Сайлау-2023

Дауыс беру неліктен маңызды?

Жуырда «Қоғамдық пікір» зерттеу институты Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысты ел тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді. Оған 34947 респондент қатысқан. «Дауыс беруге барасыз ба?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 77 пайыздан астамы «Барамын» десе, 9 пайызы жауап беруге қиналған. «Жоқ деуге болады» және «Жоқ» дегендер бір пайызды құрапты. Осы ретте облыс тұрғындарының пікірін білген едік.

Жанар Сәдуақасова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ оқытушысы, саясаттанушы:

– Алда келе жатқан сайлау – сөзсіз маңызды саяси науқан. Оған себеп – Жаңа Қазақстан құру үшін партиялардың белсенділігі, партия құрудағы адам санының төмендеуі, Парламент құрамының өзгерісі, сайлау түрлерінің саналуандығы, мәслихаттарға жүктелетін жауапкершілік жүгінің артуы.

Жаңа Қазақстанды құру бәріміздің белсенділігіміз арқылы жүретінін ұмытпауымыз керек.

Халық деген – біз! Сайлаудың әділ өтуі үшін бәріміз жауаптымыз! Демократиялық қоғамда халық – биліктің көзі, дегенмен халық тек сайлаулар мен референдум арқылы билікке тікелей араласады. Сондықтан өз еркіңізді білдіруде, саналы түрде кандидатты таңдауда, партияға сенім білдіруде өз дауысыңызға өзіңіз иелік етуіңіз керек!

Халықтың атынан өкілдік ететін пропорционалды сайлау арқылы келетін партия және мажоритарлық сайлау түрімен сайланатын депутаттар халқымыздың жай-күйі, болашағы үшін шешімдер шығарып, бес жыл отырады, сондықтан өздеріңіз сенетін адамдардың өтуіне ықпал жасаңыздар! Шын өзгерістерді қаласаңыз, жауапкершілік танытып, өз ауданыңыздағы кандидаттар туралы мәліметтерді шолып шығыңыз дегім келеді. Парламентке лайықты партиялардың келуіне сайлау арқылы ықпал жасау қажет деп есептеймін. 

Аяужан Әшімова, Шығыс Қазақстан облысы Азматтық альянсының тең төрағасы:

– Байқағанымыздай, жылдан-жылға халықтың құқықтық сауаты артып келеді. Біздің азаматтар өз құқықтары мен міндеттерін біліп, оларды пайдалануда. Жергілікті деңгейде шешім қабылдау үдерісіне қатысатын, қоғамдық кеңестердің құрамында жұмыс істеуге ниет білдіретін адамдардың саны көбеюде.

Қазақстан азаматы ретінде біздің сайлау және сайлану құқығымыз бар және біз оларды белсенді пайдалануымыз керек. Себебі үміткерлерге өзіміздің ертеңгі күніміз, балаларымыздың болашағы үшін дауыс береміз.

 

Мұрат Латиев, Өскемен тұрғыны:

– Шынымды айтсам, бұрын сайлауларға аса мән бермейтінмін. Олардың әділ өтуіне де күдігім басым болатын.

Алайда қазір біз үлкен өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Мәселен, былтыр референдум өтіп, Конституцияның үштен бір бөлігі жаңарды, адам құқықтарына көбірек көңіл бөлініп, артық баптар алынып тасталды. Сонымен қатар Президентті сайладық, енді Мемлекет басшысы жеті жыл ғана отырып, қайта сайлана алмайды. Бұл өзгерісті де өз басым құптаймын. Таяп қалған Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы да – еліміз үшін мәні зор оқиға. Халықтың күнделікті мәселелерін шешетін осы сайланатын депутаттар ғой.

Алдағы уақытта еліміздің қандай бағыт ұстанатыны мен үшін де маңызды. Сондықтан қоғам алдындағы азаматтық міндетімді өтеп, сайлауда дауысымды беремін. Болашағымыздың қандай болатыны тікелей біздің таңдауымызға байланысты.

Берік Сәрсеков, Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенті:

– Ел азаматы ретінде алдағы сайлауға міндетті түрде қатысамын. Бұл – біз үшін, біздің болашағымыз үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан сайлаудың орны мен үшін әрдайым ерекше. Жүріп жатқан үгіт-насихат жұмыстарын байқай келе қай партияға, қандай үміткерге дауыс беретінімді анықтап та қойдым. Ел дамуының жаңа дәуірге қадам басуы – өз қолымызда. Мәжіліс пен мәслихаттар алдында түбегейлі саяси-экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр.

Біздің университетімізде бірқатар сайлауалды кездесулер, үгіт-насихат жұмыстары жүрді. Әр партияның өкілдері келіп, өз бағдарламаларын таныстырды. Осы кездесулер жастарда саяси көзқарастың қалыптасуына да септігін тигізді. Жолдастарым, таныстарым да сайлауға қатыспақ, барлығы өз дауыстарын кімге беретінін шешіп қойған. Жанымда жүрген жақын жандардың еліміздің келешегіне бейқам қарамайтыны қуантады. Себебі сайлау – біз үшін, еліміз үшін өте маңызды науқан.

Сондықтан барша тұрғындарды дауыс беріп, өз таңдауларын дұрыс жасауға шақырамын.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button