Депутаттар ел аралап жүр
5 маусымдағы референдум саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге жол ашпақ. Сол үшін оған қатысу, азаматтық белсенділік таныту керекті іс. Бұл тұрғыда аудандық мәслихат депутаттары да ауылдарды аралап, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп жүр.
Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Қайырлы Қасенов Көктүбек және Сәтбаев ауылдарына барып, тұрғындармен кездесу өткізді. «Референдумның мәні, негізгі заңға енгізілетін ең басты өзгерістер, саяси науқанның маңызы, Президент реформасының елімізді өркендету бағытында жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашатыны сөз болды. Көктүбектегі кездесуде ауыл тұрғындары референдумға біркісідей қатысып, Президент бастамасын қолдайтындықтарын жеткізді», – дейді мәслихат депутаты. Сонымен бірге, Екпін ауылындағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен жолығып, саяси науқан жөнінде пікір алмасқан.
Ал аудандық мәслихат депутаты Қанат Ильясов Танамырза ауылында болып, тұрғындармен кездесу өткізді. Бүкілхалықтық референдумның маңыздылығын тыңдаған тұрғындар ауылдарындағы өзекті проблемаларды да сөз еткен. Атап айтқанда, Ақсуат пен Танамырза ауылы арасындағы жолдың асфальтталуы, тарихи тұлға Тана мырзаға ескерткіш орнату, ауылдағы ескі трансформаторды жаңалау, елді мекен жерін белгілеу сияқты аманаттар айтылған.
Аудандық мәслихаттың хатшысы, Amanat партиясының мүшесі Асқар Боғырбаев аудандық штаб мүшелерімен бірге «Тарбағатай» колледжінің ұжымымен кездесті. «Колледж директоры Қайрат Нұрбекұлы бұл кездесуге тыңғылықты дайындалыпты. Кездесу өтетін акт залында референдумға байланысты баннер және басқа да үгіт материалдары ілінген. Бір айтарлығы, кездесуге ұжым мүшелерінің барлығының дерлік қатысуы болды. Сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды», – дейді А.Боғырбаев.
Ал мәслихат депутаты Назия Айдар Қарасу ауылдық округінің дәрігерлерімен жүздескен. Ақ халаттылар да саяси өзгерістерге бейжай қарамайтындықтарын, референдумға дауыс беруге бірауыздан қатысамыз деген ойларын білдірген.
«Есіктен-есікке» атты акция негізінде халық арасында референдумды кеңінен насихаттау мақсатында аудандық мәслихат депутаты Бітімхан Өскенбаев Ақжар ауылының тұрғыны Ислямов Төлеухан отбасында болып, үгіт-насихат жүргізіп, референдум жөнінде кеңінен әңгіме өрбітілген. Аудандық мәслихаттың басқа депутаттары да ауыл-ауылдарды аралап, еңбек ұжымдарының барлық саласын қамтуға тырысуда. Әрине, ақпарат көздері арқылы да түсіндіру жүруде, дегенмен халықпен көзбе-көз сөйлескеннің орын бөлек дейді мәслихат депутаттары.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы