Мәдениет

Әдемі сөйлеу де бір өнер

Әдемі сөйлеу де бір өнер


Көкейдегі салмақты ойды көпшілікке көркем тілмен кестелеп жеткізу де – үлкен өнер. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасы аясында «Әдемі сөйле» атты жобаны қолға алып отыр. Осы аптада жоба шеңберінде облыстағы тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары «Шешендік өнер және сөз мәдениеті» атты шеберлік курсынан өтті.

Үш күн қатарынан облыстағы тілдерді оқыту орталықтарының 12 оқытушысына семейлік тренерлер шешендік өнердің қыр-сырын үйретті. Бір қарағанда, бәріміз де сөзге ағып тұрғандай көрінгенімізбен, жұрт алдында сөйлеудің жөні мүлдем бөлек. Кейде көпшіліктің алдына шыққаннан-ақ кейбіріміздің ойымыз жан-жаққа шашырап кететіні жасырын емес. Ендеше шешен сөйлеуге де дағды, білім мен білік керек екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осынау коучингтің негізгі мақсаты да – тыңдаушыларды халық алдында сөйлеу барысында өз ойын, пікірін қазақ тілінде еркін, шешен тілмен жеткізуге үйрету.

Коучингке негізінен өңіріміздің қалалары мен аудандарындағы тіл оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері қатысты. Үш күндік шараның алғашқы күні олар сөйлеу мәдениетінің негіздерімен танысып, қазақ шешендік өнерінің тарихына терең бойласа, екінші күні шешендік өнердегі қажетті дағдыларды меңгеріп, модераторлық және фасилитаторлық шеберліктерін шыңдады. Ал үшінші күні өздері коучинг, тренингтерді жүргізуді үйренді.

– Психологтардың зерттеуіне зер салсақ, адамдардың 95 пайызы көпшілік алдында сөйлеуден қымсынатын көрінеді. Сондықтан да біз осы коучинг барысында тыңдаушыларымыздың көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын меңгеруіне көп күш салдық, дейді халықаралық дәрежедегі тренер Азамат Азатов. Жалпы, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларына не жатады? Бұған тыныс алу, дауыс ырғағы, дикция, темп, тембрмен жұмыс – бәрі кіреді. Сонымен қатар, тыңдаушылар аудитория алдындағы қорқынышты жою тәсілдері, тыңдаушылардың назарын игеру әдістері, кері байланыс туралы да көптеген пайдалы мағұлматтар алды. Бұдан өзге жиналыстарда, форумдарда, келіссөздерде қалай сөз сөйлеу, сөйлейтін сөзді дайындау әдіс-тәсілдерін де үйреніп, іскерлік қарым-қатынас тарихымен, түрлерімен және негіздерімен танысты.

Үш күндік коучингтің соңында тыңдаушылар арнайы сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар Семей қаласындағы талдау және әлеуметтік маркетингтік зерттеулер институты өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтарына шешендік өнері бойынша академиялық оқулықтарды, қазақ шешендік өнеріне қатысы кітаптар мен Абайдың қара сөздері, ақын-жыраулардың шығармаларын, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Оралхан Бөкей секілді ақын-жазушылардың кітаптарын тарту етті.

– Осынау коучингке қатысқаныма өте қуаныштымын. Көптеген пайдалы ақпараттар алдым. Тренерлер де тәжірибелі. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы қолға алған бұл жобаның берері көп, – дейді Риддер қаласындағы тілдерді оқыту орталығының әдіскері Құралай Садықова.

Мейрамтай Иманғали
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысымен әзірленді

Осы айдарда

Back to top button