Мәдениет

Әдеби альманах шығаруға атсалысыпты

Әдеби альманах шығаруға атсалысыпты


Бұл өңірде абыз да, шешен де, шебер де туған асылдар көп. өлке. Тарбағатайдың тарихқа толы шежіресін толғайтын қадірлі қарттардың бірі – кешегі Ресейдің бірінші думасына Тарбағатай өңірінен депутат болған Базар болыстың бел ұрпағы Тоқтарбек Байқадамов.

Бұл кісімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Жаза да білетін, сыза да білетін өнері бар. Сексеннің сеңгіріне таяса да жүрісі ширақ, ойы сергек, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ол әлі күнге дейін қолынан қылқаламы түспеген қас шебер екен. Тоқтарбек Байқадамов соғыстан кейінгі жылдары жақсылықты да, жоқшылықты да көрген ұрпақтың қатарына жатады. Ауыл мектебін алтын медальға бітірген Тоқтарбек аға Алматының Абай атындағы мұғалімдер институтының көркем сурет-сызу факультетін бітірген. Алматыда жүріп қыздар педагогикалық институтында оқитын Рысжан есімді қызбен көңіл қосқан. Жоғары білімді жас мамандар Көкпектідегі М.Горький атындағы орыс мектебіне бірі сызу пәнінен, бірі химия пәнінен дәріс беріп өмір жолдарын бастайды. Тоқтарбек аға мен Рысжан апа жас маман ретінде іске белсене кіріседі. Мектепте жүріп аудандағы жастардың қоғамдық жұмыстарынан бір сәт қол үзбеген.

– Сол өңірде жұмыс істеген алғашқы үш жыл бізді шыңдалуға, қоғамның қай саласына болсын бейімдеп үлгерді, –дейді ағамыз. – Сол кезде әкем Абай ауданында ауыл шаруашылығында беделді қызметте болатын. Қасымда болсын деп ата-анамыз бізді қасиетті Абай ауылына жұмысқа шақырды. Ата-анадан асып қайда барасың. 1967 жылы Абай еліне келдік. Ұлылар елі аса ілтипатпен қарсы алды. Апаң екеуіміз Құнанбай қажы негізін қалаған мектепте ұстаздық жолымызды жаңаша бастадық. Өйткені, тарихи мектепте ұстаз болу бір бақыт болатын.

Нағима Құмарова басқаратын мектеп өзгелер үлгі алатын аудандағы, қала берді облыстағы үлгілі мектептердің бірі болды. Өйткені, бұл мектепте әсіресе, әдебиетке аса зор мән беретін. Оның үстіне жазушы Кәмен Оразалин бастаған кілең мықтылардың басы қосылған ұжым болатын. Осында аса талантты жандар оқыды. Соның бірі және бірегейі маған шәкірт болған Жәнібек Кәрменов еді. Мектепте заманында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі қолымен құрған, алғашқы нұсқасын жасаған, көзі тірісінде үнемі қадағалап отыратын мектеп ішінен шығатын «Абай ұрпақтары» деген әдеби альманах болатын. Кәмен Оразалин бас редактор болды. Мен көркемдік редакторы болдым. Көрнекті ақын Төлеужан Смайылов та соның басы-қасында болды. Кәмен екеуіміз күні-түні бас алмай осы альманахты аса жауапкершілікпен шығаратынбыз. Жылына төрт рет шығатын журналға әркімнің әңгіме, мақаласы басыла бермейтін. Талабы күшті болатын. Сол журналдан шығармашылығына бастау алған талай таланттар бүгінде қарымды қаламгерлер болды. Кәмен ағаның Мұхтар Әуезов туралы жазған романының түпнұсқасы осы шағын альманахтан басталады. Қабілетіміздің арқасында Кәмен екеуіміз ұлтымызға, ұрпақтарымызға өмір сабақтарын талдап, таспадай тарқатып бере алдық деймін. Мамандығым суретші болған соң, кенепке майлы бояудан сурет салатынмын. Көп суреттерім сол мектептің мұрағатында қалыпты.

Мен үшін ол да бір тарих. Тұңғышымыз Шыңғыс Абай ауылында дүниеге келді. 1977 жылы туған ауылымыз Ақсуатқа келіп біраз жылдар мектепте болдым. Денсаулығыма байланысты қызметімді ауыстырып, энергетик болдым. Мамандығым келмесе де, осы салаға талабым зор болатын. Не нәрсені жылдам меңгеретінмін,- дейді.

Ағамыз ол мамандықты да абыроймен атқарыпты. Зейнетке осы жерден шыққан. Ағаның алты баласының барлығы шет елден білім алған білікті мамандар. Еліміздің үлкен кәсіпорындарында жауапты қызметте. Абыз ағаның айтары көп. Өйткені, өмір тәжірибесі мол, терең білім иесі бүгінгі қоғамда болып жатқан дүниелерге бейжай қарамайды, туған ауылы үшін барын, жанын салады. Қоғамдық жұмыстан әсте қалған емес. Ағалық ақылын аямаған абзал аға мен Рысжан апа екеуі ауылдың асыл қариялары.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button