Мәдениет

\”Дидарды\” Голливудқа алып кетті

"Дидарды" Голливудқа алып кетті


Голливудтық жұлдыздар қаланы аралап, облыстық орталық мешіт пен Андреев кафедралды шіркеуіне барды.

Халифа Алтай мешітіне келген голливудтық актерлер мешіттің кеңдігіне таң қалысып жатса, Эрик Робертстің көзі бірден төбедегі аспашамға түсті. Меймандарды құшақ жая қарсы алған бас имам Ермек қажы Мұқатай мешіт жөнінде қысқаша айтып өтті де, Робертсті қызықтырған аспашамға жеке тоқталды.

"Дидарды" Голливудқа алып кетті

– Бұл – еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі. Мешіттің жалпы биіктігі 20 метрге жетсе, мұнараларының биіктігі 63 метр. Ғимараттың бірінші қабатында үш қатымхана орналасқан. Ал анау аспашамда 520-дан астам шам бар. Биіктігі төрт метр, – деп қонақтарды төрге шақырды Ермек қажы.
Жан-жақтарына таңғала, таңдана қараған актерлер тізе бүгіп Ислам дініне құрмет көрсетті. Бас имам Ермек қажы дұға жасап, қонақтарға ақ жол тіледі. Қол жайып, беттерін сипаған жұлдыздар «қабыл болсын» дегендей ишарат танытты. Әлем жұлдыздарына облыстық мешіттің атынан сыйлық ретінде кітап табысталды.

"Дидарды" Голливудқа алып кетті

Бұдан кейін қонақтар Андреев шіркеуіне ат басын бұрды. Мұнда да Өскемен және Семей епархиясының епископы Амфилохий алтын түсті күмбезді шіркеудің тарихын айтып берді. Бұл жерде қонақтардың назары соғылған қоңыраудың үніне ауды. Ал кино түсіру тобы бұлардың әр қадамдарын бейнетаспаға жазып алып жүрді.

Фильмнің жалғасы жазда түсіріледі

Шығыс Қазақстан туралы фильмнің қысқы түсірілімі осымен аяқталды. Келесі түсірілім жаз және күз мезгілдеріне жоспарланып отыр. Бұл туралы баспасөз конференциясында деректі фильмнің бас продюсері Арман Асенов айтты.

– Фильмді голливудтық «Castle films» кинокомпаниясы мен қазақстандық «Бәйтерек» продюссерлік орталығымен бірлесіп түсіріп жатырмыз. Баса айта кетерлігі, фильм компанияның қаржысына түсіріледі. Ал актерлер тиісті гонорарларын кино сатылғаннан кейін ғана алады, – дейді Арман Асенов.
Ал жазғы, күзгі түсірілімге Голливудтың басқа да жұлдыздары келуі мүмкін. Продюсерлердің айтуынша, қазіргі уақытта олармен келіссөз жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы құрамдағы актерлердің таңдалуы да кездейсоқ емес. Әр әртістің өз отанында жанкүйерлері бар. Солар арқылы біздің ел әлемге танылуы мүмкін.

"Дидарды" Голливудқа алып кетті
"Дидарды" Голливудқа алып кетті

Конференция барысында журналистер жұлдыздарға өз сұрақтарын қойып, толымды жауап алды. Әйгілі актер Кэри-Хироюки Тагава қазақ пен жапонның қаны бір, батыр халық екенін айтып, рухтандырып қойды. Біз болсақ, өз тарапымыздан әртістердің Шығысқа сапары туралы шыққан газеттің нөмірін сыйға тарттық.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button