Мәдениет

Дертінің дауасын қолөнерден тапты

Дертінің дауасын қолөнерден тапты


Кейде қызық, əу бастағы арман мен мақсат былай тұрсын, сорпасы қосылмайтын басқа қызметте жүріп, беймəлім бір іспен орта жасқа келгенде шұғылданған, шұғылданып қана қоймай, бүткіл ықылас-күшін сол жолда төге салған жандарды жолықтырасың. Жолыққан соң сұрайсың: «Бұл мүмкін бе?», «Мүмкін əрине!» Ал сол істің түп төркіні өнерде жатса ғой, онда тіптен керемет.

Қырықта қонған өнер

Өмірінің жиырма жылын есеп-қисапқа арнап, «бұғалтір» болған Гүлжан Майлыбайқызы қолөнерге былтырдан ғана ден қойыпты. Осы іспен шұғылданып бастағаны да ерекше. Бұрын-соңды қолына ине сирек іліккен есепші ханым емхана төсегінен тұрғанда науқасынан да айығып, ісмер де болып жүре берген. Емхана төсегіне жатуы – миындағы қатерлі ісікке ота жасатқандығынан болса, ісмер болып жүре бергеніне өзі де түсін берді. Əлеуметтік желідегі оюлы-нақышты кілем-текеметтердің суретіне қызығушылық танытқаны есінде… Жуырда сонау туған жері Керекуден келген туысқанының: «Бұл – əжеңнен қонған өнер», – дегенін естіп шын қуаныпты.

– Жастық қуатпен елемей жүрдік қой. Əйтпесе сырқатымның бастауы арыда жатыр екен. Туыстарым Ресейде ота жасатуға мүмкіндік туғызды, дегенмен «өле кетсем – жерімде» деп отаны Өскеменде жасаттым, – деп əңгімесін бастаған Гүлжан Майлыбайқызы, өз сөзімен айтсақ, «басқа» Гүлжанның ойлы-қырлы өмірінен» біраз сыр шертті. Ойлы-қырлы болған соң белгілі ғой, өзіңді тежей алмай екпіндеп құлдилайсың, сосын өр-қайқаңға тырмысып көтерілесің. Екеуі де оңай емес, əсіресе екіншісі.

Ол 24 жасында облыстық əкімдіктің бас есепшісі болып жұмысқа тұрды. Одан бұрын оқуға түсе алмай, Алматыдан қайтып келген. Арнайы курстан өтіп, сол əкімдікке терімші қызметіне орналасқан. Жұмыс істей жүріп есепші мамандығын да алады. Содан əлгіндей қызметке көтерілгенде, қайтадан құлдайды. «Мен биікке қалай оңай шықсам, солай тез түсіп жүре бердім», – дейді ол. Бір өр, бір еңіс кейінгі жолында өз денсаулығы мен кішкене ұлының аурушаңдығы күнұзақ жұмыс істеуге мұрша бермей, үйде отырып қалады. Бұл, ота жасатқаннан бұрын, 2015 жылға дейінгі өмірі болатын.

Бұрынғыдан «басқа» Гүлжан

Қандай талант болса да, «Еңбек – 99 пайыз» дегенді өзгерткен ешкім жоқ. Гүлжан Майлыбайқызы сүтпен келсе де, ғайыптан қонса да қолөнершілігін дамытуға бел буған. Былтыр жазда Алматы шаһарынан арнайы курс оқып келді. Өскемендегі ісмерлермен тəжірибе алмасты. Сөйтіп жүріп құрақ құрады, жастық-жамылғы, шəркейлерді тікті, сəндік бұйымдар, киіз ойыншықтар жасады. Ендігі жерде есеп-қисаппен айналысу – миға салмақ. От басында отырған соң, «Ауқат қайда?», «Нан қайда?», қолынан шыққан бұйымдарын пұлдай бастаған.

– Жұмысымды үйде істеймін. Бір жағынан ол да жақсы болды, отбасыма көңілім көбірек бөлінгелі, шаңырағымыздың берекесі кірді. Отағасы да, балаларым да риза, – дейді ол. – Үлкенді-кішілі той-шілдехана жасаушылардың тапсырысымен жайма жолдар тігемін. Құрақ – көрпемді де сатып алушылардың саны артып келеді. Арманым сол, білгенімді қызыма үйретіп, осы жұмысты жандандыра, кеңіте түсу.

Осы уақыт ішінде ісмердің жеткен жетістігі де жоқ емес, жуырда өткен облыстық қолөнершілер байқауынан үшінші орын алыпты. Сондай-ақ, басқа да əріптестерімен бірге мереке сайын қаланың орталық алаңында көрме ұйымдастырады.

Кейде қызық, тағдырдың өзі сын-сынақты, ой-қырлы сапарға жібереді де, «сенің барар жерің ол емес, мынау еді» деп, мүлде өзгеше, жасыл барқыт, жанға рақат жайлауға тастай салады.

– Қазақы өнерімізді заманға бейімдеп, өрнекке жан бітіргелі бері жағдайым шынымен жақсарды. Өзімді-өзім жаңа тапқандаймын. Қазір мүлде «басқа» Гүлжанмын, – дейді ол.

Ісмердің махаббатымен суарылған дүниелерді көргенімізде-ақ Фариза Оңғарсынова өлеңінің бір шумағы ойымызға оралып еді, сол шумақ қайтарда да еске түсті:

Түрін-ай текеметтің, асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным, өзіме» – деп,
Əжем кеп сипағандай шашымнан жай…

Тасқын Болатұлы
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button