Мәдениет

Дәмі балдай Зайсанның қарбыздары-ай

Дәмі балдай Зайсанның қарбыздары-ай


«Дидар» газеті оқырмандарына «Біз де бала болғанбыз» атты жаңа жоба ұсынады. Жобаға қатысқан кез келген оқырман өзінің бала күнгі бастан кешкен қызғылықты оқиғаларынан, мектеп қабырғасындағы алаңсыз күндерінен, студенттік шақтарында немесе әскер қатарында жүрген кездерінде көз көрген, құлақ естіген қызықты, қорқынышты оқиғаларын жазбаша түрде ұсына алады. Көлемі үш-төрт беттен аспағаны жөн.

70-80 жылдары берісі Семей, Өскемен, әрісі Алматы, Талдықорған облысына дейін аты шыққан «Зайсанның қарбызы» деген қарбыз болды. Сол қарбыздардың тәттілігі сондай, балдай дәмі осы күнге дейін таңдайдан кетпейді.

Ол кезде бала болғасын солай көріне ме, әйтеуір, әлгі қарбыздардың үлкендігі соншалық, қайсыбіріне құшағымыз жетпейтін. Жердің құнарлылығы ма, болмаса елдің бәрі Юра атап кеткен қытай бағбанның құпиясы ма, сол қарбыздар аса бітік шығатын. Сабақ бастала салысымен, Зайсандағы М.Әуезов және Ю.Ломоносов атындағы екі орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларын жаппай қарбыз жинауға апаратын. Оның өзі бір жырға бергісіз науқан еді.

Жалғанда біреудің еңбегінің, маңдай терінің қадір-қасиетін біреу білген бе? Оның үстіне өңшең бір ұшып-қонып тұрған, оңы мен солын әлі айыра қоймаған 15-16-дағы желөкпе ұлдар мен қыздар болса. Бір бригададағы бақша қожайындары шамамен 5-6 адам. Екі-үш бригада ала жаздай шыжыған күннің астында белдерін бүге жүріп бағып-қаққан, түптеп-суарған, арам шөбін жұлған адал еңбектері «қайдағы бір қаланың тікбақай, ақсаусақ балаларына обал болмасын» дейтін болулары керек, таңертеңгілік барған бетте бүкіл оқушыны бір мәрте қарбызға тойдырып алады. Әйтпесе, әрнені сылтауратқан қулар түрлі себептермен қарбыздарды «абайсызда», «байқамай» жарып алады. Ал жарылған қарбызды босқа тастайтын емес. Міндетті түрде жеп қою керек, әйтпесе «обал» дегендей…

Ал енді өзіңіз санай беріңіз. Бір ғана Әуезов мектебінен жоқ дегенде 200, Ломоносов мектебінен де сондай мөлшерде барған, оның үстіне бір жылдан бері қарбыз көрмей қызылсырап жүрген бас-аяғы 400 балаға қанша қарбыз тілінеді десеңізші?.. Әрі олар жуыр маңда тойып бере ме? Сонымен, қойшы әйтеуір… Осылайша, бара-сала қарбызға тойып ап, ықылық атқан «жұмыскерлер» ендігі жерде іске кірісіп кеп кетеміз. Бір тобымыз алқапта жайқалып өсіп тұрған қарбыздың пісті-ау деген үлкендерін сабағынан үзсек, енді бір топ әлгі қарбыздарды бақша қожайындарының көрсетіп берген жерлеріне үйіп, жинаймыз. Ұшы-қиыры жоқ қарбыз алқабына құмырсқадай қаптатып жібергенде, манағы 400 оқушың теңізге тамған тамшыдай ғана боп сіңіп кетеді екен.

Түс ауа жиналған қарбыздарды тиеп әкету үшін соңында тіркемелері бар, арқырап-күркіреген «Камаз» көліктері келеді. Жүргізушілерінің дені орыс жігіттері. Әр көліктің кузовына төрт-бес баланы шығарып, қалғандары жерде үйіліп жатқан қарбыздарды соларға лақтырып, тиейміз. Бірден айта кету керек, бұл жұмысқа қыздар қауымы әу бастан қатыстырылмайды. Олар сол қарбызды сабағынан ажыратып, ортаға үйіп дегендей, әуелдегі жұмыстарын жалғастыра береді. Кішігірім шелектей-шелектей қарбызды жақтауы биік кузовқа лақтыру да оңай шаруа емес. Ол міндетті көбінесе спортпен айналысатын, темір-терсекке әуес, бойлары ұзындау, бір сөзбен айтқанда, қолының қаруы бар деген оқушылар атқарады. Қарбыз жарудың көкесі де осы кезде басталады. Қарбыз – үрлеп қойған доп емес қой. Салмағы болса зілдей. Манағы түске дейін жарылған қарбыз, қарбыз ба. Бірі үстідегі алушыға жетпей қалса, енді бірі борттың жақтауына соғылып, жерге гүрс-гүрс құлап, ішек-қарыны ақтарылып кеп жатады. Бағбандардың да жан дауыстары шығып, шыр-пыр болатын жерлері осы тұс. Алғашында орысша-қазақша араластырып сықпыртып тұрып боқтайды әлгі қарбыз жарғыштарды. Бірақ, сөздің шыны керек, шамамыз жетпей жатса өлеміз бе? Ақыры мәшиненің айналасына қып-қызыл боп жайраған қарбыздар көбейе бастағасын «Әй, әкетай-көкетайлар, байқап-байқап тиеңдерші. Мынау – біздің жаз бойғы қып-қызыл еңбегіміз ғой, аясаңдар етті?» деп, жалына бастайды. Ол кезде мектептерде ер мұғалімдердің қарасы әлдеқайда көп болатын. Оқушыларға бас-көз боп, жұмысқа бастап апаратындар да солар. Ер-азамат әрі ұстазың болғасын, олардан да аздап қаймығатынымыз өтірік емес. Соны білетін олар да бағбандардың сөзін сөйлеген боп, анда-санда аты-жөнімізді атап, айғайға сүрен қосып қояды.

Алғашқы күндердегідей емес, біртін-біртін қарбызды лақтырушының да, үстіде тұрып қағып алушының да қолдары жаттығып, жұмысымыз бір жүйеге еніп, нәтижесін бере бастайтын. Мұндайда көңілі орныққан Юра бағбан да жомарттық танытып, жұмысты жақсы істеп, көзге түскендерге жұмыс соңында бір-бір қарбыздан «премия» береді.

«Баланың істегені көзге көрінбейді» десе де, өзімізге тиесілі екі, кейде үш аптада қаншама қарбыз жарсақ та, боқтықтың түр-түрін естісек те, шулап-шұрқырап жүріп сол науқанға көп қолғабыс тигізетінбіз.

Бұл біздің жоғарғы кластарға барып, көп-көрім есейіп қалған кезіміз ғой. Әйтпесе, шынтуайтына келсек, сол қарбыздардың дәмін біздер алтыншы-жетінші класта оқып жүрген кезімізден тата бастағанбыз.

ҚАРА ЖОЛДЫ ТОРЫҒАН ҚАРАСИРАҚ ҚАРАҚШЫЛАР

Ол кезде Алматы, Семей, Өскемен жағынан келетін жүк көліктері қазіргідей Зайсанға кірмей, бірден Майқапшағайға шығып кететін айналма жол жоқ. Қалаға келген жүк көліктері көлденең жатқан бірінші көшеден бірден солға бұрылатын да, «Микрорайон» атанып кеткен көпқабатты үйлердің адынан өткен бойы жанамалай отырып қаланың оңтүстігіндегі Майқапшағай трассасына бір-ақ шығатын. Сол маңда ел «Заготзерно» атап кеткен үлкен астық қамбасы болды. Күздің күнгі астық науқанынан түсетін жиын-теріннің бүкіл өнімдері сол жерде өлшеніп, кептіріліп, сортталып-зерттеліп, сосын барып қажет уақытында, тиісті жеріне жөнелтіліп жататын.

Қаладан қарбыз әкетуге келген жүк көліктерінің барлығы әуелі сол заготзерноға келіп көліктерінің бос күйіндегі салмағын өлшетеді. Сонан соң алқапқа барып жоғарыда айтып өткен ию-қиюмен, шулап-шұрқырап жүріп қарбыз тиетеді де, тиелген қарбыздарының салмағын өлшету үшін тағы да заготзерноға қайта айналып соғатын. Біздің үйлеріміз жаңағы жүк көліктері жанамалай өтетін шеткі көшелердің бірінің төменгі басында орналасқан. Қайбір тақтайдай тегіс жол бар дейсің. Қара шаңы шығып жататын қиқы-шойқы жолдар, су ағатын үлкен-үлкен арықтар. Міне, осының бәрі кез келген көліктің жүрісін тежеп, қандай тәжірибелі шопыр болса да амалсыз көлік жылдамдығын баяулатуға мәжбүрлейтін. Ал біз секілді былтырдан бері қарбыз жегісі кеп жалаңдап жүрген қарасирақ қарақшылар үшін бұл дегеніңіз нағыз іздегенге – сұраған, таптырмайтын «Қособа». Қаладан шығатын өзге айналма жол жоқ. Жүк көліктеріне қала ішімен жүруге тыйым салынған. Сондықтан олар қаласа да, қаламаса да, осы жолмен жүруге мәжбүр.

Сонымен, қарбыз тиеген көліктер керуені кеш түсе ыңыранып, заготзерноға қарай ағыла бастайды. Қанша мәшине, қай уақытта өткендігі туралы соңғы мәліметтердің барлығы қарақшылар «штабына» дер кезінде түсіп отырады. Ол кезде керуенге шабуыл жасауға болмайды. Өйткені, күн әлі жарық.

«Камаздар» тиеген жүктерін өлшетуге үздік-создық барғанымен, сол жерде тамақтанып, жүктерін өлшетіп, көліктерінің әне-міне жерлерін тексеріп, сәл де болсын тынығып дегендей, міндетті түрде бір-бірлерін күтеді. Қарбыз тиеуге жаңадан келген біреулер болмаса, олар да ақымақ емес. Қара жолдың бойындағы қарақшылар шабуылына бір емес, бірнеше рет ұшыраған, әбден зәрезап болған тісқаққандар.

Әбден қас қарайып, айнала қара түнек жамылған шақта керуеннің алды да қозғала бастайды. Шабуыл міндетті түрде соңғы көлікке жасалады. Бұл кезде «Қособада» жатқан біздер де, қару-сайманымызды түгендеп, атымыздың айылын тартып, ауыздығын салып дегендей, кәдімгі қарақшылық кәсібімізге әзірлене бастаймыз. Операцияның жүзеге асу тәртібі төмендегідей. Әрбір секунд, минут, қимыл-әрекет қатаң есептеулі болуы шарт. Артық дауыс шығаруға, бір-бірінің атын атап, түсін түстеуге мүлдем болмайды. Ағызып келе жатқан көліктер алғаш кезіккен үлкен арыққа келгенде, міндетті түрде жылдамдығын баяулатады. Міне, жол тосқандар осы сәтті мүлт жібермеулері керек. Өйткені арықтан өтіп алған мәшине келесі арыққа жеткенше барын салып, шыбын-шіркей боп зымырай жөнеледі. Сондықтан, нысанадағы көлік алғашқы арыққа сәл аялдаған сәтте, топ ішіндегі аса епті деген екі адам қарғып көліктің үстіне шығады. Қалған қарақшылар іркес-тіркес, жүгіре-желіп мейілінше көлік соңынан қалмаулары керек. Бұл кезде көліктің үстіне шығып алғандар дереу қолдарындағы пышақ немесе бәкімен қарбызды қымтап жапқан палатканы тіліп-тіліп жіберіп, теңкиіп-теңкиіп жатқан қарбыздарды бірінен соң, бірін жердегі сыбайластарына лақтыра бастайды. Олардың міндеттері – лақтырған қарбызды жерге түсірмей қағып ап, жерге қоя сала, келесісіне ұмтылу. Бірақ, бұл айтқанға ғана оңай. Арықтан өтіп алған мәшине бірден жылдамдығын қосады. Өйткені, жүргізуші қараңғыда ештеңе көрмесе де, осы бір қара жолдың бойын үнемі қарақшылардың торуылдап жүретіндігін сезеді. Ал жылдамдығын арттырған көліктің соңынан қалмай жүгіріп, ол аз десеңіз қараңғыда үстіден тасталған қарбызды жерге түсірмей қағып ап, жармай жерге қоя білу – екінің бірінің қолынан келе беретін оңай-оспақ шаруа емес. Осылайша, аралары жүз метрге жуық төрт арықтан өткенше жарылғаны бар, бүтін қалғаны бар – біраз қарбыз өзінің өскен өңірін «қимай», қалып қояды. Көлік соңғы төртінші арыққа аялдағанда, үстідегі екеу де қолдарына бір-бір қарбыздан ала сап, кузовтан секіріп түсіп, жердегі серіктеріне қосылады. Ал келесі керуен енді үш-төрт күннен соң ғана оралады…

Осыдан соң неше күннен бері тағатсыздана күтіп, тыңғылықты әзірлікпен өткізген операциядан түскен олжамызды түгендейміз. Кәдімгі ата жауын ойсырата жеңіп, түскен олжаны бөліске салған бұрынғының батырлары секілдіміз. Бүтіндерін екіден-үштен бөліп аламыз да, жарылғандарын ішіміз кепкенше жейміз-ай кеп. Сөйтіп жүріп талай мәрте жарақат та алдық. Қазіргі шынтақ, тізедегі тыртықтың іздері – сол күндердің белгісі. Мәшиненің астында қалып қоя жаздаған кездеріміз де болған. Бірде соңғы қарбызды алып, көліктен секіргенімде, етпетімнен түсіп, иегім қарбызға кіріп кеткені де есімде. Абырой болғанда, жағым сынып кетпей аман қапты, әйтеуір…

Қайта-қайта қарақшыларға тоналып, қып-қызыл шығынға бата бергесін қарбыз тасымалдаушы мекеме шағымданған болса керек. Кейін бұл әрекетіміз үлкен шуға ұласып, аудан басшыларының құлағына жеткен бе, ақыры араға аудан сақшылары араласып, қарбыз керуенін қала сыртына дейін өздері шығарып салатын болды.

Қазір ойлап отырсам, осының өзі – кешегі балдай тәтті балалықтың енді қайтып ешқашан да оралмас, алтынға да айырбастап ала алмас бақытты шақтары екен.

P.S. Қытай азаматы Юра бастаған сол қарбыз бригадасы 80-ші жылдардың ортасына таман Зайсан өңіріндегі бағбандық жұмыстарын біржолата доғарған-ды. Кейін естуімізше, сол кезде басшылық қызметте болған Күршім ауданының тумасы Зәйділбек Құнияровтың қолқалап, жағдай жасауымен Күршім өңіріне қоныс ауыстырып, бұрынғы қарбыз өсіру кәсібін сол жақта қайта қолға алған көрінеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button