Дебат оқушыға даңғыл жол ашады
Мейрамтай Иманғали
Өскеменде Ұлттық пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңі өтті. Турнирге өңір мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысты.
Жалпы, соңғы кездері елімізде дебат клубтарының саны артып келе жатқаны байқалады. Кейбір деректерге қарағанда, бүгінгі таңда республика бойынша 7 мың пікірсайыс клубы бар екен. Ол клубтарға 123 мыңнан астам бала мүше. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі пікірсайысты кеңінен насихаттау мақсатында пікірсайыс турнирлерін өткізудің тұжырымдамасы мен ережесін де әзірлеген. Өскемендегі №47 мектепте өткен турнирдің мақсаты – қатысушылардың шешендік шеберлігін, диалог пен пікірталас жүргізудің мәдениетін, дәлелдеу өнерін қалыптастыру. Аталмыш шара дебаттық қозғалыс мүмкіндіктерін кеңейту арқылы білім алушыларды әлеуметтендіру және өзін-өзі дамыту міндеттерін шешуге бағытталған. Турнирдің облыстық кезеңіне қазақ, орыс, ағылшын лигаларының құрамында мектепішілік, аудандық, қалалық сайыстарда қара үзіп шыққан 70-тен астам жеңімпаз оқушыны қамтитын 36 пікірсайыс клубы қатысты. Шешендік өнері мен ой ұшқырлығы сынға түскен бұл жолғы турнир де өте тартысты өтті.
– Қазіргі таңда облыста 4 869 дебатшыны қамтитын 301 дебаттық клуб бар. Ал бүгінгі ойынға 36 дебаттық клуб қатысып отыр. Алдағы уақытта дебатшылар саны бұдан да арта түседі деп үміттенеміз. Облыста дебат қозғалысын дамыту жолында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған турнир дәстүрге айналды. Турнирдің мектепішілік кезеңіне 1388 оқушы қатысты. Бүгінгі ойын алаңында сіздерге шешендік шеберліктеріңізді, шығармашылық қабілеттеріңізді арттыруға мүмкіндік жасалды, – деді облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Бағлан Тауанова турнирдің ашылу салтанатында.
Бұл жолғы турнирдің тақырыбы – Жаңа Қазақстан. Сүйікті еліміздің тұрақтылығы мен гүлденуі, оның қарқынды дамуына әрбір азаматтың жеке атсалысуы, қоғам игілігі үшін жұмыс істеу ниеті мен қабілеті, туған елдің игілігі үшін жастардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін іске асыру, Қазақстанның дәстүрлерін сақтау және мәдени мұрасын дамыту туралы пікірсайысшылар өз ойларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ортаға салды. Бір атап айтарлығы, бұл жолғы дебат үш тілде өтті. Бұл – өңірдің дебат қозғалысы тарихындағы үлкен жаңалық.
ҚАЕУ студенті, Өскемендегі қалалық дебат ұйымының төрағасы Жігер Сәрсенбаевтың айтуынша, облыс орталығында дебат қозғалысы 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Карантинге байланысты біраз уақыт тоқтап қалғанымен кейінгі уақытта қайтадан қарқын алыпты.
– Біріншіден, дебатқа қатысқан бала көпшіліктің алдында қысылмай, қымтырылмай сөйлеуді үйренеді. Екіншіден, дебатшы жан-жақты болып келеді. Асхат Аймағамбетов, Саясат Нұрбек секілді министрлердің өзі де кезінде дебатқа қатысқан. Сол үшін де оқу-ағарту министрі болып тұрған кезінде Асхат Аймағамбетов елімізде дебат қозғалысын жандандыруға көп көңіл бөлді. Тек былтыр ғана осы қозғалысты дамытуға 70 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген екен. Ал былтыр Өскеменде онға жуық қалалық, екі облыстық, бір республикалық турнир өтті. Қазір Өскемен қалалық дебат ұйымында жүзден астам студент бар, – дейді ол.
Айтуынша, әр аптаның жексенбісінде қалалық турнир өтеді. Десе де сол турнир өте бір қиыншылықпен өтетін көрінеді. Өйткені кейбір оқу орындары дебат өткізушілерге өз алаңын бергісі келмейді. Сосын жеңімпаздарға ақшалай сыйлық беру жағы да кемшін.
– Ақшалай сыйлық студенттер үшін үлкен мотивация ғой. Өкінішке қарай, дебат турнирлеріне ешкім демеуші болғысы келмейді. Сондықтан диплом, кубокпен ғана шектелеміз, – дейді Жігер Сәрсенбаев.
Ал дебат қозғалысы бойынша облыстық лиганың президенті Назым Шайзанова соңғы екі-үш жылда өңірімізде дебат қозғалысы қарқынды дамығанын айтады. Қазіргі күннің өзінде дебат қозғалысына жаңадан мектептер қосылып жатыр.
– Әр мектепте дебат клубы болғаны жақсы. Әсіресе дебатқа бұрыннан олимпиадаға қатысып жүрген балаларды емес, керісінше өз уақытын қалай өткізерін білмей, бос кетіріп жүрген балаларды тартуға кеңес берер едім. Өйткені ол оқушылар не спортта, не басқада емес, бір бұрышта қалып қояды. Ал дебат дегеніңіз – баланың дамуына ықпал ететін керемет құрал. Мұнда шешендік өнер, ұшқыр ой, креатив, коммуникация, тіл мәдениеті бар. Сосын бала командамен жұмыс істеуді, қарсыласының пікірін және өзін сыйлауды үйренеді. Жалпы, дебаттың басты принциптерінің бірі – сыйластық. Екіншісі – білім. Дебатқа оқушы үйде тыңғылықты дайындалады. Мысалы, сайлау туралы тақырыпта сөйлеу үшін Конституцияны және басқа да материалдарды оқиды әрі оны ешқашан ұмытпайды. Эмоциямен ойнағандықтан, ақпарат жадыда сақталып қалады. Бірақ мектепте дебат клубтарын дамыту үшін тағы да қаражат керек. Дебат қозғалысына жетекшілік ететін мұғалімдерге жай мектептерде ақша төлемейді және бұл міндетті тарих немесе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне жүктеп қойған. Ал олардың дебаттан хабары болмаса, клуб жұмысын қалай жүргізеді? Десе де дебат клубын жүргізу мұғалімнің өзіне байланысты. Өзім де, баланы да дамытамын деп тұрса, онда жолын табады, – дейді Назым Шайзанова.
Ұлттық пікірсайыс турнирінің облыстық кезіңіне қатысқан пікірсайысшылардың өнерін жоғары оқу орындарында бұрын дебат қозғалысына қатысқан студенттерден құралған төрешілер алқасы бағалады. Турнир жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, кубоктармен марапатталып, қалған қатысушылар сертификаттарға ие болды. Жеңімпаздар енді республикалық чемионатқа қатысатын болады.