Спорт

Дәулеттің талабы зор

Шығысқазақстандық спортшы комбат дзю-дзюцудан өткен Әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды.

Жастар мен ересектер арасындағы бұл дода Испанияның Мальграт-де-Мар қаласында өтіп, оған әлемнің 25 елінен 400-ден астам спортшы қатысыпты. Арасында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары да болған-ды. Соның бірі  жерлесіміз Дәулет Аманұлы еді.

Осы ретте біздің спортшылар түгелдей дерлік салмақ дәрежесіндегі сайыстарда өнер көрсеткенін айтқан жөн. Тартысқа толы жарыста қазақстандық файтерлер қоржынға бірнеше жүлде салып, нәтижесінде ел құрамасы жалпыкомандалық екінші орынға ие болды. Отандастарымыз жүлде саны жағынан Украина құрамасына ғана жол берді.

Сондай жүлделердің бірін ҰҚК Шекара қызметі облыстық департаментіне қарасты «Алтай» шекара бөлімі қызметтік иттерінің аға нұсқаушысы, кіші сержант Дәулет Аманұлы жеңіп алды.

Үш күнге созылған бәсеке барысында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз бес жекпе-жекке қатысып, оның біреуінде ғана жеңіліс тапты. Алдымен Испания мен Өзбекстанның, артынша Молдова мен Украинаның спортшыларын қапы қалдырған Дәулет финалда ғана сүрініп, күміс медальға ие болды. Дегенмен бұл күміс шығысқазақстандық файтер үшін алтынға бергісіз болғаны сөзсіз. Себебі, Испания жеріндегі додада жерлесіміз комбат дзю-дзюцудан халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативтерін орындай алды.

Бұл ретте дзю-дзюцу деген спорт түрі туралы қысқаша айта кеткеніміз де орынды болар. Жалпы, жапон тілінен аударғанда, «дзю-дзюцу» сөзі «қарусыз күрес» деген мағына береді екен. Бұл – қарсыласын ешқандай қарудың көмегіне жүгінбей-ақ, тез тізе бүктіруді мақсат ететін жепе-жек түрі. Соңғы жылдары комбат дзю-дзюцудың танымалдылығы жылдам артып келе жатқаны байқалуда. Испания жеріндегі дода соның бір дәлелі болғандай.

Ал енді бүгінгі кейіпкерімізге оралсақ, Дәулет Аманұлының осы бір жекпе-жек түріне ден қойғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты.

– Мен бұл чемпионатқа жарты жылдай дайындалдым. Осы уақыт аралығында бар ойым Әлем чемпионатында ғана болды. Жасырып қайтейін, чемпиондық атаққа қол жеткізуді көздегенмін. Алайда бұл жолы күміс медальді қанағат тұттым. Дегенмен мұның өзі де жақсы нәтиже деп ойлаймын. Қалай болғанда да, еліміздің Шекара қызметінің имиджін арттыруға титтей де болса үлес қоса алдым деп есептеймін. Осы орайда Әлем чемпионатына баруыма жағдай жасап, қолдау көрсеткен ҰҚК Шекара қызметінің басшылығына алғыс айтқым келеді, – деген кіші сержант Дәулет Аманұлы алдағы байрақты бәсекелерге тыңғылықты дайындалып, бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысатынын айтты.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button