Білім

Дарынды баланы тәрбиелеудің шебері

Дарынды баланы тәрбиелеудің шебері


Облыстағы жас ұрпақты сапалы білім, саналы тәрбиемен қамтып отырған мектептердің бірі – дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аталған мектептің директоры, білім беру ісінің құрметті қызметкері Айгүл Абдулдина еліміздің жоғары наградаларының бірі – «Құрмет» орденін кеудесіне қадады. Ұлағатты ұстазды осынау марапатымен құттықтап барған біз білім мен тәрбие жайында да кеңінен әңгіме өрбіттік.

Бұл мектеп тәуелсіздікпен түйдей құрдас. 1991 жылы ашылған оқу ордасы содан бергі 26 жылдың ішінде білім мен тәрбиенің алтын бесігіне айналып үлгерді. Айгүл Қапиратқызы физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры болып 2003 жылдың 6-шы қарашасында тағайындалыпты. Содан бері де 14 жыл зымырап өте шығыпты. Әңгіме барысында Айгүл Қапиратқызының білім саласының жетік маманы екендігіне, көргені мен білгені, көңілге түйгені мол басшы екендігіне көзіміз жетті.

Айгүл Қапиратқызымен әңгімеміз жаңартылған білім мазмұны төңірегінде өрбіді.

– Жаңартылған білім мазмұны бізге сөзсіз керек. Бұл – заман талабы. Биыл біздің мектептің 7 «а», 7 «б» сыныптары жаңартылған білім мазмұнына көшті. Жетінші сыныпқа сабақ беретін барлық мұғалімдер алдын ала курстан өтті. Менің өзім де директорларға арналған курстан өттім, – деп бастады өзінің әңгімесін Айгүл Қапиратқызы. – Содан бері осы жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты мектебімізде үш коучинг, бір семинар өткіздік. Барлық пән мұғалімдері екі реттен ашық сабақ өткізді. Мұндағы мақсатымыз – алдағы жылдары жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін сынып мұғалімдерін психологиялық тұрғыдан дайындау.

Жетінші сынып оқушыларының ата-аналарын да шақырып алып, жиналыс өткізіп, жаңа білім беру жүйесінің ерекшеліктерін түсіндірдік. Десе де, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу барысында бірқатар қиындықтармен де бетпе-бет келіп жатырмыз. Күнделікті баға қойылмауы оқушылар үшін де оңай болмай тұр. Бұрын бала қай пәннен қандай бағасы барын біліп отырса, қазір ол белгісіз. Бірінші тоқсанның аяғында бізге министрлік тарапынан бақылау келді. Сол бақылауды орындаған кезде, бұрын 5 алып жүрген оқушылар 4, 4-пен оқып жүргендер 3 деген баға алып қалды. Бұл дегеніңіз дарынды балалар үшін соққы болғандай. Тіпті, оқушылардың арасында еңіреп жылағандары да бар. Сөйтіп, мұғалімдер қауымы «неге бұлай?» деп себебін зерттеген кезде, тапсырма кейбір пәндерден біз оқып жатқан оқулықтан алынбағаны белгілі болды. Міне көрдіңіз бе, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 5-6 оқулық болуы мүмкін. Бұл жерде мұғалім мен оқушы ізденісі үлкен рөл атқарады. Сөйтіп, қазір бірінші тоқсанда жіберген қателіктерімізді екінші тоқсанда қайталамауға тырысып, ғаламтордан Назарбаев зияткерлік мектебінің оқулықтарының мазмұнын алып, қызу дайындалып жатырмыз.

Айгүл Қапиратқызы өз әңгімесінде бес күндік оқу жүйесіне де тоқталып өтті.

– Бес күндік оқу жүйесіне көшкеннен кейін, сабағымыз 40 минут болып қалды. Шындығына келгенде, 5 минут дегеніңіз мұғалім үшін үлкен уақыт.
Үзілістеріміз де қысқарып, 30 минуттық үзіліс 15, 20 минуттық үзіліс 10 минут болды. Байқағаным, 5 күндік оқу жүйесі бізге онша келіңкіремейді екен. Бұрын 6 сабақ болған болса, қазір 8 сабақ. Соңғы сабақтарда оқушылар шаршап отырады. Бұл дегеніңіз физикалық тұрғыдан өте ауыр. Келесі жылы қайтадан 6 күндік оқу жүйесіне көшсек пе деймін. Лицей мен гимназияға ондай жеңілдік берілген, ¬- дейді Айгүл Қапиратқызы.
Жүктемелердің көбеюіне байланысты мектеп-лицей-интернаты тәрбиеленушілерінің ас мәзірі де күшейтіліпті.

Үштілділік – уақыт талабы

Айгүл Қапиратқызы үштұғырлы тіл жайында да өз пікірін білдірді. Білімді де білікті ұстаз үштілділікті білім жүйесіне енгізу әлі ертерек деп санайды. Неге? Айгүл Қапиратқызының бұл сауалға да айтар өз уәжі бар.

– Мен еліміздің білім министрі болсам, бұл реформаны ең бірінші мамандарды, оның ішінде физика, химия, биология, информатика сынды жаратылыстану мұғалімдерін университеттерде тыңғылықты даярлаудан бастар едім. Үш тілді еркін меңгерген мамандар бес жылда дайын болғанша, жалпы білім беретін мектептердегі ағылшын тілінің сапасын жақсартуға күш салар едім, – дейді Білім беру ісінің үздігі Айгүл Абдулдина. – Ал қазір мектеп мұғалімдерінің 3, 4, 9 айлап үзіп-жұлып оқығанының пайдасы шамалы. Тілдік курстарда оқыған мұғалімдердің деңгейі әлі төмен. Олар ауызекі сөйлеу дағдысын ғана меңгерген. Әлі ағылшын тілінде сауатты сөйлеу деген мәселе жоқ. Оның үстіне еліміздегі мектептердің материалдық-техникалық базасы да дайын емес. Ағылшын тілінде көрнекіліктер атымен жоқ. Мен білім жүйесіне үштілді оқытуды енгізуді әлі асығыс шешім деп білемін. Ұстаз ретінде де, азамат ретінде де бұл мәселе мені қатты толғандырады. Қазірдің өзінде көптеген жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері басқа жұмыс іздестіруде. Араларында педикюр, маникюр жасауды үйреніп жатқандар да бар. Мұғалім жетіспей отырғанда, біз білікті мұғалімдерден айырылып қалмаймыз ба? Зейнет жасына жақындап қалған мұғалім ағылшын тілін меңгеріп кете ала ма? Ал оқушылардың жағдайы не болмақ? Сіз кезінде КСРО-ның Америка секілді алып мемлекеттің алдына түсіп, ғарышты бірінші болып бағындырғанының сырын білесіз бе? Оның сыры – мектепте жаратылыстану пәндерінің дұрыс жолға қойылғандығында. Мәселе баланың қай тілде білім алғандығында емес, мәселе – химияның немесе физиканың заңдылығын терең түсінуінде. Ал заңдылықты не қазақша, не ағылшынша түсінбеген оқушыдан не күтуге болады? Таяуда ғана физика, математика пәндерінен өткен облыстық олимпиадаға қатысқан 12 оқушымыздың оны жүлделі орынға ие болды. Ертең осындай жетістіктерімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамын, алаңдаймын. Алдағы жылдары біздің мұғалімдер жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуы тиіс. Сондықтан да бұл мәселе мені қатты алаңдатады.

Дарынды баланы тәрбиелеудің шебері

Айгүл Қапиратқызы осылай деп жанайқайын білдірген соң, әңгімесін былайша жалғады:

– Жалпы, біздің мектеп үштілділікті баяғыда-ақ қолға алған. Үш тілді біз баланы қинамай-ақ ойын түрінде үйретеміз. Тіпті тілді қалай үйренгенін баланың өзі сезбей қалады. Орысша, қазақша, ағылшынша оқыған кітаптарының негізінде сценарийлер жазып, үздік сценарийді сахналаймыз. Осы қыркүйекте болған тілдер күніне орай біз «Қыз Жібекті» ағылшын тілінде сахналадық. Десе де, менің байқағаным, ағылшынша қойылған қойылым жан дүниемізге ана тіліндегідей соншалықты бір әсер етпеді. Біздің қоғам, біздің ішкі әлеміміз бұған әлі дайын емес, – дейді ұлағатты ұстаз.

«Талғам» бағдарламасы оқушы танымын кеңейтеді

Айгүл Қапиратқызы – «Талғам» бағдарламасының авторы. Ұстаздың бұл авторлық бағдарламасы кезінде республикалық байқауда бірінші орынды алған болатын. Міне, 2006 жылдан бастап «Талғам» бағдарламасы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында жүзеге асырылуда. Айгүл Қапиратқызының «Талғам» бағдарламасын жазуына не себеп? Әңгіме барысында кейіпкерімізден мұның да жай-жапсарын сұрадық.

– 1986 жылы іссапармен Ленинград қаласына бардым. Сол сапарымда өзімнің группамнан бөлініп кетіп, Мейірбан қыздардың институтына (Институт благородных девиц) бардым. Жалпы, мені жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу мәселесі студент кезімнен қызықтыратын. Кезінде бұл институт өте жоғары дәрежеде гувернанткаларды дайындаған. Баяғыда сарғайып кеткен оқу жоспарларын көрдім. Негізгі сабақтан бөлек, музыка, сурет салу, би билеу, логика, манера дейсіз бе, қыздардың бос уақытында айналысатын істері өте көп. Сол жолы үйге көп дүние алып келдім. Әлемге әйгілі суретшілердің картиналары жайында жазылған кітаптар мен атақты композиторлардың пластинкалары дейсіз бе, бәрі бар. Осылайша, соның бәрін өзімнің үш балама үйретіп, тәрбиелей бастадым. Кейін бұл бағдарламаны мектеп-лицейге енгізу туралы ой келді. Оқушылар түске дейін сабақ оқыса, түстен кейінгі уақыттары бос қой. Ендеше, сол уақытты мазмұнмен толтыру керек. Сөйтіп, бағдарламаның бес бағыты бойынша жұмыс істей бастадық. Дүйсенбі күні оқушылар «100 ұлы суретшінің», сейсенбі күні «100 ұлы композитордың» туындыларымен танысады, ал сәрсенбі күні этикетті үйренеміз. Этикеттің де түрі көп қой.
Амандасу этикеті, жүріс-тұрыс, тамақтану, телефонмен сөйлесу этикеттерін оқушы мектеп қабырғасынан білуі тиіс. Ал бейсенбі күні «100 ұлы шығармамен» таныссақ, жұма күні би билейміз.

– Әсемдікті, сұлулықты сезінетін бала ешқашан қылмысқа бармайды. Қылмыскердің ортасына түссе де, қылмыс жасамайды. Өйткені жамандық жасауға оның ішкі жан дүниесі жібермейді, – дейді Айгүл Қапиратқызы.

Ұлағатты ұстаздың айтқандарымен біз де үнсіз келістік.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button