Мәдениет

Дін төңірегінде уағыз айтылды

Өскемендегі Достық үйінде облыстық ақпараттық-насихат тобының ұйымдастыруымен діни ағымдардың мәнін түсіндіріп, мектеп жасындағы жеткіншектердің арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында кездесу өтті. Кездесуге қала мектептерімен қатар Ново-Троицк ауылының оқушылары қатысты.

Дін төңірегінде уағыз айтылдыОблыстың дін істері жөніндегі департаментінің директоры Манарбек Мұхамеджанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемендегі өкіл имамы Нұрлан қажы Асанов, Богородице-Рождество шіркеуінің діни қызметкері Евгений Яганов, облыстық ішкі істер департаментінің діни экстремизм және терроризммен күрес бөлімінің бастығы, полковник Ғалым Оразбаев оқушылар алдында тәлімді әңгіме айтып, олардың сауалдарына жауап берді.

Залдағы оқушылардың дені қазақ сыныптарының оқушылары болғандықтан ба екен, сауалдардың басым бөлігі Нұрлан қажыға бағытталды. Жалпы оқушыларды мұсылмандық шарттары, сақал қою, хиджаб кию, намаз бен мешітке барудың міндеттілігі, ата-ана мен бала арасындағы діни көзқарастар қайшылығы сынды мәселелерге қатысты сұрақтар көп толғандыратыны байқалды.

Өз тарапынан Нұрлан қажы суицидтің ислам дінінде ешбір ақталмайтынын, өзіне қол жұмсауға шылым шегу мен есірткіге салыну да жататынын қадап айтып, жастар арасында құран аяттары жазылған әуендер мен суреттерді ұялы телефонға салып жүру сәнге айналғанын, бірақ бұл да діни сауатсыздықтың бір белгісі екенін ескертті. Ал Ғалым Оразбаев өткен жылдың қазан айында өзгертулер мен толықтырулар енгізілген дін істері туралы заңнаманың жаңалықтары жөнінен мағлұмат берді. Жуық арада облыстық әкімдіктің қаулысымен діни әдебиеттерді тарататын орындар белгіленетін болады. Осы орындардан басқа жерде аталмыш әдебиеттерді тарату заңсыз болып есептелінбек. Діни экстремизм мен терроризм үшін берілетін жаза да қатал болмақ.

Облыс бойынша 35 тіркелмеген діни ұйым бар екенін, жыл аяғына дейін тіркелмеген ұйымдардың жұмысы тоқтатылатынын жеткізген М.Мұхамеджанов әкімдік бекіткен орындардан басқа жерлерде діни әдебиет таратудың куәсі болған жағдайда ішкі істер қызметкерлеріне немесе әкімдікке хабарлау керектігін атап өтті. Ол кездесуді қорытындылай келе қазақтың бөлінуіне жол бермес үшін жастардың діни тұрғыда сауатты болуы қажеттігін, ал мұны қамтамасыз ету үшін мектептердегі дінтану пәні мұғалімдерінің білім сапасына мән берілетінін тілге тиек етті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы тақырыптағы кездесулер басқа мектептердің оқушыларымен де өткізілмек.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button