Дайын өнімді экспорттау міндеті тұр
Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы Көкпекті ауданы мен Семей қаласы жоспарлы межелерге жетпеген. Бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Нұрбаев мәлім етті.
Агроөндірістік кешеннің 2019 жылғы нәтижелері 22 көрсеткіш бойынша сараланған болатын. Жалпы, салада еңбек ететін бір жұмысшының өнімділігі былтыр 3 миллион 257 мың теңгені құраған, бұл бағдарламалық көрсеткіштен (3 миллион 45 мың) 106 пайызға артық.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 590 миллиард теңгеден асып, 110 пайызға орындалған. Салаға 30 миллиард теңгенің инвестициясы құйылыпты.
Барлық көрсеткіштер өңірлердегі әкімдіктердің жоспарлы әрі жүйелі жұмыс атқарғанын аңғартады. Десек те, жекелеген аудандарда аталмыш бағыттағы жұмыстарды ширата түскен жөн. Рейтинг нәтижелері бойынша екі өңірдің көрсеткіштері төмен болып отыр.
–Көкпекті ауданы мүмкін болар 132 балдың тек 61-ін ғана жинап отыр, яғни 46 пайызын. Атап айтсақ, ауданда 16 мың гектар суармалыжер бар, алайда оның тек 5,4 мыңы ғана (33 пайызы) қолданыста. Суарылатын жерлердің пайдаланылуы аудан экономикасын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытудың негізгі резерві болып саналады, – деді жиында сала басшысы.
Белгіліболғандай, ауданда егістіктер мен жайылымдарды сандық форматқа көшіру ісі де бәсең жүруде.Бұдан бөлек, ауданда мал саны аз, асылдандыру, бордақылау жұмыстары қарқын алмаған. Осы кемшіліктердің кесірінен салада еңбек етушілердің жұмыс өнімділігі 2 миллион 329 мың теңгеге ғана жеткен, жоспар – 2 миллион 522 мың орындалған жоқ.
Аутсайдер өңірлердің қатарында Семей қаласы да тұр. Аталмыш өңір мүмкін болар 142 ұпайдың тек 72-сін ғана жинапты.
Семейдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеуші кәсіпорындар, жер мен су ресурстары, тұтыну нарығының болуы, дамыған жол-көлік инфрақұрылымы көптеген мүмкіндіктер ашады. Десек те, шаһар оларды толық пайдалана алмай отыр.
Соның салдарынан, салаға құйылған инвестиициялар мөлшері 421 миллион теңгені құраған, бұл жоспарлы межеден 30 пайызға кем.
Былтыр өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 30 миллиард теңгенің субсидиясы бөлінген, бұл 2018 жылға қарағанда 13 миллиард теңгеге артық. Нәтижесінде, жеті тауарлы сүт фермасы салынды.
– Бүгінде облыста 61 сүт қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр, олар өткен жылы тұрғындардан 50 мың тонна сүт жинаған. Осының арқасында өңірдегі сүт өндеуші кәсіпорындардың жүктемесі 50 пайыздан 75 пайызға жетіп отыр, – деді Ержан Нұрбаев.
Сонымен қатар былтыр облыс аумағында 945 мың тонна дәнді дақыл, 598 мың тонна майлы дақыл орылып, 2018 жылмен салыстырғанда тиісінше 16 және 6 пайызға артты.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов алдағы уақытта облыстағы ең маңызды сала ауыл шаруашылығы болатынын атап көрсетті.
– Мемлекет тарапынан агросекторға қолдау көрсетілу жалғасатын болады. Алдымызда мал басын көбейту, дәнді әрі майлы дақылдар көлемін арттыру және дайын өнімді экспорттау міндеті тұр, – деген облыс әкімі саладағы жұмыс нақты нәтижелермен бағаланатынын ескертті.
Ержан Әбіш