Қоғам

Декларацияны дер кезінде тапсыру керек

Былтырдан бері елімізде «Жалпыға бірдей декларациялаудың» бірінші кезеңі басталды. Салық есебін кім, қашан және қалай тапсыруы керектігін брифинг барысында мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова айтып берді.

– Бірінші кезеңде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 форма) енгізу туралы заңға сай жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратындар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілгендер, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға теңестірілгендер, сондай-ақ осы азаматтардың жұбайлары декларацияны тапсыруға міндетті, – дейді Әсем Тұрлыбекова.

Декларация қағаз түрінде 15 шілдеден, ал электрондық түрде 15 қыркүйектен кешіктірілмей тұрғылықты жері бойынша табыс етіледі. Алайда бұл мерзімдер сайланбалы, мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарға, сондай-ақ банктің, сақтандыру ұйымының ірі қатысушысы, инвестициялық портфельді басқарушы болуға тілек білдірген адамдарға және олардың жұбайларына қолданылмайды.

– Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырғаннан кейін есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жай-күйі бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 форма) табыс етіледі. Демек, осы жылдан бастап 250.00 формасын ұсынған тұлғалар жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыруға міндетті, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде cabinet.salyk.kz салық төлеуші кабинеті, egov.kz порталы, eSalyq Azamat және eGov mobile мобильдік қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Декларациялау ережесін түсіндіру үшін 1414 бірыңғай республикалық нөмірі платформасында салық және кеден мәселелері бойынша байланыс орталығы іске қосылған.

– Келер жылғы 1 қаңтардан екінші кезең басталады, яғни 250 формасындағы кіріс декларациясын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары ұсынуға міндетті болады. Декларациялауға қатысты толық ақпаратты мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтынан, «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады. Сондай-ақ Instagram, Facebook әлеуметтік желілеріндегі облыстық департаменттің аккаунттары арқылы түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, – деді Әсем Тұрлыбекова.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде 270.00 формасындағы декларацияны тапсырғандар саны 48505-ке жетті, бұл – ұсынуға міндетті азаматтардың 82,5 пайызы.

Осы айдарда

Back to top button