Дарынды оқушылардың талантын ұштайды

Переменовка ауылындағы орта мектепте оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Білім ошағында биылдан бастап роботты техника сыныбы, заманауи жабдықталған химия кабинеті жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, жаңадан ашылған бірнеше спорттық секцияның жұмысы жолға қойылған.
Ауданға барған сапарымызда жетістіктері жайлы білдік. Үш қабатты типтік ғимаратта орналасқан аралас мектептің әсіресе іші спорттық құрал-жабдықтарға толы үлкен спорт залы бірден көзге түседі екен. Бұдан бөлек ауласында стадион, хоккей қорапшасы бар. Онда балалар жазда доп тепсе, қыста конькимен сырғанайды. Мұғалімдердің айтуынша, мектептің мұз айдынының қызығын ауылдың үлкендері де көреді. Қазір мұндағы екі жүзге тарта оқушыға 30 мұғалім тәлім-тәрбие беруде. Шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Мектеп оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылған. Оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан 24 оқушы жалпыға міндетті оқу қорынан тегін тамақтанады. Мектеп жанындағы қосалқы шаруашылықтан алынған өнімнің бәрі де мектеп асханасына түседі. Биыл жүгері де егіп, айтарлықтай өнім жинаған екен.
Ағымдағы оқу жылының оқушылар үшін басты жаңалығы – роботты техника сыныбы мен жаңа үлгідегі химия кабинеті. Енді ұстаздар қауымы мектебіміз соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған деп мақтанышпен айтады.
– Мәселен, мұндай химия кабинеті ауылды қойып, қала мектептерінің өзінде кездесе бермейді. Өткен сәуір айында сыныпқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, маусым айында жиһаздарын алдық. Сыныпта электронды тақта орнатылған. Әр партаға кәріз жүйесімен жеке-жеке су тартылған. Сорып шығатын шкаф та бар. Бұл сыныптағы жиһаздардың құны – бір миллион 856 мың теңге. Ал жабдықтар төрт миллион 226 мың теңгеге сатып алынды. Қажетті қаржы «Менің мектебім» акциясының аясында облыстық «Парыз» қорынан бөлінді. Бұдан бөлек, ауылдағы шаруа қожалықтарының жетекшілері де мектеп қорына қомақты қаржы бөліп, айтарлықтай қолдау танытты, – дейді мектеп директорының тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары Евгения Павкина.
Жергілікті «Жақсылықов», «Анна», «Степное» секілді ірі шаруа қожалықтарының басшылары қыста мектеп аумағын қардан тазартып, қар алып қалған жолдарды тазалауға үнемі көмектесіп тұрады екен.
Оның айтуынша, жалпыға ортақ негізгі білім беруден бөлек, білім ошағында балалардың ерекше қабілетін дамытуға айрықша мән берілген. Мысалы, баланың ғылымға бейімділігі аңғарылса, ол танымдық-зияткерлік бағыттағы үйірмелерге қатыса алады. Ал егер өнер жолын таңдаса, оған да жол ашық. Мектепте бастауыш сынып мұғалімі Ұлжан Сайлауқызының жетекшілігі мен үшінші сыныпта «Балдәурен» домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Оған сегіз оқушы тұрақты негізде қатысып жүрсе, оның үшеуі жақында өткен аудандық «Айналайын» байқауында жүлделі орындарға ие болыпты.
– Үш оқушымыз Алматы қаласында өткен балалар шығармашылығының «Өнерлі өркениет» республикалық байқауында жеңімпаз болды, – дейді мектеп директорының орынбасары. – Жетінші сыныпта оқитын Адина Оразғалиева мен сегізінші сыныптағы Абай Мейрамбеков вокалшылар байқауында бірінші орын алса, жетінші сынып оқушысы Арайлым Хамитова «Көркем сөз» байқауында «Мәншүк Мәметова» монологымен жеңімпаз атанды.
Мұғалімдер әңгіме арасында мектепте қазақ сыныптары үшін физика пәні мұғалімі қажет екендігін айтып қалды.

Білім ошағындағы оқушылар үшін аса қызықты тағы бір дүние – ол биыл қыркүйектен бастап ашылған роботты техника сыныбы. Оның жабдықтары мен жиһаздарына алты миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.
– Бұл жерде орта және жоғарғы сыныптардың оқушылары, яғни 5-11 сыныптар оқиды. Мұндай пәннің оқушылардың логикалық, жүйелік, конструкторлық және инженерлік дағдыларын дамытуда көмегі зор. Роботты техника-заманауи білім берудің басымдық алған бағыты. Алда оқушыларды түрлі байқаулар мен жарыстарға қатыстыру үшін дайындап жатырмыз, – дейді бір жылдан бері осындағы информатика пәнінің мұғалімі Гүлдана Өтемісова.
– Робот сыныбы бізге өте қызық, өте ұнайды. Роботтарды өзіміз құрастырамыз, содан соң бағдарлама енгіземіз. Аптасына бір сағат оқимыз. Әлі де сағаттарын көбейтсе дейміз, – дейді 8 «а» сыныбының оқушысы Сайлаухан Байжарылғасин.
Аталған мектептің жетістіктерінің көбі оның ардагерлерінің есімімен де тығыз байланысты. Мәселен, бұл жерде кезінде белгілі спортшы, ауыр атлетика бойынша КСРО спорт шебері Эдуард Биллер еңбек еткен екен. Ал Переменовка орта мектебінің қазіргі мақтаныштары – Алтынай Оразғалиева, Анастасия Ортман және Айхат Тілеубековалар. Спорт шеберлігіне үміткер үш қыз да – дзюдо бойынша ел чемпиондары.
– Мектебімізде дарынды оқушылардың талантын ашуға көп көңіл бөлеміз, оған барлық мүмкіндік те бар. Қатысам деушілерге түрлі спорт үйірмелері ұйымдастырылған. Оның ішінде спорттың жазғы ойын түрлері, теннис, атыс, қазақша күрес, дзюдо, тоғызқұмалақ бар. Спорт зал келісім бойынша кешкісін ауыл жастарының спортпен шұғылдануына қызмет етеді, – дейді дене тәрбиесі және спорт пәнінің бірінші санатты мұғалімі Дархан Бейсембаев.
Сонымен қатар мектептегі денешынықтыру пәні ұстаздарының табанды еңбегінің арқасында оқушылар аударыспақ, теңге алу, бәйге секілді ұлттық ат спорты түрлерімен де шұғылдануға мүмкіндік алған.
Дәурен Аллабергенұлы
Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді