Дарынды дарын таниды
«Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен», – деп ақын Мұзафар Әлімбай айтпақшы, қазіргі білім беру саласында дарынды балалармен жұмыс істеу, олардың бойындағы талантын аша білу – педагогтарға қойылатын басты талап. Біз, шығысқазақстандық педагогтар, «Өрлеу» орталығының тренер, оқытушыларынан алған білімімізді өз тәжірибемізде пайдаланып, саралап, курстан кейінгі облыстық семинарда бөлісу мүмкіндігіне ие болдық.
Жуықта тренерлер Г.Жақсылықова мен Д.Құсайынның ұйымдастыруымен Өcкемендегі №46 орта мектебінде «Дарынды және қабілетті балалармен жұмыс жүйесі – ұлттың әлеуетін дамытудың негізі» тақырыбында облыстық педагогикалық семинар өткізілді.
Шараға қатысушылар алдымен мектеп ішіне саяхат жасап, абайтану залы мен жаңа модификациялық үлгідегі кабинеттерді аралап көрді. Одан кейін театрландырылған қойылымды, мектептегі инженерлік білім берудің нәтижесі – робот шоуды тамашалады.
Мектеп директоры Г.Ауғанбаева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО ПҚ Кәсіби даму институты директорының орынбасары Б.Даутбеков, Өскемен қалалық білім бөлімінің әдіскері Д.Айкенева, Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы директорының орынбасары Г.Елемесова және басқалар «Public talk» атты айдармен ұйымдастырылған талқылауға қатысып, өз ойларын ортаға салды.
«Педагогикалық әңгіме өткізуге төселу үшін тіпті дарынды адамның өзіне де көп еңбек керек», – деген екен классик-педагог К.Ушинский. Тренерлер Г.Жақсылықова мен Д.Құсайынның модераторлық етуімен №46 орта мектебінің мұғалімдері үш түрлі алаңда секциялар бойынша жұмыс жүргізді.
Тиімді оқыту дегеніміз не? Тиімді оқытуда қандай жаңа тәсілдер бар? Олардың ерекшеліктері неде? Сараланған тапсырмалар қалай құрылады? Қабілетті оқушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету жолындағы жұмыс барысы қандай болмақ? Қатысушы мұғалімдер осы сұрақтар төңірегінде модераторлардың ұйымдастырумен өте жемісті жұмыс істеп қана қоймай, өздерінің білім қоржындарын тың, пайдалы ақпаратпен толықтыра түсті.
Бастауыш сынып мұғалімі С.Дарменова «Workshop» жұмыс форматы арқылы мұғалімдердің шеберлігін шыңдау жолындағы қадамдарды іс-тәжірибеде қарастырса, химия пәнінің мұғалімі Н.Ақтанова панельді дискуссияда оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың педагогикалық-әдістемелік ерекшеліктеріне нақты талқылау жүргізді. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Исаханованың ұйымдастырумен өткен шеберлік сағатында мұғалімдер бірлесіп оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырудың педагогикалық-әдістемелік ерекшеліктері мен ғылыми жобаның құрылымын түсіну, нақты білу жолында нәтижелі жұмыс істеді.
Сондай-ақ семинар барысында дарынды оқушыларды анықтау жолында бағыт-бағдар беру мақсатында мектеп психологтары М.Башикова мен А.Сабырбаева оқушылардың деңгейін анықтауда қолданылатын диагностикалық әдістер, талантты баланың бейнесін анықтау, А.Савенков әдістемесі бойынша «Дарындылық картасын» құрудың жолдарын ұтымды бере білді.
Биология пәнінің мұғалімі А.Дабинова мен информатика пәнінің мұғалімі А.Бабырбаева дайындаған жаратылыстану бағытындағы пәндерді «STEM» технологиясы арқылы оқу мен оқыту турасындағы таныстырылым тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды. Қатысушылар тарих пәнінің мұғалімі Д.Мусаиповтың жетекшілігімен ұйымдастырылған оқушылар дебатына қатысып, жүйелі, мағыналы жұмысқа куә болды. Диалог алаңында бас қосқан барлық қатысушы өтілген іс-шараға кері байланыс беріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Әсем Қаженова,
Өскемендегі №32 орта мектеп
директорының орынбасары.
Гүлмира Жақсылықова,
«Өрлеу» БАҰО АҚ облыстық филиалы
КДИ аға оқытушысы