Денсаулық пен білім саласының жас мамандары қажет
Өңірде қолға алынған жаңа жоба бойынша Өскеменнің жоғары және орта оқу орындарында білім алып жатқан үржарлық жастар туған ауданының басшыларымен кездесті. Аталған кездесуге Үржар ауданы әкімінің орынбасары Құсайын Сейітханов пен аудандық мәслихат хатшысы Мұхамедқали Бітімбаев қатысып, ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп, жастарды туған ауданды көркейтуге шақырды.
Үржар ауданында бүгінде 80 мыңнан астам, ал аудан орталығында 20 мыңға жуық халық тұрады. Табиғаты өте бай, су ресурстары мол. Бір жағында жарқыраған Алакөл, Сасықкөл, бір жағында Тарбағатай таулары жатыр. Ауданның әкімшілік-аумақтық құрамында 27 ауылдық округ, 55 елді мекен бар.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, келешекте Қарақол және Егінсу су қоймаларын қалпына келтіріп, су электр стансаларын салу жоспарланып отыр. Жалаңашкөл тас көмір кен орнында «Мадина» ЖШС көмір өндіріп, аудан халқын қатты отынмен қамтамасыз етеді. Алакөл жағасында мұнай қорының бар екендігі туралы болжам бар. Қазір онда геологиялық зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Аудан әкімшілігінің есебі бойынша, жыл сайын Алакөлде 200 мыңға жуық адам демалады. Бұл – аудан экономикасының көтерілуіне үлкен үлес қосып отыр. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасымен шекарада орналасқан Бақты және Достық кеден бекеттері де аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып келеді. Соңғы жылдары Үржарда Батырлар аллеясы, Орталық демалыс саябағы, Тәуелсіздік алаңы және субұрқақ салынып, аудан тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалыс орнына айналды. Аудан бойынша 2 спорт моделі, 2 хоккей қорабы, 2 спорт мектебі және мектепішілік спорт залдары жұмыс істейді. Үржарда алты ай қыс болатындықтан, қысқы спорт түрлері де жақсы дамыған. Оксана Яцкая, Диас Кенешов, Алмат Кебісбаев, Шалқар Жоламанов сынды елімізге танымал спортшылар осы ауданның түлектері. Соңғы жылдары Үржар өңірінде 9 жаңа мектеп іске қосылып, 3 балабақша пайдалануға берілді. Жуырда 4 ауылдық-дәрігерлік амбулатория нысандары ашылады. Биыл Таскескен мен Мақаншы ауылдарында екі пәтерлі үш тұрғын үй құрылысы жүргізілді. 2014 жылы жас мамандар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығынан жалға берілетін 27 пәтерлі бір тұрғын үй құрылысының жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бүгінде аудан көлемінде 7 жаңа мектеп және Үржар ауылында 140 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауданға 137 жас маман келіп, әлеуметтік қолдауға ие болды. Оның ішінде білім саласына келген 34 жас маманға көтерме жәрдемақы, 16 жасқа тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер берілсе, денсаулық сақтау саласында 43 жас маманға көтерме жәрдемақы, 33 жасқа тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер берілді. Сондай-ақ, 3 спорт, 3 мәдениет саласына келген жас маман аталған әлеуметтік шаралармен қамтылды. Жоба шеңберінде ауылды мекендерде жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына 70 АЕК көлемінде (121 170 теңгеден) көтерме жәрдемақы төлеп, тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК көлемінде (2 млн. 596 500 теңгеден) 15 жыл мерзімге сыйақы үстемесінің жылдық пайызы 0,01 пайызды құрайтын несиелік қаржы берілді. Биыл аудан кәсіпкерлері «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірінші траншпен 240 млн. теңге несие алды, екінші траншпен 167 млн. теңге алмақ. Бұл – егін және мал шаруашылығымен, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауданның шағын және орта кәсіпкерлеріне Қытайға үш күндік виза алуға мүмкіндік берілген.
– Қабілетті де алғыр, заманауи технологияларды меңгерген, кәсіби біліммен қаруланған ауданымыздың түлектерін ауылды елді мекендерде өмір сүріп жатқан тұрғындардың денсаулығын қорғау, туған еліміздің келешегі үшін елін сүйетін дарынды да білімді ұрпақ тәрбиелеу мақсатында табиғаты әсем, экономикасы жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқан Үржар өңіріне қызмет етуге шақырамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Қ.Сейітханов.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ Ақпараттық технологиялар және энергетика факультетінің деканы Ғабит Мұхамедиев техникалық сала бойынша жас мамандарға ауданда қаншалықты сұраныс барлығы туралы нақты мәліметтер беруді сұрады. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Сейітханов ауыл шаруашылығымен кеңінен айналысатын аудан болғандықтан, алдыңғы кезекте медицина, білім салаларының жас мамандарына сұраныс жоғары екендігін атап өтіп, аудан түлектерінің қандай мамандықта оқитындығы туралы сараптама жасалатынын, Индустрияландыру картасына енетін ірі жобалар шеңберінде жоғары білімді техникалық маман иелеріне сұраныс туындаса, ауданға шақыратындықтарын жеткізді.
Кездесу соңында үздік оқитын студенттер Үржар ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Думан Анаш