Даңқты жазушымен Көкшетауда кездесіпті

Қазақ әдебиетінің бетке ұстар классиктерінің бірі, халқымыздың әйгілі жазушысы Сәбит Мұқановтың есімі көзі ашық, көкірегі ояу қандастарымыздың баршасына танымал. Сонымен бірге оның өлмес шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, авторды ғана емес, «қазақ» деген халықты дүние жүзіне мәшһүр еткенін де жақсы білеміз. Сәбит атамызбен жолығып, дәмдес болған жандардың барлығының бірдей ол кісінің аңқылдаған ақкөңіл, қарапайым да көпшіл қазақы мінездің адамы екендігін айтып, ризалық білдіріп жататыны да – ақиқат шындық.
Осындай жолы болған жандардың бірі – Күршім ауданының Үшбұлақ ауылында тұратын Жауқанбаев Тұрсынхан ағамыз. Ол кісі Сәбеңмен кездескен шағын әлі күнге есіне сақтап, ерекше ілтипатпен әңгімелейді.
– 1968 жылдың шілде айы болатын, – деп еске алады Тұрсынхан ағамыз сол бір ұмытылмас кезеңді. – Жиырма жастағы тепсе темір үзетін кезіміз. Мен ол уақытта «Күршім» совхозында тракторшы болып еңбек етіп жүргенмін. Жастық жалынмен ерінбей төккен терім ақталып, еңбекақыны да, түрлі мерекелерде беріліп жататын сыйлықтарды да жақсы алып отырдым. Бір күні кәсіподақ комитеті шақырып, Көкшетаудағы Бурабай курортына бірнеше жолдама келгенін, соның бірін маған лайық көріп отырғандарын айтты. «Барамын», – дедім, ойланбастан. Сөйтіп, ол кезде әркімнің аяғы жете бермейтін көркем өңірге аттанып кеттім.
Жас кезіміз ғой, құрбы-құрдастар баршылық, демалып, сайран салып жүргенде, жиырма шақты күн зу етіп өте шықты. Енді қайтуды ойлап, жинақтала бастаған уақытымызда: «Сәбит Мұқанов келіпті, мына көршілес пансионатта жатыр екен», – деген сөз шықты да, жұрт арасына тез тарады. Ол кезде халық кітапты жастанып жатып оқиды, ал Сәбеңнің кітаптары қолдан-қолға тимейтін кез. Дәл сол уақытта мен ол кісінің «Сұлушаш» поэмасын оқып жатқан болатынмын. Шығыс Қазақстаннан барған бір топ жастар дүр көтеріліп, аталған мекенжайға жеттік. Бірден кіріп баруға бата алмай, әдеп сақтап тұрғанымызды сондағы үлкендердің бірі құлаққағыс еткен екен, Сәбең сыртқа өзі шықты. Алдынан жапырлай шығып, сәлем бердік. Атағы жер жарған адам болғанымен, жазушы ағамыз сондай қарапайым жан екен, қолымызды қысып, жөнімізді сұрап жатты. Біздің Алтайдан келгенімізді естіген сәтте жадырап сала берді.
– О, бәрекелді, Шығыстың балалары екенсіңдер ғой! Мен 1962 жылы әдейілеп барып, жазғы демалысымды Шығыста, Күршімде өткізгенмін, сонда көзім жеткен – ол жақтың халқы сондай ашық-жарқын, қонақжай жұрт. Сарытауды білесіңдер ме, соның басына да шыққанмын!

Мен сәл қысылыңқырасам да, бойымды мақтаныш билеп, сол Сарытаудың дәл етегінен келіп тұрғанымды айтып салдым. Мұны естіген Сәбеңнің ықыласы маған мүлде құлады. Арқамнан қағып, әркімдерді сұрай бастады. Ол кезде көп ешкіммен араласпаған жаспыз ғой, мен оларды білмейтінімді жасырған жоқпын.
Сөйтіп, шығысқазақстандық жастар даңқты жазушымен екі күнді бірге өткізген екен. Сәбит ағамыз көп әңгіме шертіпті, Тұрсынхан Оқасұлы бұған дейін ондай шешен адамды көрмегенін айтады. Әйтеуір, ауыздарын ашып, тыңдай бергендері есінде қалыпты. Қайтар уақыт жеткенде, олар үлкен кісіні ортаға алып, суретке түскен екен. Сол суретті Түкең әлі күнге дейін бойтұмардай сақтап келе жатыр.
Күршім ауданы.