Аймақтар аухалы

Диқандар жанармаймен жеткілікті қамтылды ма?

Облыста күзгі жиын-терін әлі аяқталған жоқ. Диқандар астықты орып болып, енді күнбағыс алқаптарына орақ салған. Алдағы мақсат – қар жауғанша ала жаздай тынымсыз тер төгіп өсірген мол өнімді ысырапсыз жинап алу. Біле білген адамға күздің әрбір осындай жауынсыз ашық күні үлкен көмек.

Ал сол даладағы өнімді жинауға шыққан техникалар жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген бе? Бар байлығын егіс даласынан іздеген диқан шаруалар үшін жанармай қаншалықты қолжетімді? Неліктен көктемгі және күзгі егіс жұмыстары кезінде дизельді отынның бағасы шарықтап кетеді? Бұл жолы осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына қажетті дизельді отынмен қамтамасыз етуді еліміздің Ауыл шаруашылығы мен Энергетика министрліктері бірлесіп жүзеге асырады. Алғашқысы әр облысқа қанша тонна керектігінің есебін шығарса, соңғысы әр аймақ бойынша тарату және жеткізу жұмыстарымен айналысады. Мәселен, облыста көктемгі жұмыстар сәуір, мамыр, маусым айларында жүрсе, қажетті жанармай наурыздан бастап тасымалданады. Ал күзге қажетті отынды жеткізу шілдеден басталып кетеді екен. Күзгі жинау науқаны біздің аймақта төрт айға созылып, қазанның соңында аяқталады.

– Өңірде күзгі науқанға арналып арнайы тасымалданған дизельді отынның бағасы нарықтағымен салыстырғанда 7-10 пайызға төмен. Біздің облысқа көршілес жатқан Павлодар облысындағы зауыттан жеткізіледі. Облысқа жеткізумен «Қазмұнайгаз» ҰК» ЖШС шұғылданса, ал облыстың ішінде бірнеше оператор-тасымалдаушылар айналысады. Қалалар мен аудандар тасымалдаушыны өздері белгілейді. Диқандарға қанша қажет болса, сонша тапсырыс береміз. Әзірге ешқандай жетіспеушілік байқалған жоқ. Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін бір литрінің бағасы 187-188,1 теңге аралығында. Бұл – тұрақты бақылауға алынған, бекітілген баға. Күзгі астықты кептіру үшін тағы қосымша бес мың тонна дизельді отынға тапсырыс беріп отырмыз. Жалпы, біздің облыстың күзгі далалық жұмыстарына 25 мың тонна жеткілікті, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Владимир Гайламазян.

Сондай-ақ өңірдегі ірі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер өздері де тасымалдаушылардың қызметін атқарады екен. Оларда мол көлемдегі жанар-жағармайды сақтайтын орын, тасымалдайтын қажетті көліктер де бар. Бұлай ету ондай шаруашылықтар үшін әлдеқайда арзанға түсетін көрінеді. Мысалы, ондай шаруашылықтардың қатарында Ұлан ауданындағы көпсалалы «Багратион ВАВ» ЖШС бар.

Бұл жағы белгілі болды. Енді біз нарықтағы солярканың бағасына талдау жасап көрдік. Өңірдің қалалары мен аудандарының арасында биылғы 7 қазандағы мәлімет бойынша ең қымбат дизельді отын Абай, Күршім, Үржар аудандарында тіркеліп отыр. Бір литрі – 210 теңге. Мұны мамандар жердің қашықтығымен байланыстырады. Ал ең арзан отын Аягөз, Бесқарағай, Көкпекті аудандарында – бір литрі 193 теңге. Себебі Көкпектіге Жанғызтөбеден тасылса, ауданның Самар жағына Өскемен қаласынан жеткізіледі. Ары қарай дизель отынының бір литрі Риддер қаласында, Зайсан мен Жарма аудандарында – 195, Бородулиха мен Тарбағатайда  – 198, Глубокое, Алтай, Ұлан, Шемонайха аудандарында – 199, Катонқарағайда – 201 теңге болып кете береді.

Владимир Гайламазянның айтуынша, ауыл шаруашылығы басқармасы облыстың қалалары мен аудандарындағы жекеменшік жанар-жағармай бекеттеріндегі баға үшін жауап бермейді. Олардағы шарықтап кеткен бағаны төмендету жұмыстарымен жергілікті әкімдіктер және Табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестікті қорғау комитетінің жергілікті департаменті айналысуы керек.

Басқарма басшысынан неліктен дәл осы көктемгі және күзгі егін науқанында қажетті жанар-жағармайдың бағасы аспандап кететіндігін де сұрадық.

– Әрине, жекеменшіктің аты – жекеменшік. Олар табыс тауып қалу үшін аталған уақыттарда сұраныс көбейгендіктен, бағаны көтере қояды. Олардағы қымбат бағаға ұрынған ұсақ шаруашылықтардың иелері сонан соң дизельді отын қымбат деп мәселе көтереді. Сіздің редакцияға да сондай шаруашылықтар иелері хабарласқан болуы керек. Мәселе туындамас үшін жергілікті әкімдіктер, олардың жауапты бөлімдері бұл жайтты үнемі бақылауда ұстап, халыққа тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізгені жөн. Сондықтан ұсақ шаруашылықтар бірігіп, көп мөлшердегі арзан дизельді отынға қол жеткізуге болатын мемлекеттік бағдарламаға қатысулары қажет. Сонда ғана ауылды жердегі қымбат бағаға ұрынбайды, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге берген тиісті сала мамандарының жауабы осындай болды. Сондықтан келесі жылғы егіс жұмыстарына қажетті арзан бағадағы жанар-жағармайға қол жеткізу үшін жер төсін емген диқан қауымына әзірлікті қазірдің өзінен бастап кеткен дұрыс сияқты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button