Білім

  «Дара» қорына дән риза

Коронавирус індетінің салдарынан еліміздегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі жаңа оқу жылында қашықтан оқуды жалғастыруда. Бұл білім беру жүйесінің қалыптасқан дәстүрлі тәсілі мен мазмұнын біршама өзгертті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да сала министрлігіне қашықтан оқыту ісін сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

–Биылғы жылдың наурыз айынан бастап бәріміз пандемиядан туындаған жаңа жағдайда өмір сүруге және жұмыс істеуге бейімделіп келеміз. Біздің алдымызда тек оқу үрдісін жаңа форматта жалғастыру ғана емес, сонымен қатар балалар мен педагогтардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету міндеті тұрды. Бұл орайда, әсіресе, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше назар аударылды,-дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев.

Қажымұқан Әлімханұлының айтуынша, қазір облыстағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жеті білім беру мекемесінде 606 бала тұрады. Әр мекемеде тиісті қызметтердің ұсыныстарына сәйкес алдын алу шаралары күшейтілген.

Балаларға туыстарының, асырап алуға үміткерлердің, еріктілер мен әлеуметтік серіктестердің келуіне шектеу қойылды. Барлық ұйымдар байланыссыз термометрлермен қамтамасыз етілген. Антисептикалық және залалсыздандыратын құралдар толық көлемде сатып алынып, төрт мекемеде дезинфекциялық тоннельдер орнатылған.

Мекеме қызметкерлері екі апталық жұмыс тәртібіне ауыстырылды. Олар да әлемде болып жатқан жағдайды дұрыс түсініп, осындай кестемен жұмыс істеуге келіскен.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша интернаттық мекемелердің тәрбиеленушілері мен қызметкерлері жедел тестілеуден өтті.

Қуантарлығы, осы күрделі кезеңде қолдау көрсеткен демеушілер саны аз емес. Олардың арасында шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындары мен қайырымдылық қорлары да бар.

Мәселен, «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 27 ноутбук, залалсыздандыратын тоннельдер, маскалар, антисептиктер, санитарлық кілемшелер, электронды термометрлер, дозаторлар сатып алып беріп, сонымен қатар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға және интернет қызметіне ақы төлеуге көмек көрсеткен.

Жуықта ғана «ТМК» акционерлік қоғамы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жиырма жаңа компьютер мен он ноутбук сыйлады. «Дегдар» гуманитарлық қоры №8 балалар үйіне дәрі-дәрмектер алып берді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дара» қайырымдылық қорының тұрақты қамқорлығын ерекше атап өткен жөн. Қайырымдылық қоры Өскемендегі №8 балалар үйінің базасында «Тәлімгерлер» жобасын іске асырып, соның аясында балаларға теледидар, принтерлер, модемдер, құлаққаптар және жиырма смартфонды сыйға тартты.

«Дара» қайырымдылық қорының өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың неғұрлым сапалы білім алуы үшін көмек беріп келгеніне бес жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында қормен бірлесіп, Өскемен және Семей қалаларында екі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылды. Бұдан бөлек, Өскемен мен Семей қалаларындағы №8 және №20 орта мектептерінің базасында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін облыста алғашқы ресурстық орталықтар ашылды. Мирный кентінде орналасқан №8 мектептің басшысы Раиса Ескендірованың айтуынша, қазір осы мектеп базасындағы ресурстық орталықта ерекше білім беруді қажет ететін 52 бала оқиды. «Дара» қорының қолдауымен мұғалімдер арнайы курстан өтіп, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында білім-біліктерін жетілдіріп отырады. Биыл жазда «Дара-білім» акциясы өтіп, оған қоғам қайраткерлері, әйгілі блогерлер, актерлар мен спортсмендер қатысып, балаларға компьютерлік техника алу мақсатында қаражат жинаған. Соның нәтижесінде №8 мектептің алты оқушысына екі ноутбук пен төрт планшет берілді.

Сонымен қатар қордың қолдауымен Өскемендегі №19 орта мектепте облыстағы жалғыз, зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы түзету сыныбы ашылды. Мұнда қазір тоғыз бала оқиды.

Пандемия кезінде де «Дара» қайырымдылық қоры өз қамқорлығындағы балаларды назардан тыс қалдырмады. Ресурстық орталықтар мен арнайы сыныпқа баратын балалар үшін үш ноутбук пен 14 планшет сатып берді.

– Биыл «Дара» қайырымдылық қоры мектебіміздегі зағип және көзі нашар көретін балаларға спорттық киімдер мен доп, арнайы көзілдірік сияқты спорттық жабдықтар сыйлады. Енді көру қабілеті бұзылған балалар спорттың жаңа түрін игере алады. Қашықтан оқуға жағдайы болмаған бір балаға ноутбук пен роутер жіберді. Компьютерге онлайн білім алуға қажетті барлық бағдарламалары мен платформалары орнатылған. «Дара» қорына ризашылығымыз шексіз. Өйткені зағип балаларға арналған құрал-жабдықтар арзан тұрмайды, өте қымбат, –дейді мектеп директоры Қайрат Фазылұлы.

Аталған қайырымдылық қоры бұған дейін де мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап Брайль машинкасын, Монтессори құралдарын, емдік денешынықтыруға арналған тренажер,  велосипед және арнайы кабинетті жабдықтауға қажетті тағы да басқа оқу құралдарын алуға демеушілік жасаған.

Пандемия кезінде өңіріміздегі демеушілер көрсеткен көмектің жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button