Қоғам

Әділбек Тұқтыбаев облыс чемпионы атанды

Әділбек Тұқтыбаев облыс чемпионы атанды

Өскеменде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қозғалу мүшесі зақымданған мүгедектер арасында үстел теннисінен облыс чемпионаты өтті. Осы бәсекеде Бесқарағай аудандық ішкі саясаты, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің дін жөніндегі бас инспекторы Әділбек Тұқтыбаев бірінші орынға ие болды.
Біріншілікке облыстың қалалары мен аудандарынан жиыны 19 мүмкіндігі шектеулі спортшы қатысты. Жарыс аса тартысты өтті. Бұған дейін де талай сайыстарда топ жарып, республика деңгейінде олжа салып жүрген Әділбек Тақанұлы осы жолы да бабында екен. Қарсылас шақ келтірмеді. Жеңіс тұғырының ең биігінен көрінген жерлесіміз облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мадақтамасымен марапатталды.
Айта кетуіміз керек, бүгінгі күні аудан әкімі Н.Тоқсейітовтің қамқорлығы арқасында өзге салалармен бірге бұқаралық спорт та қарқынды дамып келеді. Соның бір нақты дәлелі ретінде Әділбек Тақанұлының облыс чемпионы атағына ие болуын айтар едік.
Оған қоса, былтыр Павлодар қаласында өткен IV паралимпиада ойындарында Әділбек Тұқтыбаев қола жүлдеге қол жеткізген еді. Бүгінде спорт жанашыры мемлекеттік қызметпен қатар бос уақытында салауатты өмір салтын ұстанып, дамытуға айрықша үлесін қосуда.
Облыс чемпионатында топ жарған ол қазіргі уақытта Шымкент қаласында өтіп жатқан республикалық жарыста аймақтың намысын қорғауда.

Серік Әбілхан

Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button