Демалыс орындарындағы тамақтану мекемелері тексеріледі – ШҚО
ШҚО-дағы көпшілік демалатын орындардағы тамақтану мекемелері тексеріледі. Аймақ басшысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне осындай тапсырма берді.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің активінде маңызды әрі өзекті мәселелер талқыға түсті. Жиында жылыту маусымына дайындық, ауызсумен қамту, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру және интернетпен қамту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Облыс әкімі алдағы аптада облыста қатты ыстық болатынын, термометр бағанасы күндізгі уақытта +35 градустан төмен түспейтінін атап өтті. Сонымен қатар демалыс маусымы қызу жүріп жатыр, яғни адамдар жаппай демалысқа шығуда. Облыс әкімі аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне көпшілік демалатын орындарындағы тамақтану мекемелерін тексеруді тапсырды.
– Улану жағдайларын болдырмау үшін азық-түліктің қандай жағдайда сақталатынын және олардың қаншалық жаңа екенін қадағалау керек, – деді Ермек Көшербаев.