Демонстрациялық емтиханның тиімділігі неде?
Өскемен жоғары политехникалық колледжі базасында өткен демонстрациялық емтихан өңір студенттерінің кәсіби біліктілігін көрсетуге мүмкіндік береді.
Сынақ барысында білім алушылардың өндірістік жағдайда қалай жұмыс атқаратындығын көруге болады. Кәсіптік және техникалық оқу орындарын бітіретін түлектердің білім-білігін бағамдайтын жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды олардың тәжірибелік іс-әрекеттеріне қарап таңдай алады, деп хабарлайды Didar ақпарат.
ШҚО кәсіптік білім беру орталығы басшысының орынбасары Зәмзәгүл Өтепованың айтуынша, демонстрациялық емтихан – ұйымдардың оқу-өндірістік шеберханаларында, зертханаларында және оқу орталықтарында немесе кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында өткізіліп, білім алушыға игерілген кәсіби құзыреттіліктерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік беретін аралық немесе қорытынды аттестаттау.
Бұл емтихан екі бөліктен тұрады. Теориялық білімге арналған алғашқы сынақта тест тапсырады. Ал демонстрациялық емтихан тәжірибе жүзінде өтеді. Практикалық емтиханның тапсырмалары «WorldSkills» байқауының талаптары негізінде жасалған.
Практикалық тапсырмалардың белгіленген уақытта орындалуын және орындау сапасын колледждердің әлеуметтік серіктес-кәсіпорындарының бас мамандарынан құралған арнайы комиссия өкілдері тексеріп бағалады.
–Мен демонстрациялық емтиханды электр жабдықтары мамандығы бойынша тапсырып жатырмын. Осы оқыған жылдар аралығында көп тәжірибе жинақтадым. Оқу орнын әлі бітірмесем де модульдік оқу, яғни тәжірибеден өтіп, аралық емтихан тапсыру арқылы электр монтаждаушы мамандығы бойынша біліктілік куәлігін алдым. Демо-емтихан тапсыру бізге заманауи техникаларды игеріп, кәсіпорынның талаптарына сай болуға және колледж бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді, –дейді Өскемен жоғары политехникалық коледжінің үшінші курст студенті Жеңіс Дәуіт.
Кәсіптік білім беру орталығының директоры Ләззат Кездікбаеваның сөзінше, былтыр демонстрациялық емтихандар облыстағы техникалық және технологиялық бейіндер бойынша мамандар даярлайтын сегіз мемлекеттік колледжде өткізілген. Ал биыл демо-емтихандар қосымша бес мемлекеттік колледжде аспаз, құрғақ дәнекерлеу, электр газбен дәнекерлеуші, электромонтер біліктіліктері бойынша өткізілуде.
Демонстрациялық емтихан өткізудің нәтижесінде түлектердің бәсекеге қабілеттілігі артады. Сондықтан 2025 жылға дейін техникалық және технологиялық бағытта мамандар даярлайтын 15 мемлекеттік колледждің барлығын демонстрациялық емтиханмен қамту жоспарланып отыр. Демонстрациялық емтихан тапсырған түлектер Құзыреттілік паспортын алады. Бұл дипломға қосымша, яғни кәсіби маманның электронды паспорты. Жұмыс берушілер түлектің қанша балл алғанын, қандай кәсіби машығы мен дағдылары үшін алғанын көре алады. Бұл келешекте колледж түлегінің жұмысқа орналасуына оң ықпалын тигізеді.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ