Декандар оқушылармен кездесті

Облыстағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының өкілдері зыряндық мектеп оқушыларына мамандық таңдаудың қыр-сырын баяндап берді. Кәсіптік бағдар беру іс-шарасы аясында тұңғыш рет жоғарғы сынып оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесуге университеттердің проректорлары мен декандары келді.
Отандық оқу орындары шетелдегіден кем емес
Биылғы түлектердің жолы болды. Ауданда кәсіптік бағдар беру жұмыстарының үлгісі толығымен өзгерді. Бүгінде жоғарғы сынып оқушылары өздері тұрып жатқан қаласынан немесе ауылынан шықпай-ақ өңіріміздегі жоғары оқу орындарының талаптары жайында толық біле алады. Оқу жылы аяқталуға әлі бірнеше ай болса да жоғары оқу орындарының өкілдері қажетті ақпараттарды беріп, сұрақтарына жауап беру мақсатында болашақ талапкерлерімен кездесуге асығуда.
– Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына орай, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспары жасалды, – дейді Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова. – Түлектердің болашақ мамандығын дұрыс таңдауы – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Елбасымыз өзінің кезекті Жолдауында ерекше тоқталып өткен «ақылды» экономика бастамасы жаңа формациядағы білікті мамандар қалыптастыруды талап етеді. Түлектердің жоғары оқу орынды және мамандығын саналы түрде таңдағаны абзал. Өйткені, оның алдағы өмірі және еліміздің дамуы осы шешімге байланысты. Сондықтан оларды маңызды ақпараттармен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.
Осы орайда аудандық білім бөлімінің арнайы шақыруымен Зырян, Серебрянка қалалары мен Жаңа Бұқтырма кентіне С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің өкілдері жиналды. Кездесудің маңыздылығын делегация құрамынан-ақ байқауға болады. Биыл мектеп қабырғасынан түлеп ұшатын оқушылармен, олардың ата-аналарымен әңгімелесуге проректорлар, декандар мен аға оқытушылар келді.
– Проректорлар мен декандардың қатысуымен ұйымдастырылған мұндай кездесулер әзірге біздің ауданда ғана өткізілді,-деп атап өтті Зырян ауданындағы білім бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Қанафина. – Биылғы оқу жылында 352 оқушы 11-сыныпты тәмамдайды. Олардың әрқайсысына өңіріміздегі ең үздік жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындары жайында мәліметтерді беруге тырысамыз. Университеттер мен колледждердің өкілдеріне ата-аналар да сұрақтарын қойып, біршама ақпаратқа қанықты. Кейбіреулері тіпті осы кездесуден кейін баласының мамандық таңдауға қатысты жоспарларын да өзгерткендігін мойындайды. Мәселен, болашақта шетелде білім алғысы келетін түлектер арасында отандық оқу орындары қолжетімді ғана емес, сонымен қатар, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік беретіндігін білген соң, шетелде оқу туралы ойларын өзгерткендер де болды.
Грант көптік етпейді
Университет өкілдері аудандағы кездесуге құр қол келмепті. Декандар зыряндық озат студенттердің ата-аналары мен ұстаздарына арнап Алғыс хаттар тапсырды. Болашақ талапкерлер үшін бұл да университеттің өзгеше бір жарнамасындай болды. Әрине, еңбектің бағаланғаны дұрыс. Өңіріміздің жоғары оқу орындарында қабілетті студенттерге барынша қолдау көрсетіп, алға жетелейтін керемет дәстүр бар екендігін атап өткен жөн. Мәселен, көзге түскен үздік студенттерге атаулы стипендиялар мен гранттар, сонымен қатар, тәжірибе алмасу аясында ел ішінде ғана емес, шет елдерге шығуға да мүмкіндіктер беріледі.
Көңілді тапқырлар клубы, батлдар, түрлі сайыстар, жобалар байқауы, туристік сапарлар. Бір сөзбен айтқанда, студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы мол. Ата-аналар оқытушылармен сөйлесе келе, қызықтырған сауалдарының жауабын алды.
– Менің ұлым спортқа жақын, шаңғымен айналысады, – дейді биылғы түлектің анасы Светлана Бахолдина. – Бізді дене шынықтыру мұғалімі мен жаттықтырушы мамандығын бірге алып шығуға мүмкіндік беретін Шығыс Қазақстан мемлекеттің университетінің денешынықтыру факультеті қызықтырып отыр. Студенттердің тұрмыстық жағдайы жасалған, жаттығу залдарымен, спорт алаңдарымен қамтылған екен. Оқу ақысын төлеудің икемді жүйесі жасалыпты. Ең бастысы – қабілетті балаларға грант және стипендия алуға мүмкіндік берілетіндігі қуантады. Озат студенттерді сала министрлігі мен облыс әкімі ғана емес, оқытушы ғалымдар да анықтайды екен. «Білімді мыңды жығады» демекші, үздік студент қашанда өз білімін дәлелдейтіні сөзсіз.
Жоғары оқу орындары онлайн олимпиадалар өткізіп, олардың жеңімпаздары грант ұтып алуы мүмкін екендігін ата-аналардың көпшілігі білмейтін болып шықты. Сондай-ақ, кейбір мамандықтар бойынша қашықтықтан оқу мүмкіндігі де жаңалық болды. Өңіріміздегі жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарын бітірушілер жұмыссыз қалмайтындығы да қуантады.
Аудандағы кәсіптік бағдар беру жұмыстары осы кездесумен шектеліп қалмайды. Келесі іс-шарада түлектер жоғары оқу орындарына экскурсия жасайды.
– Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетімен ынтымақтастық туралы меморандум жасау көзделіп отыр, – деп түсіндірді Бақытгүл Қанафина.
– Ақпан айында оқушыларды университетке апарып, олар студенттер оқып жүрген аудиторияларды, зертханалар мен жатақханаларды көретін болады.
Зыряндықтардың жаз мезгіліне де жоспарлары дайын. Жергілікті ұстаздар жоғары оқу орындарының оқытушыларымен бірлесіп, дарынды балалармен жұмыс жүргізбекші. Мәселен, жазғы демалысты тиімді өткізу бағдарламасы ұйымдастырылмақ. Биыл дарынды оқушыларды Бұқтырма су қоймасына апару жоспарланып отыр.
Оксана Сосновская
Зырян ауданы.