Дарындылар дара шыққан байқау

Облыс орталығы Өскеменге тағы да туған өлкенің тарихына қызығушылық танытып жүрген танымы кең, талабы таудай өрендер жиналып, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырған жас тарихшылардың облыстық «Менің кіші Отаным» атты зияткерлік байқауына қатысты.
Облысымызда байқау десе жанып түсетін жалындап тұрған оқушылар жетерлік. Бұл жолғы байқауға да өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі мектептердің 5-10 сыныбында білім алып жүрген 140-тан астам оқушы қатысты. Өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы директорының орынбасары Гауһар Рахымжанованың айтуынша, аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» атты ішкі бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтіп отырған көрінеді. Байқаудың негізгі мақсаты – өлкетануға қызығушылық танытатын оқушыларды анықтап, қолдау көрсету, тарихи өлкетану саласындағы оқушылардың бастамалары мен зерттеушілік идеяларын ынталандыру, жалпы, тарих, туған жерге, ауылға, қалаға, өлкеге деген сүйіспеншілік негізінде жалпықазақстандық сәйкестік пен бірлікті қалыптастыру.
Байқауда оқушылардың бір тобы олимпиадалық тапсырмаларды орындап, өлкетану тарихы, белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы өз білімдерін көрсетіп, сарапқа салса, тағы бір тобы «Менің кіші Отаным» атты тарихи калейдоскоп жобалар байқауына қатысып, өздерінің ғылыми еңбектерін қорғады.
Мысалы, Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Айдос Ғылымбеков «Суретші-ұстаз» деген тақырыпта ғылыми жоба қорғады. Зерттеудің өзегі – есімі Семей өңіріне ғана емес, республикаға кеңінен танымал суретші ұстаз Нұрбұлан Өтепбаевтың шығармашылығы.
– Нұрбұлан Өтепбаев – өлке тарихын қылқаламның ұшымен жазып, халыққа жеткізіп жүрген өте танымал суретші. Ол Павлодардағы тастағы жазулардың сырын да зерттеген. Бүгінде газет-журналдарда жарияланып жүрген Семейден шыққан Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлы тұлғалардың түпнұсқа суреттерін осы кісі салған, – дейді Айдос бізбен әңгімесінде. Айдостың суретші шығармашылығына қызығушылығының сыры неде? Сөйтсек, Айдостың өзі де сурет салумен айналысатын көрінеді. Болашақта Нұрбұлан Өтепбаевтай суретші болуды да армандайды екен. Айдостың болашақта суретші-ұстаздың бейнелеу өнері жайында жазылған 9 ғылыми-әдістемелік еңбегін білім саласына енгізсе деген ұсынысы да бар.
Сондай-ақ, Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушылары Ғалымжан Мақбозұлы мен Айдана Әскербекованың таңдаған «Шығыстың киелі мекендері» тақырыбы да өте маңызды. Әрине, Шығыс – тарихи ескерткіштерге өте бай аймақ. Десе де солардың ішінен Ғалымжан мен Айдана Абай ауданы аумағындағы Күшікбай батыр ескерткіші мен Қоңыр әулие үңгірін жеке қарастырып, терең зерттеген. Тіпті тақырыпты ашу мақсатында қос оқушы аталған тарихи орындарға да барып қайтыпты.
-Күшікбай бабамыз Уақтың батыры болған. Арқалықтан асатын кезеңді Күшікбай кезеңі дейді. Жалпы, Күшікбай – бес ауылдың атасы болған кісі. Батыр бабамыз туралы халық арасында аңыздар да көп. Болашақта біз Күшікбай қабіріне кесене тұрғызылса дейміз,- дейді Ғалымжан.
Сөйтіп, осынау байқау аясында өткен олимпиада нәтижесі бойынша 1-ші дәрежелі дипломға Үржар ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Ақжан Көксегенова, осы мектептің 9-сынып оқушысы Мұратхан Жайдархан, дарынды балаларға арналған «Восток» арнайы мектеп-кешен-орталығының 8-сынып оқушысы Кирилл Верченко, Курчатов қаласындағы №2 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Назерке Төлеубекова, дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Әйгерім Әлібекова лайық деп табылса, ғылыми жұмыстар мен жобаларды қорғау нәтижесінде 1-ші дәрежелі дипломмен дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушылары Ғалымжан Мақбозұлы мен Айдана Әскербекова, Өскемендегі №29 орта мектептің 9-сынып оқушысы Екатерина Чистова, Семей қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Айдос Ғылымбеков марапатталды. Байқаудың барлық қатысушыларына сертификаттар, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Енді облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық байқауда бақ сынайды.
Мейрамтай Иманғали