Дауыс беру қорытындысы шықты
14 қаңтарда еліміздің барлық облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Парламент Сенатының сайлауы өтті. Кеше Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың қорытындысын жариялады.
Шығыс Қазақстан облысынан Шәкәрім Сабырұлы Бұқтұғұтов ең көп дауысқа ие болды, ол дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 104 дауысын алды. Ержан Жанабайұлы Әшімовке 8 дауыс, Александр Александрович Светашқа 7 дауыс берілді. «Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдердің саны – 2.
Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары сайлады. Сайлау еліміздің барлық өңірлерінде Астана уақыты бойынша сағат 11.00-де басталған таңдаушылардың бірлескен отырыстарында өткізілді. Мәслихат депутаттары лайық деп тандаған кандидатты бюллетеньде белгілеп, сайлау жәшігіне тастады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Сенаттағы 20 орынға 55 үміткер тіркелген. Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3167 мәслихат депутаты енгізілген.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, сайланған 20 сенатордың құрамы 80 пайызға жаңартылды.
– Сайланған 20 депутаттың үшеуі – әйел, 17-сі – ер адам, орташа жасы – 53. Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласынан сайланған төрт Сенат депутаты – Сенаттың қазіргі мүшелері, – деді Петров кеше өткен ОСК отырысында.
Ержан Кеңесұлы