізі баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Сонда олар маңдай термен келген дүниенің қадірін білетін болады. Жалпы, мекемемізге облыстық қазынадан қаражат бөлінеді. Дегенмен де, балаларды үнемшілдікке, ысырапшылдыққа жол бермеуге, еңбек етуге үйретеміз. Қазір менің балаларым жерді қалай күтіп-баптау қажеттігін жақсы біледі. Өнімдерімізді қоймаларда сақтаймыз, – дейді Тұрсын Домбаланов.
Бүгінде 51 бала тәрбиеленіп жатқан аталмыш мекеме алғаш рет 1934 жылы мектеп ретінде пайдалануға беріліпті. Кейіннен тағдырдың ауыртпалығын тартқан талай баланың топшысын бекітетін мекемеге айналған. Бір қызығы, Тұрсын Домбаланов басқарып отырған балалар үйінің өзіндік ерекше тәлім-тәрбиесі бар. Айталық, мұнда тұрып жатқан бүлдіршіндер мен жасөспірімдер қазақтың салт-дәстүрін түгелдей дерлік меңгерген. Тіпті, аталмыш мекемеде тәрбиеленіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің балалары жұма сайын құранға қол жайып, өмірден өткен барша мұсылманға дұға жасайды екен.
– Бір қуанатыным, мұнда қазақ балалары аз. Өйткені, біз ежелден ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, үлкен адамға құрметпен қарап, кішіге ізеттілік таныта білген текті халықтың ұрпағымыз ғой. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мақал бар. Елімізде жетім балалар көбеймесін десек, ұл-қыздарымызға дұрыс тәрбие беріп, келеңсіздіктің алдын алу әлдеқайда артық. Осы ретте қыздарға ананың, ал ер балаларға әкенің ақыл-кеңесі, тәрбиесі ауадай қажет. «Ер адамның бұзылғаны – бір шаңырақтың бұзылғаны, ал қыздың бұзылғаны – ұлттың бұзылғаны» екенін ұмытпайық. Ұлт ұйытқысына айналар қыздардың жауапкершілігі мен тәрбиесін ата-аналары назардан тыс қалдырмаса деген ниет біздікі, – дейді Тұрсын Домбаланов.
Бұл мекеменің тәрбиеленушілер жазғы демалыстарын Тарбағатай тауының бөктерінде орналасқан жекеменшік саяжайда өткізеді. Онда балалар ара шаруашылығымен айналысып, бос уақыттарында табиғат аясында серуендейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың көмегімен құны алты миллион теңгені құрайтын саяжайға қол жеткізген мекеме басшысы жоқтан бар жасауға шебер екен. Көне мекеменің бұзылған ғимаратының іргетасынан су ағатын атыз жасап, оны бау-бақша суаруға пайдаланып отыр.

– Есіктің алды әдемі болып тұрса, ал үйдің іші мұнтаздай тап-таза болса, балалардың көңіл-күйі де тамаша болады. Бұл оларды эстетикаға тәрбиелейді, – деген мекеме басшысы отбасылық үлгідегі үй жағдайында өскен балалардың бауырмал болатынын атап өтті.
Науалы балалар үйінің отбасылық үлгідегі үйінің тәрбиеленушілері татулығымен, еңбекқорлығымен үнемі үлгі болып келеді. Қазір бұл балалар үйінің түлектері еліміздің өзге өңірлерінде, сондай-ақ шетелдерде жемісті еңбек етуде. Олар түлеп ұшқан ұяларын ешуақытта ұмытқан емес. Мәскеуде жанармай құю бекетін ашып, оған «Науалы» деп атау берген кәсіпкер азаматтар да осы мекемеден тәрбие алып шыққан екен кезінде. Осы ретте, балалар үйінің тәрбиеленушілерін «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп тәрбиелеп жатқан Тұрсын Домбалановты балалар ерекше жақсы көретінін аңғардық. Ал мұндағы әр баланы туған перзентіндей жақсы көретін тәрбиешілер жыл сайын түлектерді қимастықпен шығарып салады екен. Өзегін жарып шыққан перзенті болмаса да балалар үйінің тәрбиеленушілерінен ақыл-кеңесін аямаған мекеме тәрбиешілері өз түлектерін мақтан тұтады. Әрі олар үшін алаңдайтынын жасырмайды.
Осы күнге дейін Науалыдағы балалар үйінің 67 тәрбиеленушісі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жаңа пәтерге қол жеткізген. Сонымен қатар, төрт бала аудан әкімінің грантына ие болған. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, мұндағы балалардың 75 пайызы мемлекеттік грантқа оқуға түседі.
Әрине, балалар үйінде барлық жағдай жасалғанымен өз үйіндегідей болмайтыны анық. Сол себептен, біз аталмыш мекеменің тәрбиеленушісі Светлана Тарасованы сөзге тарттық. Осыдан жеті жыл бұрын тағдыр тәлкегіне түскен бойжеткеннің айтуынша, мұнда оларға бәрі жақсы қарайды. «Үшінші сыныпта оқып жүргенде әкем дүниеден өтті. Әлі есімде, қарашаның қара суығы болатын. Бір күні сабақтан келсем, үйде туған-туыстарым жылап-сықтап жүр. Апам мені көре салысымен: «Бізді қалай ғана көзі қиып тастап кетті?! Енді сенің болашағың не болар екен?» деп құшақтап, жылап қоя берді. Бастапқыда түсінбей тұрып қалғаныммен, артынша есімді тез жиып алдым. Сол күні әкемнің өмірден озғанын естіген кезде бірден бірнеше жасқа есейгенімді сезіндім. Араға біраз уақыт өткен соң, мамам басқа адамға тұрмысқа шықты. Одан кейін мен осы балалар үйіне түстім. Өйткені, отбасындағы жағдай өзгерді. Апам жасы келген адам болғандықтан, мені бағып-қағуға шамасы жетпеді. Әкемнің бұл жалғаннан ерте озғанына өкінемін. Өмірден еш қызық көрмей кетті ғой. Шынымды айтсам, менде басқа балалар сияқты анамды қатты жақсы көремін. Мамама ешуақытта ренжіген емеспін. Бірақ анам мені балалар үйінен алып кетуге келсе, қайта бармаймын, – дейді бойжеткен.
Бүгінде Науалы ауылындағы Қ.Төлеубеков атындағы орта мектепте 10 сыныпта оқитын Светлана болашақта дәрігер болуды армандайды. Бос уақытында «Шебер қолдар» үйірмесіне барып, түрлі тағам әзірлеумен айналысқанды ұнатады. Бұдан бөлек, қазақ тілін жетік меңгерген Светлана алдағы уақытта ағылшынша үйренгісі келетінін де жасырмады.
– Біз Тұрсын Домбалановты балалар үйінің директоры ретінде емес, туған әкеміздей жақсы көреміз. Осы орайда, жанашыр жақынымызға айналған мекеме басшысына шын жүректен алғысымды білдіремін. Біз ол кісінің адамгершілігін, азаматтығын, мінезін, бар болмысын сыйлаймыз. Қазақы мінез қайсарлықты қабағынан танытатын осы бір жанды біздің балалар өзгелер көретін алып тұлғасынан әлдеқайда биік көреді, – деп ақжарма тілегін білдірді Светлана.
Біз қоштасар сәтте тірлігі мен бірлігі жарасқан бақуатты балалар үйінен мерейленіп шықтық. Бәрінен бұрын, өзге ұлт өкілдерінің балалары көптеп тәрбиеленіп жатқан мекеменің жеткіншектері мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі қуантты бізді.
Ажар Сағатбекова
Үржар ауданы.