Мәдениет

Дәстүрімізді дәріптеп жүр

Берікхан Тайжігіт

 Аягөз қалалық №7 бөбекжай-балабақшасында ашық есік апталығына орай «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының ұжымы балабақша қызметкерлерімен және ата-аналарымен «Өзін тәрбиелей білмеген өзгеге өнеге көрсете алмайды» атты кездесу өткізді.

Мақсаты – бірлестік қызметін ата-аналарға кеңінен насихаттап, ұмыт болған қазақи салт-дәстүрді жаңғырту.

Тағылымды кездесуде алғашқы сөз кезегі балабақша меңгерушісі Зәуре Қожағұловаға берілді. Шақыртуларын қабыл алып, арнайы келген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Аягөз ауданындағы филиалының ұжымына және төрайымы Бахаргүл Саньязоваға алғысын білдіріп, қазақ дәстүрін жаңғырту бағытындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бүгінде аталған ұйым еліміздің 18 аймағында, тіпті ауылдарда қанатын кеңге жайып келеді. Ауданындағы филиал осы жылдың қыркүйегінде ашылып, салтанатты жиыны өткен. Бірлестіктің негізгі жұмысы жер-жерде кездесулер өткізу және әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі.

«Дәстүрге жол» жобасының мақсаты – қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін жаңғыртып, ұлт құндылықтарын ұлықтау. Толығырақ тоқталсақ, аналарды дәстүрімізді сақтауға шақыру, ұрпақ тәрбиесіндегі жоғалтқанымызды тауып, барымызды жаңғыртып, сананы сілкіндіріп, парасаттылықты сіңіру. Сөйтіп ұрпақ тәрбиесіне оң ықпалын тигізетін әжелер, аталар, аналар, абысындар мен жеңгелердің бағыттарын насихаттап, үйрету. Сонымен қатар ұлттық дәстүріміздің түрлерін жаңғырту – қазақи киімді, дастархан мәзіріміздегі ерекше тағам түрлерін, ұлттық ойындарды көрсету.

Осындай ұлт мүддесін ұлықтаған, ел тағдырын өз жұмысының қазығы еткен ізгі мақсат қашанда жүректерге жетіп, өз қолдаушыларын табуда. Бүгінде жер-жерде жұртшылықтың дәстүрімізді жаңғыртып, озығын үйреніп, насихаттауға деген ынтасы ерекше.

Сыртқы бейне – ішкі дүниенің әлемі. Міне, осы жоба арқылы ұлттық киімдердің насихатталуы және оларды тұрақты киіп жүру үнделуі ұлттық ерекшелігімізді көрсетуде. Жобаның негізгі имиджі – ұлттық киім, оның ішінде қазақ әйелінің ұлттық бас киімдерінің бірі – кимешек. Жалпы, әйелдерге арналған ұлттық бас киімдер әйел мәртебесінен хабар беретіні белгілі. Мысалы, жасөспірім қыздың үкілі тақия, тұрмысқа шыққан қыздың сәукеле киетіні секілді кимешек – балалы болған әйелдің киетін бас киімі. Қазақтың бұл бас киімі әйелдің салиқалы болмысын паш етеді. Ақжаулықты ана болудың бақытын, қасиетін ұқтырады. Өн бойын үнемі жинақы етіп, ашық-шашық жүрмеуіне ықпал етеді. Осылайша, әйел-ананың шаңырақтағы, ұрпақ тәрбиесіндегі өз орнын айшықтап тұрады.

Бахаргүл Исмұратқызы осы киім кию үрдісіне де ерекше тоқталып, жұртшылққа түсіндіріп өтті.

Міне, қыркүйек айында ашылған бірлестік филиалының алғашқы кездесуі дәл осы балабақшада өтті. Сонымен бірге ол алдағы уақытта арнайы кеңселері ашылып, кездесулер ұйымдастырылатынына тоқталды.

– Дәстүр – әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасып, тарихи сүзгіден өткен құндылықтар қағидасы. Бүгінгі жаһанданған заманда ұлттық бірегейлікті ғана емес, бірлікті, татулықты сақтаудың бірден-бір жолы – дәстүрді ұлықтап, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл жобаның жетекшісі – белгілі актриса Айнұр Жүгінісова. Бірлестік бір жыл ішінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, насихаттап, ұлт дәстүрін жаңғыртудағы әйел-ана рөлін көтеру бағытында түрлі жұмыстар атқарып жатыр. Яғни, ананың ұрпақты, елді сақтауда маңызы зор, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өмірімізге оралту, жастардың санасына сіңіру мақсатында құрылған қазақ аналарының «Дәстүрге жол» атты бірлестігі ғұмырлы жобалардың біріне айналары анық. Себебі, бұл ұйым бүгінде еліміздің жүздеген әйел-ана, қыз- келіншектерін біріктіруде, – деген Бахаргүл Саньязова барша жиналған қонақтарға ізгі тілегін білдірді.

Әрі қарай бірлестік мүшелерімен ата-аналар ой бөлісіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алды. Кездесуге қатысушыларға балабақша бүлдіршіндері тәрбиешілерімен бірлесіп, концерттік бағдарлама ұсынып, естелікке суретке түсті. Сондай-ақ  жиналғандарға қолөнер шеберлерінің ұлттық киім, ою-өрнектері таныстырылды. Ыстық ықыласқа бөленген жұртшылық шарадан соң шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.

 Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button